«Көзіммен көрген кереметті анам көрсе екен деп армандадым»: Отандық қария баласымен әлем аралап жүр — Қазақстан жаңалықтары
Әлемнің 7 мемлекетін 100 күннің ішінде аралаған саяхатшы апа Сафар Ербота Stan.kz сайтының тілшісіне неліктен саяхатқа шыққанын, қай ел көбірек ұнағанын айтып беріп, саяхаттағысы келетін қарияларға кеңес берді.
Сафар Ербота ұлы Садық Шерімбекпен бірге jосыған дейін әлемнің 7 мемлекетін — Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Малайзия, Гонконг, Үндістан, Вьетнамды аралады.
Саяхатшы апа бар өмірін төрт баласына арнаған. Ұл-қызынан намысты қолдан бермей, ел атына кір келтірмейтін, адал қызмет ететін тұлға ретінде тәрбиелеуге тырысқан. Өз кезегінде балалары ер жеткен соң ана алдындағы борышын толығымен өтей алмаса да, қолдан барынша тырысып бағып жатыр.
Анасын саяхатқа алып шыққан Садық Шерімбек — экстремалды турист. “Бұл саяхат мен үшін емес, анам үшін жаңа нәрсе. Қазір екеуміз аралап жүрген жердің барлығына келгенмін, барлығында жұмыс істедім. Он жыл бұрын шекара асып елден кеттім. Өз көзіммен көрген кереметтің барлығын анам көрсе екен деген арман пайда болды. Осылай туған жерге қайтып келгеннен кейін, анамды алып шықтым”, — дейді ол.
Әйтсе де, Сафар апа басында саяхатқа шыққысы келмеген екен. Бірақ балалары ел мен жер көріп келуін сұрағаннан кейін, шетелге аттануға бел буған.
«Кішкентай күнінде Садық маған әлемді көрсететінін, дүние жүзін шарлататынын айтатын. Иә, әлбетте деп қоятын едім. Ер жеткенде балам сөзінде тұрып, ел аралатып жүр. Негізі, мен шетел тұрмақ, өз үйімнен сыртқа қыдырып болсын бір қадам аттағым келмейтін. Үйдегі жайлылықты жақсы көрем. Бірақ осылай ел көруді Құдай бұйыртып тұрған болар”, — дейді апа.
Қазақстаннан 9 мамыр күні ел аралауға шыққан саяхатшылар, ең алдымен Сафар апаның туған жері Өзбекстанға аттанған.
«Мен өзбектің қызымын. Қай жылдары екенін нақты білмеймін, ата-апам мал шаруашылығының жағдайы жақсы болмағаннан кейін Қазақстанға көшіп кеткен. Өзбекстанда туылсам да, Қазақстанда есейдім. Балаларымның арқасында көрші барып, туысқандарыммен қауышып тұрамын. Осы жолы да Ташкент, Самарқандқа барып, туған жерді көріп қайттым», — дейді апа.
7 елдің ішінен Сафар апаға Малайзия қала сәнін келтірген ғимараттарымен, алыптығымен бәрінен де қатты ұнаған. Бірақ Үндістандағы Тәж-Махалды көргенде қария әлемде мұндай кереметтің бар екеніне таңырқаған.
«Тәж-Махалға келгенде Жәннатқа кіргендей боласың. Сансыз әсем бақтар, мешіттің жан-жағына отырғызылған ағаштар, ағып тұрған фонтандар — барлығы сол маңайдың сәнін кіргізіп, Тәж-Махалдың кереметтігін көрсетіп тұр. Не деген кең етіп салған десеңізші! Біз секілді мешітті көруге ұмтылған адам көп: туристі, жергілікті тұрғыны қайсы екенін айту мүмкін емес. Ішіне кіргізерде қызметкерлері біздің үсті-басымызды өте мұқият тексерді. Ішіне кіріп намаз оқыдым, басынан аяғына дейін аралап шыққанша үш сағаттың қалай өтіп кеткенін байқамай қалдық», — дейді Сафар апа.
Әр елдің мәдениеті, жергілікті халқы саяхатшыға ерекше әсер қалдырған. Мысалы, Оңтүстік Кореяға барып, көрнекі жерлерді аралағанда Чумон патшаға арналған зиярат ету жері таңдай қақтыртқан.
«Теледидардан сериалын көріп отырып, өміріне таңғалушы едім. Зиярат етуге келген адамдарды көріп ғұмыры босқа өтпегенін, расында мықты адам болғанын түсіндім. Өмірден кеткеннен кейін де соншама адамның басын бір жерде жинау әркімнің қолынан келе бермес», — дейді Сафар Ербота.
Оңтүстік Корея сарайымен, зиярат етуге арналған жерімен сүйсіндірсе, Сингапур апаны жасыл бақтарымен тамсандырған. «Ұшақ қонатын жердің жанында үлкен әрі әсем бақтары бар екен. Адамдар, сірә, ұшаққа міну үшін емес, сол бақтарды көру үшін барады-ау» , — дейді саяхатшы.
Әрине, саяхаттау кейде қарт түгілі жастардың өзіне қиынға соғып жатады. Алайда, көптеген мемлекеттерді аралаған апамызға аяғына киген ыңғайлы кроссовкілері шаршамай, рахаттанып жүруге көмек берген. Сафар апа саяхаттағысы келетін қарияларға сапарға аттанар да осы аяқ-киімді сатып алуға кеңес береді.
«Егер қан қысымы болмаса, денсаулығы жақсы болса шықсын. Бармаймын десе, апарғысы келген баласы қапаланады», — дейді апа. Әр елдің мәдениетімен, тұрмысымен кем дегенде 2-3 күнде танысып үлгерген апа келесі жылы Мекке мен Мәдинаға қажылыққа аттанбақ.
stan.kz