Джон Кеннеди: Нүкте қойылған күн

0

Джон Кеннеди: Нүкте қойылған күн

1917 жылы 29 мамырда дүниеге келген АҚШ-тың 35-президенті Джон Кеннеди осыдан тура 55 жыл бұрын қылмыскер қолынан қаза табады. Әлі күнге дейін сыры ашылмаған қылмысқа әртүрлі тұжырым айтылғанымен, шындық біреу ғана: атақты президент қайта оралмайды. Бүгін біз сіздерге күллі АҚШ шын сыйлап, құрметтеген президенттің өмірімен таныстырамыз.

|Отбасы:
«Джон» немесе «Джек» деп отбасында еркелетіп атайтын болашақ президент – Роза Элизабет Фицджеральд пен Джозеф Патрик Кеннедидің тоғыз баласының екіншісі. Оның әкесі жақсы табыс табатын. Дегенмен, ерлі-зайыптының отбасылық өмірлері тыныш өте қойған жоқ. Розаны Джозефтің мансап қуу барысында ешнәрседен тайынбайтыны қорқытатын. Одан бөлек, болашақ президенттің бауырларының денсаулық жағдайы нашар болатын. Кеннедилердің үлкен қызы Розмари өз қатарластарынан ойлау жүйесі бойынша әлдеқайда төмен еді. Джонның өзі де аурушаң болды. Отбасылық мәселелерден бой жазу үшін анасы Еуропа мен АҚШ аймағын шарлап, жиі саяхаттаған.

Джон кеннедиКеннеди отбасы

Бұл уақытта Кеннедилердің ішкі отбасылық сырын ешкім біле бермеді. Оларды бақыт пен байлық ортасындағы отбасының негізін қалаушылар ретінде білді. Кейін мансап жолында жүрген Кеннеди Джозеф сол уақыттағы беделді адамдармен жақын араласа бастады. Тіпті, президент кеңесшісі болған Франклин Рузвельтпен де достық қарым-қатынас орнатқан еді.  Бірақ, болашақ балаларым үшін деп қызмет етіп жүрген әкенің бар үміті Джон емес, үлкен ұлдары-тұғын.

|Гарвард

Джон кеннедиДжон туғаннан аурушаң болатын. Ауруханаға жиі жататыны соншалықты кейде үй жағдайында білім алған. Мектепте жақсы оқымаса да, белсенділік танытқан. Денсаулығының нашарлығына қарамастан, бейсбол, баскетбол мен жеңіл атлетикаға қатысқан. Кішкентай кезінде оқу мен спортты қатар алып жүрген ағасының көлеңкесінде қалып қоятын. Мүмкін бұл “Макер клубы” аталатын тентек балалардың ұйымына қосылуына әсер еткен болар деп те тұжырымдайды.

Тентектігіне қарамастан, мектепте оны жақсы көретін. Кейін Джон білім алған мектептің директоры Чоут: “Джекке сабырлы болған ұнамайтын. Оның әзілкештігінде шек жоқ еді… Адамдарды еріксіз өзіне баурап алатын”,– деп еске алады.

Орта білім алған соң, бозбала Гарвардта білім алуды көздейді. Бірақ, сары ауру бүкіл жоспарын көкке ұшырады. Үйіне оралып, Принстонға оқуға түсуге мәжбүр болады. Дегенмен, 1936 жылы тамыз айында Гарвардқа оралады. Кейін әкесі баласының дарынсыз емес екендігін, оның оқуға деген қызығушылығының болмауы басқада екенін былайша түсіндіреді: “Джек өзіне қызық нәрселерді ғана асқан ықыласпен зерттеп, соған қол жеткізеді. Ол қызықпаған нәрсені қанша күш салса да, меңгере алмайды”.

Жазғы демалыстарының бірінде Кеннеди Еуропаға саяхаттап, фашистік Германия мен Италияны өз көзімен көреді. Келе сала, саясат пен тарихқа қызығып, дипломдық жұмысын “Мюнхендегі тыныштық саясаты” атпен жазады. Дегенмен, Гарвард профессорларын бұл жұмыс таңқалдыра қоймады. “Нашар жазылған, дегенмен, қиын мәселеге сапалы және қызықты сараптама жасаған”, – деп пікір білдіреді. Жасаған жұмысы “өте жақсы” деген баға алады.

Тақырып өзекті болатын, ал Джонның әкесі сол уақытта ауқатты адамдардың бірі еді. Кейін оның дипломдық жұмысы қайта жазылып, “Неге Англия ұйқыда?” деген атаумен кітап болып басылып шығады. Бұл жұмысты дамытуға «New York Times» шолушысы Артур Крок көмектеседі.

|Соғыс уақыты
Гарвард университетін аяқтаған соң, Джон болашақ туралы ойлай бастайды. Сол уақытта АҚШ ресми түрде Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысады. Болашақ президент әскери қызметке өтуді көздейді. Әрине, нашар денсаулығы бұған кедергі келтіреді. Осы жолы тағы да әкесінің беделін қолданады. Алдымен Кеннеди АҚШ-тың вашингтондық теңіз-әскері бөлімінде қызмет етеді. Кейін, Оңтүстік Каролина штатындағы Чарлстон қаласына өтеді. 1943 жылы көктемде PT-109 құрамында болады. Оны Жапониямен әскери басқыншылық жүріп жатқан Тынық мұхитқа жібереді. 1943 жылы 2 тамызда жау басқыншылық жасап, олардың катеріне шабуыл жасайды. Джон осы шабуыл барысында арқасын зақымдайды. Жағалауға дейін жаралы әскердің бірін арқалап жеткізеді. Осы жолда еткен еңбегі мен ерлігі үшін кейін арнайы ордендермен марапатталады. 

Осы жылдың желтоқсан айында безгек ауруына шалдыққан Джонды әскери қызметтен босатуға мәжбүр болады.

|Саяси қызмет
Әскери қызметін аяқтаған соң, Кеннеди журналист ретінде қызмет атқарады. 1944 жылы саяси қызметтегі ағасы қаза табады. Оның орнын Джон басады. 29 жасында демократиялық партияның конгрессмені атанады. Дәл осы сәт аралығында оның өмірінде сүйікті жары Жаклин пайда болады.

|ЖаклинДжон кеннеди
Болашақ жұбайлар 1952 жылы көктемде танысады: 35 жастағы саясаткер мен 22 жастағы газет тілшісі. Дегенмен, олардың қарым-қатынасында романтикаға орын жоқ еді. Тіпті, ұсынысты телеграф арқылы жасаған болатын. Тұрмысқа шыққан соң, Жаклин ешқашан Джонның өмірінде бірінші орында болмайтынын ұқты. Өйткені, Джон үшін мансап маңызды болатын.

|Президент мырза
Джон кеннеди
Президент орнына Кеннеди 43 жасында қол жеткізеді. Өзінің қарсыласы Ричард Никсонді небәрі 1% дауыспен басып озды. Кеннеди өзімен бірге жастардың тобын алып келді. Экономистер мен академиктердің қарым-қатынасын өзгертті. Егер бұрында мемлекеттік қызметтегілердің 42% бизнесмендерге тиесілі болса, оның уақытында бұл көрсеткіш 6%-ға төмендеді. Ал, профессорлардың мемлекеттік қызметке орналасуы 18%-ға артты. 

Сыртқы саясатқа аса қатты мән берген ол КСРО мен АҚШ қарым-қатынасын жақсартуға ат салысты. 1962 жылы екі ел өзара ядролық сынақты шектеу жөніндегі алғашқы келісімшартқа қол қойды. Одан бөлек, қара нәсілділердің құқығы үшін күресіп, ғарыш саласының дамуын қолға алды. Оның кезінде “Аполлон” бағдарламасы іске асты.

|НүктеДжон кеннеди
Мүмкін, президент ретінде бұдан да көп іс атқарар ма еді?! Дегенмен, оның Далласқа сапары өміріне нүкте қойды. Бұл саяхат 1964 жылы іске асатын сайлауға дайындық жұмысы болатын. Көшедегі президенттік шеру кезінде оған қасақана оқ жаудырып, миға зақым тигізген оқтан қаза табады.