Танымал ресейлік блогер ұлына «Димаш» деп ат қойды
Ол баласына тәрбие беру тұрғысында Қанат және Светлана Айтпаевтарға сәл де болса, ұқсағысы келетінін мәлімдеді
НҰР-СҰЛТАН, 1 қараша – Sputnik. YouTube-те «Будда Гришна» деген лақап атпен танымал ресейлік блогер видео жариялап, ұлының атын не үшін Димаш Құдайбергеннің құрметіне қойғанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Блогер өзінің бейнеүндеуін көлікте отырып жазған. Себебі баласының дүниеге келуіне байланысты үйінде қарбалас басталып кетіпті. Ол «Ұлыңның атын қалай қойдың?» деп сұрайтындар көбейіп кеткенін айтады.
Тағы оқыңыз: Мұсылманша есімдер немесе ат қою кезінде нені ескеру керек?
«Оны бірден жариялған жоқпын. Себебі маған сенбейсіздер деп ойладым. Хайп деп айтуларыңыз да мүмкін. Мен ол адамды қатты құрметтеймін және жоғары бағалаймын. Мені түсінетін шығарсыздар, балаға есім беру – өте жауапты іс. Ұлымыздың атын қазақстандық әнші Димаштың құрметіне қойдық», — дейді блогер.
Ол баласына тәрбие беру тұрғысында Қанат және Светлана Айтпаевтарға сәл де болса, ұқсағысы келетінін жасырмады.
«Менің ұлым да рухани жағынан бай Димаш Құдайберген сияқты тамаша адам болса екен деп армандаймын», — деп атап өтті «Будда Гришна».
Блогер «Дінмұхаммед» деген есімнің мағынасын да ашып берді. Ал өз баласын «Димаш» деп атағанда әлемге ізгілік пен тазалықтың нұрын сеуіп жүрген Димаш Құдайбергеннің тұлғасын, оның бойына ата-анасы сіңірген құндылықтарды ойлайтынын жеткізді.
«Осы уақытқа дейін баласының есімін Димаш Құдайбергеннің құрметіне ешкім қойған жоқ. Сондықтан мен бұны бірінші болып бастап отырмын. Мен үшін бұл – үлкен абырой. Себебі өз баламның есімін тамаша әнші ғана емес, миллиондаған жанға нағыз адамның үлгісін көрсетіп жүрген азаматтың құрметіне қойып отырмын», — деп түйіндеді ресейлік блогер.
sputniknews.kz