Ақбас шыңдарымыз аласарып барады. Жахандық жылыну — Қазақстан және қазақтар туралы — Рефераты на казахском языке — Библиотека

0

Данышпандар сөзінен.

Табиғат адам өмірінің барлық қажетін толық өтей алу үшін ол міндетті түрде ештеңемен былғанып, уланбаған болу керек (Қасым Аманжолов).

1-тапсырма. 

–    Сіздің ойыңыз?

2-тапсырма. Жаңа сөздермен жұмыс. 

Ғаламдық  жылыну,   орта көрсеткіш, өзекті, шаңды боран, шөл мен шөлейтті аймақтар, жауын-шашын, мұздық, бітік, 

3-тапсырма. Ой шақыру.
–    Жаһандық жылыну туралы не білесіз?
–    Ауа райындағы мезгілсіз құбылыстарды байқай алдыңыз ба?
–    Қазір бүкіл  әлем жанұшыра дабыл қағып жатқан жаһандық жылынудың себебі неде деп ойлайсыз?

4-тапсырма. Жаңа сөздермен жұмыс.

Шөлді аймақтар, өзекті, шөл, жердің тозуы, сарқылу, қауіп төндіреді, жойқын апатты сел.

5-тапсырма. Мәтінді оқыңыздар.

Жаһандық  жылынудан  ең алдымен Қазақстан зардап шегеді
  
       Қазақстан  климаты әлемдегі орта көрсеткішпен салыстырғанда екі есе жылдам жылып келеді. «2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан экологиясы» атты мемлекеттік бағдарламада осындай мәлімет келтірілген. «Климаттың жылынуы мәселесі Қазақстан үшін де өте өзекті. Еліміздің аумағындағы орта температура деңгейі 100 жыл ішінде 1,8 С-ге өскені байқалды. Бұл әлемдік көрсеткіштен екі есеге артық», – деп көрсетілген бағдарламада.
      Климат эволюциясының заманауи үлгісі бойынша, Қазақстанда ауа температурасы тағы көтеріле беруі ықтимал. Бұл табиғи аймақтардың ауысуы, жердің тозуы, шөлге айналуы процесін күшейтуі әбден мүмкін.  Шаңды боран жиі тұрып, дәнді-дақылдар өнім бермей қалуы кәдік. Бір тамшы жаңбыр тамбайтын шөлді аймақтардың көлемі бара-бара  ұлғая түспек. Өзен-көлдердің де сарқылуы ғажап емес.
      Климат өзгерісі жан-жануарлар мен өсімдіктер әлеміне де үлкен қауіп төндіреді. Экологтардың айтуынша, қазірдің өзінде олар құрып кетуге айналып, республика аумағының 70 пайызында экожүйе құлдыраған. Қазақстан территориясының үлкен бөлігі шөл мен шөлейтті аймақтардан тұратынын ескерсек, бұл жерлердің экожүйесі, әсіресе,  ауыл және су шаруашылықтары климат өзгерісі тәрізді табиғаттың төтенше құбылысының алдында шарасыз.
      Бағдарламадағы болжамға сенсек, климат өзгерісі нәтижесінде ылғал аймақтарының шекарасы солтүстікке қарай жылжиды екен. Бұл – аймақтағы жауын-шашын азаяды деген сөз. Осының кесірінен жаздық бидай кем дегенде 25 пайызға аз түсім бермек. Температураның көтерілуі жем-шөптің бітік шығуына  қолайсыз болып,  30-дан  90 пайызға дейін қысқаруы ықтимал.
    Іле Алатауының солтүстік беткейінде мұздықтар 1955-2004 жылдар аралығында 40,8 пайызға азайған. Климат өзгерісіне байланысты болжамға сенсек, болашақта мұздықтар одан әрмен жылдам ери бастайды. Қырық жылдан соң Жетісу Алатауында мұздық қалмайды. Ал ХХІ ғасырдың аяғына қарай  Іле Алатауында ешқандай мұз болмайды. Мұздықтардың жаппай еруі  тау басында үлкен көлдер пайда болуына әкеп соғады. Мұның кесірінен жойқын апатты сел көбейеді. Мұздықтардың кішіреюі тау өзендерінің су режимі мен арнасын түбегейлі өзгертеді. Іле Алатауының өзен-сулары 16 пайызға дейін азаяды.
      «Табиғат өзгерісі алдындағы осалдығымызды айтпағанда, Қазақстан Республикасының антропогендік жүйесінің бейімделу потенциялы да өте төмен. Сондықтан климат өзгерісіне қарай заманауи бейімделу шараларын жасау және жүзеге асыру – аса өзекті мақсат. Әрі бұл мақсат Киото протоколына қол қою арқылы бекітілген»,  – делінген құжатта (Ғаламдық жылынудан ең алдымен  Қазақстан зардап шегеді. Жас алаш, № 101, 2009 ж.). 
 
6-тапсырма.  Мәтінмен жұмыс.

1.    «2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан экологиясы» атты мемлекеттік бағдарлама не жайында?
2.    Климаттағы өзгеріс қандай қауіп төндіруде?

7-тапсырма.  Халық болжамдары. 

1.    Қысты күні ағаш шуласа, күн жылынады. 
2.    Қазан айының алғашқы күндері суық болса, әрі ағаш жапырақтары сарғайып түспесе, онда күн қайтадан жылынады.
3.    Қыста қаздар қаңқылдаса, жылы болады, аяқтарын бауырына тығып жатып алса, күн суытады немесе боран болады. 
4.    Аралар омартадағы өздері кіріп-шығатын есігін жартылай жапса, қыс суық болады, ашық қалдырса, қыс жылы болады. 
–    Өздеріңіз тағы қандай халық болжамдарын білесіздер?

8-тапсырма. Жаңа сөздермен жұмыс.

Салдар, мұздықтардың жылжу процесі, қатерлі қауіп, ұшар басы, асқақтаған Алатау, Алатау жоталары,  көз  сүйсіндірер, Алатау сілемдері.

9-тапсырма. Мәтінді оқыңыздар.

Ақбас шыңдарымыз аласарып барады
   
       Қазір әлем ғалымдары күннің шамадан тыс жылынуы салдарынан полюстік мұздардың тез еріп бара жатқандығын айтумен келеді. Мәселен, Арктика мұздықтары еруін жарты ғасыр бұрын бастаған. Бірақ, 50-жылдары еру процесі аса қауіп төндіре қойған жоқ. Солтүстік жартышарда орналасқан Гренландия аралының шығысындағы мұздықтардың жылжу процесі жылдам жүріп жатыр. Жаһандық жылыну бүкіл планетаға ортақ қауіп болғандықтан дүниежүзі ғалымдары жиі бас қосып, осы мәселені шешу жолдарын қарастыруда.  «Табиғат» экологиялық ұйымының басшысы Мелс Елеусізов: «… Біз үлкен қауіп алдында тұрмыз. Гренландия мұздары ерісе, мұхит деңгейі 7 метрге дейін көтеріледі. Мұндай жағдай орын алса Мальдив сияқты теңіз деңгейінен бір метрге  ғана жоғары орналасқан елдер су астында қалары сөзсіз. Ал Антарктика мен Арктика мұздары ерісе мұхит 60-70 метрге жоғарылайды. Бұл кезде атом бомбасының зардаптары түкке тұрғысыз болып қалады». 
      Жаһандық жылыну – дүниежүзі елдерінің басына төнген қатерлі қауіп. Іле Алатауындағы мұздықтар соңғы 53 жылда 41 пайызға қысқарды. Яғни мұздықтың  118 шақырымы еріп кетті деген сөз. Алатау сілемдерінің жылдам еруіне Арал теңізінен ұшып келген тұздар да әсер етіп жатыр. Бұдан былай да еру процесі жылдамдай түспек. Ақ басты Алатаудың сәнін кіргізіп тұрған Жетісу Алатауы жоталарының ұшар басындағы мыңжылдық мұздықтар түгелімен еріп кетеді. Ал XXI  ғасырда асқақтаған Алатауымызда адам көзін сүйсіндірер мұздықтар қалмайды. Бұл деректер «2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан экологиясы» атты мемлекеттік бағдарламада көрсетілген (Ақниет Бейімбетқызы. «Түркістан» газетінен. 28 қаңтар 2010 ж.).

10-тапсырма. Мәтінмен жұмыс. Түсінігіңізді тексеріңіздер.
 
1.    Арктика мұздарының еруі қашан басталды?
2.    Жаһандық жылыну қандай қауіп?

11-тапсырма.  Грамматикалық анықтағыш. Мұны білгеніңіз жөн! Сын есімнің шырайлары.

Заттың сындық сапасының басқа заттан артық не кемдігін білдіретін сын есім мағынасын шырай дейміз. Шырайлар:  салыстырмалы шырай, күшейтпелі шырай болып бөлінеді. 

1.    Салыстырмалы шырай жасайтын жұрнақтар: -ырақ, -ірек, рақ, -рек, -лау, -леу, -дау, -деу, -тау,- теу.  Мысалы: жақсырақ, әдемірек, жастау, үлкендеу.
2.    Күшейтпелі шырай  сындық сапаның басқа заттың сапасымен салыстырғанда, өте артық я өте кем екенін көрсетеді. Мысалы: қып-қызыл, өте сұлу.

Күшейтпелі шырай екі жолмен жасалады: 
1.    Күшейткіш буынның сын есіммен қосақталуы арқылы жасалады. Мысалы: үп-үлкен, әп-әдемі.
2.    Сын есімнің алдынан күшейткіш демеуліктердің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы: өте жақсы, аса сұлу, ең терең.

12-тапсырма. Мәтіндерден  шырайларды табыңыздар. Түрлеріне ажыратыңыздар.

13-тапсырма.    Мәтінге сүйене оырып, сөйлемді толықтырыңыздар.

1.    Бірақ, 50-жылдары еру процесі ………..қауіп төндіре қойған жоқ.
2.    «Климаттың жылынуы мәселесі Қазақстан үшін де ……..    өзекті.
3.    «Табиғат өзгерісі алдындағы осалдығымызды айтпағанда, Қазақстан Республикасының антропогендік жүйесінің бейімделу потенциялы да …………   
4.    Сондықтан климат өзгерісіне қарай заманауи бейімделу шараларын жасау және жүзеге асыру – ……….                                                 мақсат.

 Тест тапсырмалары

1.    Іле Алатауындағы мұздықтар соңғы 53 жылда қанша пайызға қысқарды?

А. 61 пайызға
Б.  41 пайызға
С. 21 пайызға
Д. 31 пайызға

2.    Күшейтпелі  шырай қай сөйлемде?

А.  Жаһандық жылыну – дүниежүзі елдерінің басына төнген қатерлі қауіп
Б.  «Климаттың жылынуы мәселесі Қазақстан үшін де өте өзекті
С.  Біз үлкен қауіп алдында тұрмыз
Д.  Ал XXI  ғасырда асқақтаған Алатауымызда адам көзін сүйсіндірер мұздықтар қалмайды

3.    Іле Алатауының солтүстік беткейінде мұздықтар ….. жылдар аралығында 40,8 пайызға азайған.

А. 1945- 1955
Б.  1955-2004
С. 2004- 2008
Д. 2008- 2010

4.    Әлем ғалымдары жанұшыра дабыл қағып жатқан мәселе?

А. Жаһандық дағдарыс
Б. Жаһандық экономика
С. Жаһандық саясат
Д.  Жаһандық жылыну

Студенттердің білімін тексеруге арналған бақылау сұрақтары:

1. Жаһандық жылыну туралы бізде қандай бағдарламада көрсетілген?
2. Бағдарламадағы болжамдар қандай?    
3. Бізде қандай экологиялық партия жұмыс істейді? Оның төрағасы кім?
4. Сын есімнің шырайлары дегеніміз не? Ол қалай жасалады?
5. Алатаудағы мұздықтар жағдайы қалай? 

СОӨЖ тапсырмасы:  «Планеталық қатердің алдын алу, ауаны ластауды тоқтату, жаһандық жылыну салдарлары» атты дөңгелек үстел өткізу.

СӨЖ тапсырмасы: Парникті газдар туралы әңгімелеңіз.
 

Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!