Қазақстан халқының саны 18,5 миллионнан асты
Қысқа сілтеме алу
Биыл алты айдың ішінде 1 жасқа дейінгі 1 702 бала көз жұмды
НҰР-СҰЛТАН, 15 тамыз – Sputnik. Қазақстанда 1 шілде күнгі жағдай бойынша халық саны 18 миллион 507,9 мың адамға жетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
2018 жылдың 1 шілдесінен бері қазақстандықтардың қатары 235,5 мың адамға (1,3%) көбейді.
Статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, қала халқының саны 10 миллион 816,6 мың адам болды. Бұл – барлық қазақстандықтың 58,2 проценті. Қалған 41,8 проценті – 7 миллион 726,3 мың адам ауылда тұрады.
Тағы оқыңыз: Назарбаев елдегі қазақтардың үлесі қанша процентке жеткенін мәлімдеді
Биыл алты айдың ішінде 1 жасқа дейін қайтыс болған балалардың саны 1 702 адам болды. Былтыр тура осы кезеңде 1 626 бала көз жұмған. Осылайша, бала өлімі 4,7 процентке артып отыр. Негізгі себептері – перинаталдық кезеңдегі жағдайлар (881 бала), туа біткен ауытқулар (337 бала), тыныс алу мүшелерінің аурулары (131 бала), сондай-ақ, улану, жарақат алу мен жазатайым оқиғалар (60 бала).
Көші-қон саласында Қазақстанға келетіндерге қарағанда, кететіндер көп болып тұр. Келген адамдардың саны 11,3 процентке азайса, кетіп қалғандар, керсінше, 16,9 процентке артты. Осы азаматтардың басым бөлігі ТМД аумағында көшіп жүреді. Ал Қазақстанның ішкі көші-қоны 22,7 процентке көбейді.
sputniknews.kz