Президенттің баспасөз хатшысы Тоқаевтың Назарбаевқа қатысты жарлығын түсіндірді

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

3 0 0

Лауазымды тұлғаларды тағайындау туралы келісім тәртібі президенттің өз бетінше шешім қабылдауына кедергі келтірмейді

НҰР-СҰЛТАН, 21 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасы президентінің кейбір актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» жарлығына президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли түсініктеме берді.

«Осы құжат БАҚ беттерінде түрлі пайымдар мен пікірлер туғызды. Менің ойымша, бұл президенттің «кезекті» жарлығы. Бұл құжатқа 2018 жылғы шілдеде қабылданған Қауіпсіздік кеңесі туралы жаңа заңның ережелеріне сәйкес қол қойылды. Аталған алқалы органның өкілеттілігін күшейту заңға сәйкес қарастырылады. Ал оны Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өмір бойы басқарады», — деп түсіндірді Берік Уәли.

Оның айтуынша, мемлекеттің лауазымды тұлғаларын тағайындау туралы келісім тәртібі іс жүзінде президенттің барлық кадрлық мәселе бойынша өз бетінше шешім қабылдауына кедергі келтірмейді.

«Елбасының өзі «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында: «Тоқаев менімен ақылдасады. Бірақ өзі шешім қабылдайды» деген болатын. Президент Конституция бойынша еліміздің Жоғарғы бас қолбасшысы және ол үкіметті жасақтайды. Мемлекет басшысы – облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін жергілікті мәслихаттардың келісімдерімен тағайындайтын жоғары лауазымды тұлға», — деп түйіндеді ол.

Берік Уәли президенттің құзыреті Қазақстан Республикасы Конституциясының 40-48 баптарында анық көрсетілгенін еске салды.

Назарбаевтың келісімі керек: Тоқаев тұңғыш президенттің өкілеттігін кеңейтті

Естеріңізге сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік билік органдары жүйесінде кадрлық саясат саласындағы өкілеттігін кеңейтетін жарлыққа қол қойған болатын. Енді президент өзіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдардың басшыларын тағайындамас бұрын қауіпсіздік кеңесінің төрағасымен келісуі керек.

Олардың қатарына президент әкімшілігі, бас прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті, ұлттық банк, республикалық гвардия, «Сырбар» сыртқы барлау қызметі, президенттің күзет қызметі, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, президент істері басқармасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі кіреді.

Сондай-ақ, облыс әкімдерін, республикалық маңыздағы қалалар мен астана әкімдерін тағайындау да қауіпсіздік кеңесінің төрағасымен келісіледі.



sputniknews.kz