Ресей Жапонияға екі аралды қайтарудан бас тартты
Ресей бейбіт келісім аясында Курил тізбегіндегі екі аралды (Хабомаи және Шикотан аралдары) Жапонияға қайтару мәселесін талқылаудан бас тартты. Бұл туралы өз дереккөзіне сілтеме жасаған жапондық Kyodo агенттігі хабарлап отыр.
Бұған себептердің бірі – Мәскеудің Жапония мен АҚШ арасындағы әскери альянсына қатысты алаңдаушылығы.
Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарованың РБК агенттігіне хабарлауынша, Токиомен арадағы келіссөздің негізгі мақсаты — бейбіт келісім. Бірақ тараптар арасында ондай келісім жоқ.
Жапония ұзақ жылдардан бері Курил тізбегіндегі — Итуруп, Шикотан, Кунашира және Хабомаи атты төрт аралды даулап келеді. Ресей үшін Курил аралдары – әскери олжа, ал Жапония үшін – қолды болған территория. Курил аралдары Жапония мен Ресей арасында орналасқан.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталар кезде АҚШ пен Ұлыбритания Мәскеуге егер СССР Жапонияға қарсы соғыс ашса, Курил аралдарын беруге уәде еткен.
1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Совет әскері Жапонияға тиесілі аралдарды аннексиялап алған. Ресей аралдарды өз иелігі деп есептейді, ал Жапония бұл аумақты өзінің бір бөлігі санап, оны қайтаруды үнемі талап етіп келеді.
1956 жылы Жапония мен Совет одағы аумақта әскери әрекеттерді тоқтату туралы декларацияға қол қойған, бірақ бейбіт келісім жасалмаған.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғалы бері 70 жылдан астам уақыт өтсе де, төрт аралдың мәселесі әлі күнге дейін бейбітшілік бітімін жасаспаған Ресей мен Жапония арасындағы жер дауына айналған.