Зиялы қауым өкілдері «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жайлы не дейді?

0

Келер ұрпаққа керек дүние

Елбасының тарихқа байланысты көзқарас білдіріп отыруын тарихшылар қажетті шарт-дағды ретінде қабылдайтыны бар. Президент жай айтып қана қоймайды, өзекті, маңызды ғылыми жобаларға алдын ала негіз қалап отырады. «Мәдени мұрадан» бастап тарихи маңызы зор, руханиятты өркендетуде өлшеусіз мәнге ие сол жоба­лардың бастамашысы болып, қозғау салатын да өзі. Осы жолы да ұлттық тарихымыздың ең өзекті қырларын, ұлттың рухани сапасын жаңа сатыға көтеретін ойларын білдірген екен.

Мына нәрсені білуіміз керек. Біз өз тарихымыздан өзіміз жеріп қалған халықпыз. Қазақта «Қағынан жеріген құлан» деген мәтелге айналған ауыр сөз бар. Ұлттық тарихқа байланысты Президенттің жасаған тұжырымдары іргелі ойларды қозғайды. Еуроцентристік көзқараспен бірге ресейцент­ристік көзқарасқа сыни тұрғы­да қарай алғанда ғана, біз өз тарихымызға құрметпен қарау­ды үйрене бастаймыз. Әсіресе Ресеймен байланысты соңғы үш ғасырлық тарихымыз түбірімен қайта қарауды қажет еткелі қай заман. Осы тұрғыда айтқан Президенттің ойын толығымен қолдаймын. Президент мақала­сының тарихқа байланысты ойларының әр жолы біздің халқымыздың жүріп өткен жолын ғылыми деректерге негіз­делген шынайы баяндауымен көкейге қонады. Шетел ар­хивтері мен музейлерінде сақталған ұлтымыздың құн­ды жәдігері мен тарихи мәлімет­терін елімізге алдыруға қатысты ойлары тың. Сонымен бірге архив мәселесінде бізде әлі жасалмай жатқан шаруалар шаш-етектен. Мысалы, сол шетел мұрағатын былай қойғанда, алысқа бармай-ақ, өзіміздің мемлекеттік архивтерде жатқан кешегі тарихымызға тікелей қатысы бар маңызды деректер мен материалдарды толықтай жарыққа шығара алмай отырмыз. Айталық, Алаш қозғалысы, Алаш сот процестері туралы дерек әлі бүркеулі күйінде, біздің айтып жүргеніміз бір пұшпағы ғана. Ал Алаш деген – біздің тарихымыздың өте маңызды бөлшегі. Қайта жаңғырып жатқан Алаш тарихына өте-мөте қамқорлық керек. Осы уақытқа дейін Алаш мәселесі бойынша еліміздің ең жоғары билік сатыларына, Парламентке дейін бірнеше рет хат жаздым. Алаш деген – мемлекеттілікті жаңғырту әрекеті еді, ал осыдан неге сонша қауіптенеміз? Мұнда күдіктенетін, күмән­мен қарайтын ешнәрсе жоқ. Мемлекетін жаңғыртып, даму­дың жаңа сатысы мен даң­ғыл жолына түсірген ұрпақтарына басқа ел әлдеқашан өз бағасын беріп қойды. Ал біз әлі баға берген жоқпыз. 

Алашшыл азаматтардың бәрі де большевизммен күрес­ті. Ал большевизм деген – қазақ қоғамына қарсы жасалған агрессия. Кім большевизмді қабылдамады, сол қуғын-сүргін құрбаны болды. Халық жауы атанды. Атылды. 

Совет үкіметі бізге, қазақ халқына сырттан күшпен таңылған үкімет. Біз қазіргі өмір сүріп отырған мемлекетіміздің тәуелсіздігін, билігін заңды үкімет деп мойындасақ, оның арғы жағында Алашорда жатыр. Алашорда да заңды билік болатын. Большевизм осы үкіметті күшпен жойды. Осыны ұмытпауымыз керек. Ал бұл дегеніміз тарих қой, осыған байланысты деректің бәрі архивте сірескен күйі жатыр. Сондықтан Президенттің өзі тарихты жаңаша жазудың жобасын көрсетіп, жол сілтеп, пәрмен беріп отырған кезде архивте жатқан материалдарды жариялауға асығуымыз керек, қолдан тұсалып отырған жұмыстар атқарыла бастауы керек. Ол үшін шекара асып басқа елге барудың, іссапарға шығу­дың, қаржы шығындаудың да қажеті жоқ, осы өзіміздің іргеміз­дегі мекемеге берілген Алаш­тың құжаттық материалдарын ғылыми айналымға шығарып, игерудің әрекеті ғана қалып тұр. Абайдың күйініп айтқан: «Бір жанға екі өлім әділет пе?» дегені дәл осы Алаш ардақтыларына арналып айтылғандай. Советтік тоталитарлық жүйе басып тастаған арман-тілекті аршып алу тәуелсіз ел ұрпағының аза­маттық парыз-борышы емес пе? Олар туралы бар­лық шындықты айта алма­сақ, екінші мәрте өзіміз өлтір­геніміз ғой. Бұл өте өзекті мәселе, осыған көңіл аударуымыз керек. Бұл бізге ғана емес, болашақ ұрпаққа керек дүние. Керек болса, бұл тарих алдындағы, болашақ алдындағы аға буын тарихшылардың жауапкерші­лігі. Ал сол тарихи шындықты кәсіби машықпен жеткізе алатын тарихшылар қоғамымызда бар, жеткілікті. Президент архив мәселесін айтқанда, алдымен келген ой осы болды. 

Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ, 

тарих ғылымдарының докторы, профессор

АЛМАТЫ

Жылқы жалындағы жылнама 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлт тарихының ұлағатын ұқты­ратын салмақты да салиқалы еңбекті тұшына оқып, тәнті болдық.  

Көне тарихты кеудесінде қым­таған Ұлы дала төсінен жылқы­ның жалына жабысып өміршең өркениеттің төрткүл дүниеге тегіс тарағандығын ойлаған сәтте көкірегің уылжып, өне бойыңды масайраған мақтаныш билейді екен. Солтүс­тік өңірдегі сонау энеолит дәуіріне тиесілі Ботай қоны­сының қойнауын ақтарған кезде жылқы жарықтықтың ең алғаш рет дәл осы жерде басына жүген, арқасына ер салынып, қолға үйретілгендігі мәлім болып отыр. Міне, осы сәттен бастап айбарынан ай ыққан Алаш баласы әлемде үстем болды. 

Табиғатына тым жақын, жақ­­сы­лығын молынан көрген біз­дің жұрттың жылқы баласын шыбын жанына теңейтін лүпіл­деген сезімі бәлкім осы кезден бас­тау алған шығар. Ет жүрегі елжі­рей сүйетін перзенттерін «құ­лын­шағым, құлыным» деп айна­лып-толғанғанда бір керемет мән жатыр емес пе?! Айт­пақ­шы, Солтүстік Қазақстан об­лы­сының Айыртау ауданына қарас­ты Никольское ауылы­ның маңын­дағы Ботай қонысы талайды таңғалдырған. Дәл осы жерден тастан жасалған көп қырлы жебе, садақ, қанжар, пышақ, найза тәрізді қару-жарақтардың өте көп табылуы сол дәуірдегі дала төсіндегі өрке­ниетті қапысыз аңғартып тұр. Дәл осы қоныстан табылған 133 мыңға жуық жылқы сүйек­тері зерттелді. Бір айта кетер­лігі, Ботай жылқысының бітім-бол­мысы, яки сүйектері ежел­гі жылқы сүйегінен ерекше­ле­не­ді екен. Түбегейлі зерттеуден кейін ғалымдар  Ботай жылқысы қол­ға үйретілген деген пікірді ұс­тан­ды. Яғни, Ұлы даланың жел жетпес жүйріктері жабайы жануар емес. Демек, үй шаруа­сына, жорыққа, саят-серуенге пай­да­ланылған. Ботай жылқысын қапысыз зерттеу үшін Мәскеу, Англия, Германия ғалымдары да ат­салысты. Ортақ қорытынды мына­дай, Ботай қонысы күллі Еура­зия кеңістігінде дамыған мал шаруа­шылығының орталығы болған. Бұл жаңалық құлағы түрік күллі әлемді елең еткізді. Ар­хео­­логиялық экспедицияның же­тек­шісі Виктор Зайберт Анг­лия­ның Кембридж универси­тетінде Ботай қонысы туралы лек­ция оқыды. Сөйтіп әлем жұрт­шылығы Ұлы даланың ұла­ға­тын ұға бастады. 

Қоныстың қойнауында қалғып жатқан құпия көп. Көптігінен болар, отыз жылға жуық зерттелген. Әлі де ашылмаған жұм­бағы аз емес. Міне, Елбасы мақа­ласы­ның маңызы осы арада емес пе?! Өш­кенімізді жандырып, жо­ғал­­ғанымызды тауып берген ру­ха­ни жаңғырудың қайта түле­ген жалғасының осылайша сабақтасуы біздің де көңілімізді демдеп отыр.  

Болат КӨШІМБАЕВ,

Көкшетау қаласының құрметті азаматы             

Ақмола облысы