«Шекарасыз тілшілер» Батырбековтің бостандыққа шығуы туралы хабарды жылы қарсы алды

0
26

Халықаралық «Шекарасыз тілшілер» ұйымы (RSF) журналист Амангелді Батырбековтің бостандыққа шыққанын жылы қарсы алды. «Жала жабу» және «Қорлау» бабымен 2 жыл 3 айға сотталған журналистің апелляциялық шағымын қараған Түркістан облыстық соты 9 қаңтарда Батырбековті ақтап шығарған. Бейсенбі күні Twitter желісінде жариялаған хабарламасында ұйым Қазақстан билігін сөз бостандығын сақтауға шақырды.

«Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымының 2019 жылдың қорытындысы бойынша түзген баспасөз бостандығы тізімінде Қазақстан әлемдегі 180 елдің арасында 158-орында тұр. Қазақстан ұзақ жылдан бері бұл рейтингінің соңында келеді.

23 қыркүйекте Сарыағаш аудандық соты Амангелді Батырбековті Қылмыстық кодекстің «Жала жабу» және «Қорлау» бабымен кінәлі деп танып, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырған. Оның үстінен Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиев арызданған.

Дәл осы сот қараша айының басында Батырбековке қатысты осы бап бойынша жаңа қылмыстық істі қарай бастаған. «Заңғар Медет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ләйла Дарханбаева журналистің үстінен «Жала жабу» және «Қорлау» бабы бойынша Сарығаш аудандық сотына шағымданған. Дарханбаева Батырбековпен бірге «әлеуметтік желіде пікір жазғаны үшін» тағы бес адамды сотқа берген. Олардың ішінде Батырбековтің әйелі Гүлзада Баймұратова да бар. Бұл іс бойынша сот үкімі әлі шықпады.

Батырбеков – Қазақстанда кәсіби қызметі үшін биыл түрмеге қамалған жалғыз журналист. Осыған дейін халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстан билігінен қамауда отырған журналист Батырбековты босатуды сұраған. Мәселен, Халықаралық «Шекарасыз тілшілер» ұйымы (RSF)мен «Журналистерді қорғау комитеті» (Committee to Protect Journalists, CPJ) Нұр-Сұлтанды Батырбековты дереу босатып, оған тағылған барлық айыпты алып тастауға шақырды.

Azattyq