Саясаттанушы АҚШ-Иран қақтығысы жайлы: Трамп абырой-беделін көтеріп алды

0

Самат Нұртазаның пікірінше, АҚШ-Иран қақтығысы Америкадағы президент сайлауы алдында тағы да күшеюі мүмкін

НҰР-СҰЛТАН, 9 қаңтар – Sputnik. Қазақстандық саясаттанушы Самат Нұртаза АҚШ президенті Дональд Трамп Ирандағы жағдайдың арқасында америкалықтар алдында біраз саяси ұпай жинап алды деп санайды. Оның пікірінше, мұның бәрі Трамптың президенттік сайлау алдындағы саяси ойыны.

«Касем Сулейманидің өліміне дейін Трамптың Америка қоғамындағы  абыройы-беделі өте төмен болатын. Оның үстіне импичмент мәселесіне байланысты өз елінде беделі түсіп бара жатқан кез еді. Сулейманидің өлтірілуі, Иранмен қақтығысты бастап, кейін соғыспай кері қайтуы Америка қоғамында бір пікір қалыптастырады. Ол қандай пікір дейсіз ғой: Дональд Трамп бізді қорғайды, Трамп – Американың сақтаушысы, Американың қорғаушысы, Американың жақтаушысы, Трамптан басқа бізді ешкім қорғап қала алмайды» деген сияқты бір месседж жіберген сияқты болып көрінеді. Ирандағы жағдайдың арқасында Трамп өзінің абырой-беделін сәл де болса  көтеріп алды», — деді Нұртаза Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.

Саясаттанушының пікірінше, осы жылдың қарашасына жоспарланған Америкадағы президент сайлауы алдында АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс тағы да күшеюі мүмкін.

«Сол кезде Трамп тағы да жақсы келіссөздер жүргізіп, Американың айбарын, қаһарын көрсетіп, сайлау алдында саяси ұпай жинап алады деп ойлаймын», — деді ол.

Тағы оқыңыз: Иранның АҚШ әскери базасына зымыран ұшырған сәтінің видеосы жарияланды

Нұртаза күні кешегі АҚШ пен Иран арасындағы жанжалдың ушығуын қырық жылдан бері жалғасып келе жатқан қырғи-қабақ соғыстың жалғасы деп атады.

Саясаттанушының айтуынша, санкциядан кез келген ел зардап шегеді. Алайда, 80 миллион халқы бар Иран – өз-өзін асырай алатын мемлекет.

«Екіншіден, қаза болған Касем Сулейманидің «КСИР» (Ислам революциясы сақшылары корпусы) деген армиясы Иранға азық-түлік пен керек-жарақты заңсыз кіргізетін ұйым ретінде танылған. Яғни, олар Иран еліне көмектесу үшін заңды түрде контрабанда жасап жүр. Былай қарасаңыз, «КСИР» Иранның Робин Гудтары ғой. Елге ресми түрде тамақ, дәрі-дәрмек кірмейді, бірақ та барлығын «КСИР» әкеліп отыр», — деп түсіндірді Самат Нұртаза.

Оның айтуынша, АҚШ-тың Иранға қарсы енгізетін экономикалық санкциялары Қазақстан экономикасына ешқандай әсер етпейді. Керісінше, мұнайдың қымбаттағаны біздің елге жақсы.

«Менің ойымша, егер соғыс болса, онда әсері болар еді. Қазақстан үшін Ирандағы соғыс тиімді болар еді. Қазақстанның сыртқы, ішкі саясатын жөндеп алуға, есін жиып, етек-жеңін жиып алуға уақыты болады. Себебі ол қақтығысқа Ресей де, Қытай да кіріп кетер еді де, үлкен державалардың Қазақстанмен шаруасы болмас еді», — деп санайды Нұртаза.

Оның айтуынша, кез келген бір елдегі соғыс соғысып жатпаған басқа мемлекеттер үшін тиімді.

«Себебі сен оларға мұнайыңды, қаруыңды сата аласың. Күріш пен ұныңды сата аласың. Яғни, сенің зауыт-фабрикаларың жұмыс істейді. Соғысып жатқан мемлекет саған тәуелді болады. Сондықтан да соғыс кезінде соғыспаған мемлекет ұтады», — дейді ол.

АҚШ пен Иран қақтығысы

Екінші қаңтарда Бағдад әуежайына бірнеше зымыран соққысы жасалды.

Шабуыл салдарынан Иран Ислам революциясы сақшылары корпусы «Кудс» арнайы бөлімшесінің басшысы, генерал Касем Сулеймани және Ирактың «Аль-Хашд аш-Шааби» шейіт жасағының бірқатар жоғары лауазымды мүшесі қаза тапты.

Тағы оқыңыз: АҚШ пен Иран қақтығысы: Тоқаев Ақордада кеңес өткізіп, тапсырма берді

Шабуыл үшін жауапкершілікті Америка Құрама Штаттары өзіне алды. Иран өз кезегінде генерал Сулеймани өлімі үшін АҚШ-тан кек қайтарамыз деп уәде берді.

Сегізінші қаңтарда Ислам революциясы сақшалыры корпусы Сулеймани өліміне жауап ретінде Ирак аумағында орналасқан Америка Құрама Штаттарының «Айн-аль-Асад» әуе базасы мен Эрбиль әуежайына зымыран соққысын жасады.

Осыдан кейін әлем жұртшылығы Үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кетуі мүмкін деп қауіптенген еді. Алайда қорқыныш сейілді.

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран америкалық әскери базаға зымыран ұшырғаннан кейін мәлімдеме жасады. Трамп АҚШ Иранға қатысты жаңа санкциялар салатынын айтты.



sputniknews.kz