«Зияны жоқ». Тұрғындарды кеніш маңынан көшірмейтін болды

0

«МҰНДА ТҰРУ ҚАУІПТІ»

Қарағанды облысындағы Ескі Жәйрем ауылының мыңнан астам тұрғыны жақында жергілікті биліктен өздерін басқа аймаққа көшіру туралы өтініштері қанағаттандырылмайтынын білген. Мамыр айында кен орнына көрші елдімекен тұрғындары өздерін кәсіпорыннан алыс жерге көшіруді я өтемақы төлеуді сұрап, әкімдікке өтініш жазған. Жуырда осы мәселе бойынша жиналыс өтіп, оған сол күні келуге мүмкіндігі болған отызға жуық тұрғын қатысқан. Жиналыста тұрғындар өздері жазған өтініштен соң құрылған, бірнеше облыстық департамент пен Жәйрем тау-кен байыту комбинатының (ауыл маңында орналасқан карьерлер осы комбинатқа қарайды) өкілдерінен тұратын комиссия «кен өндірудің ауыл мен оның тұрғындарының денсаулығына зияны жоқ» деген қорытынды шығарғанын естіген.

Осыған дейін жарылыстардан үйлерінің қабырғасы жарылғанын, ал үйінділердің жанында тұру адам денсаулығына зиян екенін айтқан ауыл тұрғындары шенеуніктер сөзіне разы емес.

— Комиссия жұмыс істеген күндері жарылыс жұмыстары да күрт бәсеңдеді. Бұл әдейі ұйымдастырылмаған болар деп үміттенемін. Мүмкін кәсіпорын хат жазған тұрғындардың шағымына құлақ түріп, жарылыстар күшін азайтқан шығар? Бұрын, әсіресе карьерге жақын тұратындардың үйін бүлдіріп келген күшті жарылыстар қайталанады деп қорқамыз. Ауылдағылардың көбі карьерде жұмыс істейтіндіктен, халықты басқа жаққа көшіру немесе өтемақы төлеу мәселесін қайта көтеруге қаймығады. Комиссия «бәрі қалыпты» деп айтарын алдын-ала топшылағанбыз. Комиссия қорытындысымен келіспейміз. Біздің ойымызша, мұнда тұру қауіпті, — дейді жергілікті тұрғын Любовь Иксанова.

Ескі Жәйрем ауылының тұрғыны Любовь Иксанова. Қарағанды облысы, 20 мамыр 2019 жыл.

Ескі Жәйрем ауылының тұрғыны Любовь Иксанова. Қарағанды облысы, 20 мамыр 2019 жыл.

Тұрғындар кеніш жұмысына қарсы емес. Комбинаттың қаланың өмір сүруіне қажет екенін олар да түсінеді. Бірақ олар тұрғын үйлерге жақын жатқан үйінділерден шаң мен жағымсыз иіс келетінін, бұл адам денсаулығына қауіпті екенін айтады.

— Желмен ұшып келген зиянды заттар бау-бақшаға түседі. Тұрғын үйлерді карьерден 20 шақырым қашықта орналастырып, дезинфекция жасау керек. Дәрігерлер жәйремдіктерді жақсы таниды. Менің жүрегім мен өкпем ауырады. Құрғақ жөтел де мазамды алады. Мұндай кен орындары жоқ аумаққа көшуіміз керек. Бүкіл ауыл кеніш үстіне тұрғызылған. Басқа жақтан келгендер лас ауа мен тыныс алудың қиын екенін бірден сезеді. Мұндай шағын ауылды көшіру мемлекетке түк емес. Қазірдің өзінде адам аз қалды, — дейді аты-жөнін атамауды өтінген Ескі Жәйрем ауылының тұрғыны.

«ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚ ТІРКЕЛГЕН ЖОҚ»

Ескі Жәйрем шағын ауылы қарайтын Жәйрем ауылының әкімі жергілікті жерде жұмыс істеген комиссияның «экологиялық және санитарлық нормалар бұзылмаған» деген қорытындысымен бөлісті. Әкімнің сөзінше, жәйремдіктердің хатынан кейін жергілікті билік экология, төтенше жағдайлар және өндірістік қауіпсіздік департаменттеріне хабарласқан.

Ескі Жәйрем ауылының әкімі Аманғазы Нәукенов. Қарағанды облысы, 20 мамыр 2019 жыл.

Ескі Жәйрем ауылының әкімі Аманғазы Нәукенов. Қарағанды облысы, 20 мамыр 2019 жыл.

— Сарапшылар арнаулы құрылғылар көмегімен ауа құрамындағы зиянды заттарды зерттеді. Комиссия жұмыс істеген екі аптаның ішінде алты-жеті жарылыс жасалды. Экологтар жарылыс кезінде үш тұрғынның үйіне барып көрді. Біз де сонда болып, жағдайды бірге бақыладық. Қорқынышты ештеңе байқамадық. Ауылда өткен жиналыста адамдарға осыны айттым. Кәсіпорынның бір аптаға жасаған жарылыс жоспары бар. Олар жұмысын тоқтатса, жоспар орындалмай қалады ғой. Жақын күндері тағы бір жарылыс болады. Біз тағы да жағдайды қадағалауға қатысамыз. Мүмкіндігінше барлық жарылыс кезінде бақылауға тырысамыз. Бірақ халықты көшіру мәселесін қарастыра алмаймыз: ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ қой, — деді Жәйрем ауылының әкімі Аманғазы Нәукенов.

Ауыл тұрғындарының хатынан кейін Жәйрем тау-кен байыту комбинатының санитарлық-қорғаныс аймағын Қарағанды облыстық тауарлар және қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің тапсырмасы бойынша Қаражал қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы (Жәйрем Қаражал қаласына қарайды) тексерген.

Департамент ұсынған ақпаратқа сәйкес, жарылыс кезінде Ескі Жәйрем ауылының Батыс кен орнындағы карьерден бір шақырым жерде орналасқан тұрғын үйлер аумағындағы екі жерде ауа құрамындағы күкірт диоксиді мен азот мөлшерін анықтау үшін зерттеу жүргізілген. Зерттеуге Қарағанды облыстық экология департаментінің сынақ зертханасы қатысқан.

Қарағанды облыстық тауарлар және қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаевқа жолдаған хатында «Ауа құрамын талдау нәтижесінде, атмосферадағы зиянды заттар мөлшері рұқсат етілген шекті нормадан аспағаны анықталды. Қаражал қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы кезектен тыс тексеріс кезінде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы бойынша заңбұзушылықтар тіркеген жоқ» деп жазылған.

Қарай отырыңыз: Ескі Жәйрем тұрғындары басқа жаққа көшіруді талап етеді.

Азаттық тілшісі «Қазцинк» компаниясы құрамына кіретін Жәйрем тау-кен байыту комбинаты әкімшілігінен түсініктеме ала алмады. Осыған дейін ауыл тұрғындары жазған хаттан хабардар екенін айтып, Азаттық тілшісіне хабарласуға уәде берген комбинат өкілі қайта байланысқа шықпады. Азаттық тілшісінің бұдан кейінгі қоңырауларына жауап берген комбинат қызметкері «басшылар орнында жоқ» деп жауап берді.

«Қазцинк» сайтындағы ақпаратта компания Жәйрем кен орнын «жерасты кен өндіру жұмыстарында әлеуеті зор» нысан ретінде қарастыратыны, оның орнына ірі полиметалл кәсіпорны құрылуы мүмкін екені жазылған. 2017 жылы кен орнында қорғасын байыту фабрикасының құрылысы басталған. Құрылыс алаңы тұрғын үйдің жанында орналасқан. Бұл – Ескі Жәйрем тұрғындарын алаңдататын тағы бір мәселе.

УӘДЕСІ КӨП ӘКІМДІК

Жәйрем ауылының әкімі Азаттық тілшісіне қыркүйек айында жергілікті билік тұрғындармен тағы бір кездесу өткізуді жоспарлап отырғанын айтты. Әкімдік алдағы уақытта өткен жылы іске қосылғанымен, әлі күнге дұрыс жұмыс істемей тұрған су құбыры жұмысын реттеу, спорт алаңын салу, қоқысты тазарту, қазылған және бүлінген жолдарға құм төсеу, мектептің спорт залын жөндеу сияқты бірқатар коммуналдық мәселелерді шешуге уәде беріп отыр.

Тұрғындар ауылдың жаңа бөлігіне автобус аялдамасын қоюды сұрайды. Бірақ тұрғындар негізінен басқа аумаққа көшіруді немесе денсаулығына келетін зардап үшін өтемақы төлеуді талап етеді. Бірқатар тұрғын өздерін Жәйрем кентіндегі бос тұрған үйлердің тұруға жарамды бөлігіне орналастыруды ұсынған.

Жаңа Жәйрем кентіндегі бос қалған тұрғын үйлер.

Жаңа Жәйрем кентіндегі бос қалған тұрғын үйлер.

Ауылда бұрыннан тұратын қарттар Азаттық тілшісімен әңгімеде тұрғындарды басқа жерге көшіру мәселесі 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында көтерілгенін еске алды. Олардың айтуынша, ол кезде билік аталған мәселеге назар аудармаған. Кен өндіру мен өңдеу көлемі артқан сайын, жергілікті тұрғындардың да қаупі күшейіп келеді. Ауыл тұрғындары жағдай оң шешімін табар деген үмітпен ел астанасына хат жазатынын мәлімдеді.

Azattyq