Тарихи материализм – Философия – Рефераты на казахском языке – Библиотека

0
89

Егер Маркске дейінгі материализм қоғамдық өмірді идеалистік тұрғыдан түсіндіруге мәжбүр болған болса, және соның арқасында жарытып жағдайда қалса, Маркс пен Энгельс диалектиканы қоғамдық өмірді талдауға, зерттеуге қолданып, жоғарыда айтылған кемшіліктің орнын толтырып қана қойған жоқ. сонымен қатар материалистік дүниетанымның дәйектілікпен дамытылған біртүтас жүйесін дүниеге келтірді.

Әрине қоғамдық өмірді көптеген нақтылы ғылымдар зерттейді. Мысалы, тарих ғылымы әр түрлі елдердің даму барысы уақыт аясында зерттейді, саяси экономия қоғамдық дамудың әртүрлі сатыларына тән экономикалық қатынастардың, өндіргіш күштердің диалектикасын зерттейді. Ал, юриспруденция (хұқасия), әдебиеттану, өнертану ғылымдары қондырманың әртүрлі жақтарын сарапқа салады. Тарихты материалистік тұрғыдан түсіндіру — қоғамдық өмірдегі материалдық, рухани құбылыстарды, олардың жалпы даму заңдылықтарын зерттеудің тиесілі, философиялық негізі болып табылады. Егер де Маркске дейінгі материалисттер мен әлеуметтанушылар табиғаттың даму заңдылықтарын қоғамға атүсті тели салған болса, Маркс пен Энгельс бұл әрекеттің дұрыс еместігін, қоғамдық дамудың өзіне ғана тән даму ерекшеліктері, даму заңдылықтары бар екендігін дәлелдеді. Өйткені қоғам мен табиғат бірлікте болғанымен, олардың сапалық айырмашылықтары да жоқ емес. Егер табиғаттың даму заңдылықтары соқыр қажеттілік арқылы өзіне жол ашатын болса, қоғамдық даму адамдардың саналы іс-әрекеті арқылы жүзеге асырылады. Социологиялық ілімді жаңа жоғары дәрежеге көтеру ісі қоғамдық сананың қоғамдық болмысқа қатынасы туралы негізгі мәселені материалистік диалектиканың тұрғысынан шешумен тығыз байланысты болды. Адамдардың қоғамдық болмысы олардың санасын билейді, деген-ді К.Маркс.

Маркске дейінгі материалисттер өздерінің теориялық және таптық тар өрістігінің арқасында материализмді қоғамдық өмірге қолдана алмады. Теориялық тар өріс тілік жаратылыстану ғылымдарының даму дәрежесінің төмен болғандығын және материалисттердің олардың тек бір түрін ғана – механиканы тым әсірелеп, оңды-солды, тіпті қоғамдық өмірге де қолдана берегендігіне байланысты қалыптасқан-ды. Материя нақтылы, атомдар мен молекулалардан тұратын зат ретінде түсіндірілді. Оның белгілі бір массасы, салмағы, көлемі болатындықтан механика заңдарына бағынады. Ал адам биология, анатомия, физиология, антропология ғылымдарының даму дәрежесіне сәйкес ерекше жан иесі ретінде ғана қарастырылды. Бұндай түсінік идеализм мен мистикаға қарағанда әжептеуір озық үлгідегі пайымдау болғанымен, адамның басқа жан-жануарлардан айырмашылығын тап басып көрсете алмаған еді.

Ал К.Маркс пен Ф.Энгельс болса материяны оның белгілі бір түріне телімеді. Материализмді қоғамдық өмірге дәйектілікпен қолдана отырып, қоғамдық болмыстың негізінде материалдық өндірістің жатқандығын тұжырымдаған еді. Ал оның бейнесі — қоғамдық сана болып табылады. Сөйтіп, қоғам туралы ғылыми – философиялық негізгі мәселесін шешу материализмнің ұғымдарын дайын күйінде қоғамдық дамуға атүсті тели салу болмай шықты. Шын мәнісінде жаңа әлеуметтік философияны шығармашылықпен дүниеге келтіру үшін қоғамдық құбылыстардың ерекшеліктерін, даму заңдылықтарын зерттей отырып, материалистік ұғымдардың жаңа мазмұнға ие болған түрлерін, жаңа ұғымдар аппараттарын қалыптастыру қажет болған-ды. Бұл міндетті Маркс пен Энгельс абыроймен атқарып шықты. Диалектика қоғам мен табиғатты қарама-қарсы да қоймайды, сонымен қатар олардың өзіндік ерекшеліктерін де ескереді.

Қоғамдық өмірдің өр саласын, жақтарын, заңдылықтарын бейнелейтін жаңа мазмұндағы ұғымдар аппаратын қалыптастыру ісінде Маркс пен Энгельс материалистік диалектикаға танып-білудің, зерттеудің әмбебап тәсіліне арқа сүйеген-ді. Соның нәтижесінде еңбек, материалдық өндіріс, өндіргіш күштер, өндірістік қатынастар, экономикалық негіз (базис), қондырма, таптар, мемлекет, әлеуметтік революция және т.б. жалпы ұғымдар (категориялар) жүйесі пайда болды. Маркс пен Энгельс сонымен қатар, қоғамдық дамудың ең жалпы заңдылықтарын тұжырымдады. Олар – өндірістік тәсілдің айқындаушы шешуші рөлі туралы заңдылық, (қоғамдық сананы қоғамдық болмыс билейді) өндірістік қатынастардың өндіргіш күштердің сипатына және даму дәрежесіне сәйкес келіп отыру заңдылығы қондырма үшін экономикалық базистің шешуі рөлі, халық бұқарасының тарихтағы шешуші рөлі туралы заңдылықтар. Олардан гөрі жалпылық дәрежесі төмендеу заңдар да тұжырымдады. Олар – тап күресі, әлеуметтік революцияның заңдылықтары. Өндіріс тәсілі адамдардың өмір сүруінің материалдық жағдайларын туғызып қана қоймайды, сонымен қатар, ол барлық қоғамдық қатынастардың негізі болып табылады. Оның ішінде экономикалық қатынастар адамдардың санасы — дін, көркемөнер, ғылым рөлін шешуші рөл атқарады. Қандай да болмасын өндіріс тәсілінің екі жағы, мазмұны мен формасы болады. Яғни өндіргіш күштер — мазмұны, ал өндірістік қатынастар – өндіргіш күштердің даму формасы болып табылады. Өндіргіш күштердің даму дәрежесі қандай өндіріс құралдары мен қанша адамның өндіріске қатысқанына, қоғамдық өндірістің көлеміне, енбек құралдарының жетілдірілген түрлеріне, еңбек өнімділігінің қандай екендігіне тәуелді болады. Сайып келгенде, өндіріс құралдарын жетілдіру, өндірушілердің, еңбекші бұқарасының қабілеттік дамуымен тығыз байланысты. Қоғамның байлығы өндірілген заттардың көлемімен яки сапасымен емес, сайып келгенде, қоғамдық өндірушілердің, жеке адамдардың қабілетінің өсуімен өлшенеді.

Материалдық игіліктерді өндірудің табиғаты о бастан қоғамдық сипатта болады. Сондықтан да тарихи материализм болсын, саяси экономия болса олардың зерттеу пәндері, қоғамдық өндірістің формалары болып табылады. Маркс пен Энгельс сан алуан қоғамдық қатынастардың ішінен шешуші рөл атқаратын өндірістік қатынастарды бөліп алды. Өндірістік қатынастар өндіргіш күштердің даму формасы деп жоғарыда айтылып кеткен-ді. Енді оны нақтылы талдау қажет. Маркс адамдардың өндірістік қатынастарын, олардың санасынан тыс, әрі оған тәуелсіз қатынастар ретінде қарастырады. Өндірістік қатынастарға меншіктік қатынас, айырбас, еңбек бөлісі, өндірістің өндірген бұйымдарын бөлісу, тұтыну тағы басқалар жатады. Бұлардың ішіңдегі шешуші рол атқаратыны — меншіктік қатынастар, яки адамдардың өндіріс құралдарына байланысты өзара қатынастары. Айталық, жекеменшік, антагонистік қоғамдардағы өндірістік қатынастардың негізгі түрі. Осының негізінде таптар қалыптасады, өндірістік құралдардың иелері үстем тапқа, ал олардан мақрұм қалғандар қанаушы тапқа жатады. Маркс пен Энгельс таптардың шығу тегі мен мәнін ғылыми негізде айқындап берді. Олар жекеменшікке негізделген қоғамдарға тап күресінің тән екендігін заң түрінде тұжырымдады. Тап күресі таптардың қоғамда қандай орын алатындығына байланысты өрістейді. Қоғамның таптық құрылымы, тап күресі — қоғамдық  тарихи процестің ішкі мазмұнына тән құбылыстар. Тап күресі – антогонистік қоғамдардың қозғаушы күші. Маркстің ең негізгі тұжырымдарының бірі – тап күресінің сайып келгенде пролетариат диктатурасына алып келетіндігі туралы тұжырым. Ал пролетариат диктатурасы өз кезегінде, тапсыз қоғамға өту жолындағы өтпелі көпір іспеттес. Бұл туралы Маркс өзінің И.Вейдемейерге 1852 жылғы наурыздың 5 жұлдызында жазған хатында атап көрсеткен. Алайда, таптар барлық кезде өмір сүрген жоқ. Қоғамдық дамудың төменгі сатысында, яғни алғашқы қауымдық құрылыста таптар деген атымен болмаған. Өйткені бөлген еңбекті қанауға қосымша азық-түлік өндіргіш күштердің төмен дәрежеде болғандығынан жоққа тән еді.

Кейіннен, өндіргіш күштердің жетілуіне байланысты, еңбек өнімділігі артады да қосымша өнім пайда болады, ал қосымша өнімнің негізінде жеке меншік пайда болады, ал жеке меншік негізінде қанаушы және езілуші таптар пайда болады. Таптардың әсіресе, үстем таптың мақсат – мүддесін қорғау қажеттілігі мемлекетті дүниеге келтіреді. Ол өзінің қарулы әскері, заң орындары, жазалау мекемелері арқылы үстем таптың билігін қамтамасыз етеді.

Маркс пен Энгельс жалпы таптар үстемдігі туралы оның бар уақытта әділетсіздік болатынын жариялаған ұсақ буржуазиялық даңғазаға нақтылы қоғамдық тарихи сараптауға негізделген көзқарасты қарсы қояды. Мәселен, белгілі бір өндірістік қатынастар өндіргіш күштердің сипаты мен даму дәрежесіне сәйкес келіп тұрған кезеңде үстем таптар алдыңғы қатарлы прогрессивтік сипатта болады да, кереғар жағдайда әділетсіз, күні өткен, билікті қолдан шығармау үшін неден болса да тайынбайтын, іріп-шіріген тапқа айналады. Ерте ме, кеш пе өндіргіш күштер езінің даму барысында қалыптасқан дәстүрлі өндірістік қатынастардың шеңберінен шығып кетеді. Бұндай жағдайда өндірістік қатынастар бұрынғыдай өндіргіш күштердің даму формасынан олардың бұғауына айналады. Өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастар арасындағы мұндай қайшылық бара-бара шиеленісе түсіп, шарықтау шегіне жеткенде, әлеуметтік революция арқылы шешіледі.

Әлеуметтік революциялар Маркстің айтуы бойынша тарих локомотивтері болып табылады. Олар таптық қоғамда орасан зор рол атқарады. Олар — тап күресінің ең жоғарғы формасы, бір формациядан екінші формацияға өтудің секірмелі түрі халық бұқарасының, езілген таптың ашу – ызасының, төңкерісшіл рухының бірден-бір көрінісі.

Өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастар диалектикасын сарапқа салу нәтижесінде қоғамның таптық құрылымының, әлеуметтік қатынастардың нақтылы өндіргіш күштермен өндірістік қатынастарға тәуелді екендігі туралы қорытынды шығарылады. Прогресс өндіргіш күштердің ілгері дамуына байланысты жүзеге асырылып отырылады. Сондықтан да қанаудың кейбір жексұрын түрлерінің пайда болуына қарамастан, қоғамдық дамудағы дәйекті түрде бір-біріне ауысып отыратын қоғамдық – экономикалық формациялар осы прогрестің белгілі бір сатылары іспеттес. Егер Маркске дейінгі әлеуметтанушылар қоғамдық прогрестің өлшемін көрсете алмаған болса, Маркс пен Энгельс тарихты материалистік тұрғыдан түсінуді ашқаннан соң, қоғамдық прогрестің негізгі өлшемі өндіргіш күштердің сипаты мен даму дәрежесі деген ұйғарымға келді. Мәдениет ошақтары, олардың даму дәрежесі не өндірілетіні арқылы емес, қалай және қандай қүралдар арқылы өндірілетіні бойынша бағаланады. Мысалы, ағаш соқа мен тракторды алып қарастырса, міне, осылар мәдениеттіліктің нақтылы көрсеткіштері болып табылады. Үстемдік, қанау деген мүлдем болмаған алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырай бастаған жағдайында құл иеленушілікке негізделген қоғамның пайда болуы даму жолындағы алға басқан қадам болғанымен, адамгершілік, ахлақ тұрғысынан алып қарағанда орасан зор кері кетушілік болды. Өйткені ол адамның намысын таптайтын, қанаудың ең жексұрын түрі – құлдықты дүниеге келтірді. Осы сияқты әр қоғамдық – экономикалық формациялардың мазмұнында қайшылықты құбылыстар орын алатындығын тарих айғақтап отыр. Марксизм антагонистік қоғам туралы олардың алға ілгері дамуы еңбекшілердің қасіретіне, тіпті қантөгіске негізделетінін атап көрсеткен еді. Бұл орайда буржуазиялық қоғамның да артып бара жатқан ешнәрсесі жоқ. Шыту айтында, оның да отар елдерді қанға бөктіріп, талан-таражға салудан түсетін пайдаға, өз еңбекшілерінің қан-сөлін сығып алуға негізделетіні ақиқат. Бұл жөнінде Маркстің тамаша дөп айтылған ойын келтіре кетейік. Ол буржуазиялық прогресті шырынды тек өлген адамның бассүйегінен жасалған ыдыстан ішуге дағдыланған Шығыстың тас құдайының әдетімен салыстырады. Оның бұл ойы буржуазиялық өсіп-өркендеудің қанадай құрбандықтар арқылы жүзеге асырылатынына меңзейді.

Маркс пен Энгельс тарихи дамудағы бұқараның шешуші рөл атқаратындығын заңдылық ретінде тұжырымдады. Қоғам ілгерілеген сайын халық бұқарасының да белсенділігі арта түспек. Демократия үшін күрес қанатың кең жая бермек. Алайда олар жеке ұлы адамдардың тарихта атқаратын рөлін жоққа шығармайды, тек олардың маңызын тым әсірелеп жіберуге қарсы.

Алдыңғы тармақтарда айтылып кеткендей өндірістік қатынастардың жиынтығы (меншіктің түрлері, еңбекті қоғамдық негізде ұйымдастыру, өндіріс өнімдерін айырбастау және бөлісу, тұтыну. т.б.) қоғамның экономикалық негізін құрайды. Ал бұл экономикалық базис қондырманың яғни саяси – идеологиялық, заң мекемелерінің жөне Қоғамдық сананың сан – алуан түрлерінің іргетасы іспеттес міндет атқарады. Базис және қондырма категориялары тарихи материализмнің негізгі категорияларының қатарынан саналады. Олардың арақатынасы диалектикалық тұрғыдан қарастырылады. Атап айтқанда, қондырмаға байланысты базис шешуші рөл атқаратын болса да, қондырма да ез кезегінде базиске кері әсер ете алады. Мысалы, мемлекет, философия, ғылым, идеология т.б. базистің дамуың жеделдетуге немесе тежеуге ықпал ете алады. Бұл қондырманың белсенділігі мен салыстырмалы түрдегі дербестігінің айғағы. Базис және қондырма категорияларының жөне де бір ерекшелігі, олардың қоғамдық – экономикалық формациялардың арасындағы айырмашылықтарға меңзеп отыратындығы. Қоғамдық – экономикалық формация ұғымы барлық қоғамдық қатынастардың жиынтығын қамтығанымен, оның ерекшелігі тек базис пен қондырма арқылы көрінеді. Формацияны белгілі бір даму сатысындағы қоғамдық әлеуметтік организм ретінде анықтай отырып, Маркс пен Энгельс оның ерекше белгілерін базис пен қондырма арқылы ғана аңдауға болатынын атап көрсеткен. Бұл тұжырым қоғамдық өмірге диалектикалық тарихи тұрғыдан қарай алғандықтың жемісі. Бұл орайда қоғамдық – экономикалық формациялар адамзаттың даму барысындағы негізгі белестер болып табылады.

Қорыта айтқанда, тарихты материалистік тұрғыдан түсіну дегеніміз диалектикалық тәсілді қоғамдық өмірді зерттеу ісіне қолданғандық тың нәтижесінде пайда болатын терең ері жан-жақты ілім. Ол барлық қоғамдық қатынастарды өзара бірлікте, даму үстінде қарастырады. Олардың ішінен экономикалық қатынастарды шешуші маңызы бар қатынастар ретінде қарастырады. Қоғамдық даму өндірістік тәсілдің негізінде, яғни ендіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың даму диалектикасының негізінде жүзеге асып отырады. Бұл орайда қоғамдық – экономикалық формациялар қоғамдық дамудың негізгі сатылары болып табылады. Экономикалық қатынастардың жиынтығы қондырғының (саяси. идеологиялық т.б. мекемелер мен ұйымдардың, қоғамдық сананың, өнердің, дамуының, философиялық т.б.) негізі болып табылады. Антагонистік қоғамда тап күресі – дамудың қозғаушы күші іспеттес. Өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың арасындағы сәйкессіздік тап күресі арқылы көрінеді. Таптар арасындағы қайшылықтар шырқау шегіне жеткенде әлеуметтік революция «бұрқ» етеді, сөйтіп ескі қоғам жаңа қоғаммен алмастырылады. Капиталистік қоғамды жете зерттеген Маркс пен Энгельс, тарихтың алғышарттары осы қоғамның жойылуымен аяқталып, шын тарих еңбекшілердің азаттық алуынан басталады, деген ұйғарымға келген-ді. Ондай ниетке қол жеткізетін нәрсе — әлеуметтік революция, жүмысшы табының үстемдігін орнататын революция, ал жүмысшы табының диктатурасы өз кезегінде талассыз қоғам құрудың бірден-бір кепілі. Міне, қысқаша тұжырымдағанда тарихты материалистік тұрғыдан түсінудің мәні осындай.

Маркс пен Энгельстің назарынан этика, эстетика және атеизм мәселелері де шет қалған: жоқ. Олар тарихи – материалистік тұрғыдан түсінудің аясында қарастырылады. Ол мәселелерге Маркс пен Энгельстің соқпай кете алмағандығы біріншіден, Маркске дейінгі философияның дәстүрлі сұрақтары болғандықтан, оларға тиісті бағасын беру қажеттілігіне байланысты болса, екіншіден өз заманындағы толғағы жеткен, жаратылыстану ғылымдарының адамзат алдына қойған шешуі қиын мәселелерді диалектикалық тәсіл арқылы тұжырымдау қажеттілігіне байланысты болды. Үшіншіден, жаңа қоғамның ахлактың, келбеті қандай болуы керек, адамдардың эстетикалық талғамы, көзқарастары қандай болуы керек деген мәселелер де күн тәртібіне қойылған-ды. Осылардың бәрін тарихты материалистік тұрғыдан түсінудің талқысына салып, таразылаудың нәтижесінде этика, эстетика, атеизм жана үрдіс, жаңа сипат, жаңа мазмұнға ие болды. Алайда, Маркс пен Энгельс олардың еш қайсысына да арнайы ілім арнамағаны, бұл орайда, олар өздерінің бәсірелік салалары бойынша диалектикалық және тарихи материализм тұрғысынан айтылған соны ойлар мен тұжырымдар арқылы озық үлгілі көзқарастың құрамдас бөлігіне айналды. Этиканың, эстетиканың, атеизмнің басты – басты жалпы ұғымдары тарихи тұрғыдан қарастырылғандықтан, әрі философиялық негізгі мәселені материалистік тұрғыдан шешудің ауқымында, шеңберінде, әрі аясында сарапқа салынғандықтан, соны мазмұнға ие болған аталмыш ғылым салаларындағы тұжырымдар метафизикалық, антропологиялық материализмнің түсініктеріне де, идеализмнің қос түрінің пайымдауларына да қарсы бағытталған болатын. Өйткені, философия тарихының даму заңдылығы ретінде тұжырымдалған қарама-қарсы бағытталған материализм мен идеализмнің бір-біріне кереғар дүниетанымдық пайымдаулары аталмыш ғылым салаларынан да көрініс берген-ді.

Маркс пен Энгельс өздерінің философиялық ілімін өмір бойы дамытудан кенде қалдырған жоқ және олар философиялық ілімнің тұйықталған жүйесін жасауға талпынған да жоқ. Олар оны ашық жүйе деп жариялап, практикалық іс-әрекетке жолбасшылық жасайтын өмір талабына сәйкес өзгеріп отыратын икемді кең ауқымды ғылым ретінде түсінуді ұсынды. Маркстің атышулы Фейербах туралы тезистерінде «философияның мақсаты – дүниені өзгертуде» дегені бүкіл маркстік дүниетанымның өзекті қағидасы болып табылады.

Оның мұндай өсиет тақылеттес қанатты сөзіне адалдық танытқан В.И. Ленин 1870 жылғы сәуір айының 22-жүлдызында туылып, 1924 жылғы қаңтар айының 21-жүлдызында қаза болды. Бұрынғы Сибирск, казіргі Ульяновск қаласында туып-өскен Ленин демократиялық, сипаттағы семья тәрбиесін алған-ды. Ол жастайынан еңбекші халықтың ауыр тұрмыс жағдайын көріп өсті. Оның себебі де Ленин үшін құпия емес болатын. 1887 жылы Қазан университетіне оқуға түскен ол студенттер қозғалысына белсене қатысқаны үшін сол жылдың желтоқсан айында тұтқындалып, Колушкино деревнясына жер аударылып, полицияның бақылауында болды. Осы кезде Ленин өзінше саяси білімін көтерумен айналысады, оның әсіресе, сүйіп оқығаны Н.Г. Чернышевскийдің еңбектері болады. 1889 жылғы мамыр айында Ульяновтар отбасы Самара қаласына көшіп келеді. Ленин бұл жерде маркстік әдебиетті оқумен әрі уағыздаумен шұғылданады. 1891 жылы ол Петербург университетінің заң факультеті үшін сырттай емтихандар тапсырады. Арада аз уақыт өтпей-ақ Ленин Петербургке келіп, сондағы марксистер үйірмесінің жетекшісі болады.

Бұл кезде В.И. Ленин бар жоғы 23 жаста еді. 1894 жылы ол өзінің «Халық достары» дегеніміз кімдер және олар социал демократтарға қарсы қалай күреседі?» деген тырнақ алды еңбегін жазды. Бұл еңбек Лениннің диалектиканы Ресей шындығын зерттеуге дұрыс пайдалана алғандығының алғашқы айғағы десе де болғандай. 1895 жылғы желтоқсан айында В.И. Ленин тұтқындалып, Шығыс Сібірдегі Щушинское елді мекеніне үш жыл мерзімге жер аударылды. Алайда, Ленин ол жерде де өзінің шығармашылық жұмысын Ленин         тоқтатқан жоқ, атап айтқанда, «Ресейдегі капитализмнің дамуы» деген еңбегін жазып бітірді.

1895-1900 ж.ж. аралығында В.И. Ленин философия тарихын шұқшия зерттейді, ол барлық дерлік елеулі философиялық жүйелермен терең танысқан-ды. 1900 жылдың қаңтар айында Ленин шетелге кетті, ал сол жылдың желтоқсан айында жүмысшылар қозғалысы үшін ерекше маңызды болған «Искра» газетінің алғашқы саны жарық көрді.

Бірінші орыс революциясының қарсаңында В.И. Ленин негізгі саяси мәселелердің теориясымен шұғылданып, әйгілі «Не істеу керек?», «Бір қадам алға, екі қадам кері» деген еңбектерін жазған-ды. 1905-1907 ж.ж. революция кезеңінде ол революция теориясына жүмысшы табы мен оның саяси партиясының тактикалық мәселелеріне көп көңіл бөліп, өзінің «Демократиялық революциядағы социал – демократиялық екі тактикасы» деген еңбегін жазды. Революция жеңіліске ұшыраған соң, Ленин полицияның қудалауынан жасырынып, Женеваға кетуге мәжбүр болды. Реакция жылдарында жұмысшы табына және оның партиясына субъективтік идеализм зор ықпал жүргізіп, маркстік философияның негіздеріне ревизия жасау қаупі төнді. Орыстың кейбір көрнекті революционерлері де идеалистік – субъективтік философияның ықпалында кетіп, марксизмді махизммен алмастыру керек деуге дейін барған-ды. Өзінің атышулы 1909 жылы жарыққа шыққан «Материализм және эмпириокритицизм» деген еңбегінде В.И. Ленин жаратылыстану ғылымдарының табыстарын диалектикалық материализмнің тұрғысынан сарапқа салып қорытты, материяның жаңа анықтамасын тұжырымдады, идеалистік ағымдарға соққы беріп, диалектикалық және тарихи материализмнің негіздерін қорғап қалуға жанталасып бақты. Бірінші дүниежүзілік соғыстың жүріп жатқан кезінде Лениннің философиялық мәселелермен, атап айтқанда, философия тарихымен, Гегель, Фейербах шығармаларымен мұқият шұғылданғанын қалай түсінуге болады? Оның «Философиялық дәптерлер» деген жалпы атпен кейіннен жарық көрген қолжазбалары Лениннің диалектика туралы арнайы еңбек жазғысы келген ниетінің бостандығын көрсетеді. Диалектиканы, империализмді талдаудың негізінде соны қорытындылар жасау жолына пайдаланған Лениннің аталмыш ниетіне еш таңдануға болмайтындығы ақиқат. Ол өзінің «Империализм – капитализмнің жоғарғы сатысы» деген еңбегінде тарихи материализмнің келелі мәселелерін көтеріп, капиталистік дамудың империалистік сатысына нақтылы баға беріп, капитализмнің империализм дәуірінде секірмелі, әрі бей реттілікпен дамитын заңдылығын ашты. Осындай тарихи жағдайда социалистік революцияның бірнеше немесе жеке елде де жеңіске жету мүмкіндігін тұжырымдады. В.И. Ленин 1917 жылы Февраль революциясының және Октябрь революциясының қарсаңында жазылған еңбектерінің көбісі саяси –теориялық сипатта болды. Өйткені, революцияның жеңіске жету жағдайында мемлекеттік басқару ісін, өкімет билігін қолға алудың түбегейлі мәселелері Күн тәртібіне қойылған еді. Солардың ішінен атап айтуға лайықтысы «Мемлекет және революция» деген еңбегі болды. Социалистік революция жеңгеннен кейінгі кезеңдерде де философия мәселелері, диалектиканы дамыту ісі Лениннің назарынан тыс қалған жоқ. Мысалы, оның «Тағы да кәсіподақтар туралы…», «Жауынгер материализмнің маңызы» және т.б. еңбектерінде диалектикалық тәсілді дамыту, жаратылыстану ғылымдарының қол жеткен табыстарын оның тұрғысынан қорытып, соны тұжырымдар жасап отыру қажеттілігі, философтармен жаратылыстану ғылымдарының өкілдері арасында мызғымас одақтың болу қажеттілігі туралы ой өрбітілді. Диалектиканы саяси ағымдардың, саяси партиялардың іс-әрекеттерін талдауға ұсталықпен қолданудың нәтижесі ретінде пайда болған еңбектердің бірі — «Коммунизмдегі «солшылдықтың» балалық ауруы». Мұнда айтылған Лениннің ескертулері, тұжырымдары, сараптау тәсілдері болашақ саяси партиялар, әсіресе, коммунистік партиялар үшін жолбасшылық рөл атқарады. Оның философиялық тақырыпқа арналған еңбектері дүниені коммунистік негізде қайта құру үшін қоғамдық дамудың заңдарын, бағыттарын түбегейлі зерделеу қажеттілігінен туған еді. Диалектиканың, революциялық қозғалыстың тарихын қорытынды.»ап, капитализмнің даму барысын түбегейлі талдаудың негізінде В.И. Ленин жүмысшы табының жеңімпаз стратегиясы мен тактикасын жасай алды және алғашқы, негізгі буындарын іске асырды да. Бірақ та «Төңкеріс теориясын данышпандар жасақтайды, фанатиктер іске асырады, жемісін дүмшелер жейді» деген қанатты сөз Ресей шындығына арнайы айтылғандай әсер қалдырады. Қалай дегенде де марксизм философиясы адамзаттың рухани даму жолындағы биік белестердің бірі. Оның негізінде жасақталған ғылыми коммунизм идеялары қара халықтың ежелгі арман – тілегімен іштей үндесіп жатыр, уәжім уақыт өте – келе бұл ілімге келер ұрпақ қайтып оралатын да шығар. Қайткенде де, маркстік философия әлемдік философия тарихында өзіне лайықты орынға ие деп айта аламыз және де маркстік ілімнен социалистік елдерден гөрі капиталистік елдер көбірек ғибрат алған сыңайлы. Ол елдерде университеттерде, колледждерде марксизм ресми пән ретінде оқытылады.

Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!