Қытайда вирусты жұқтырғандар саны азайғанмен көз жұмғандар саны кеміген жоқ

0

Қытай коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны күрт азайғанын мәлімдеді. Эпидемияның беті қайтты деп айтуға мүмкіндік туғанмен көз жұмғандар саны азаймай отыр.

Қытайдың денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық комиссиясы 20 ақпанда вирус ошағы саналатын Хубэй провинциясында 628 адамнан вирус табылғанын, Қытайдың өзге аудандарында 45 оқиға тіркелгенін хабарлады. Вирусты жұқтыру қарқынының бәсеңдегеніне үш күн болды. Жалпы елде 74 мыңнан астам адамнан вирус табылған

Қытай билігінің айтуынша, соңғы тәулікте 114 адам көз жұмған. Осылайша елде вирустан қайтыс болғандар саны 2118-ге жетті.

Иран вирус жұққан екі адамның көз жұмғанын хабарлады. Бұл Таяу Шығыс аймағында тіркелген алғашқы өлім.

Жапонияда вирус табылған Diamond Princess кемесіндегі бір әйел мен ер адам қайтыс болды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төтенше жағдайда тәуекелді басқару департаментінің директоры Ричард Бреннонның айтуынша, Қытай вируспен күрес бойынша «қысқа уақыт аралығында зор жетістікке жетті», алайда дағдарыс бітті деп айту әлі ерте.

Қытай билігі бұған дейін 60 млн-нан астам халық тұратын бірнеше ірі қаласын жауып, қалаларға қатынайтын көлік қозғалысын тоқтатқан. Кейбір мемлекеттер Қытайдан келетін азаматтардың келуіне қатаң тыйым салды. Пекин бұл шараларды сынады.

Azattyq