ЖЫЛҚЫ ДЕГЕН ҚҰР АТ ПА?

0

«Ұлы даланың жеті қыры» атты Елбасы мақаласы Тәуелсіздікпен бірге өсіп келе жатқан жас ұрпақтың кеудесіне мақтаныш сезімін ұялатады. Бір кезде «Қазақ тарихында ұялатын ешқандай жағдай жоқ» деген сөзді айтқан Мемлекет басшысы бұл жолы да жалпы қазаққа ұлттық мақтаныш дәнегін тастады.

Жақында баспасөзде қызмет атқарып жүрген бірнеше жас журналистен «тест» алуға тура келді. Олар «Жүген, айыл, таралғы, құйысқан» дейтін сөздердің мәнісін білмеді. Жобалап айтқан болады, бір жерден оқығаны анық, бірақ жөпелдемде әлгі сөздердің жөн-жосығын дәл тауып айта алмады. Сосын ойлануға тура келді. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» деген керемет мақала жазды. «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретіл­генін дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі. Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр – жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі. Біз әлемнің барлық түкпіріне ежелгі қазақ жерінен тараған осынау ұлы тех­нологиялық революцияның жемісін адамзат баласы ХІХ ғасырға дейін пайдаланып келгенін ұмытпауға тиіспіз», – деді.
«Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашы­лығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі», – деп отыр Мемлекет басшысы. Ал бүгінгі жастар атқа мінбек түгілі, ат әбзелдерінің атауынан мүлдем хабарсыз. Бұл қалай? Әлемге «Қазақстан – жылқының Отаны» деп жар салып отырғанда жастардың төрт түлікке қатысты заттар мен бұйымдардың атауын жөндеп білмеуі ойландырмай ма?
Белгілі тарихшы, профессор Ахмет Тоқтабай жылқы тарихын кеңінен зерттеген адам. Ол «Военный сборник», «Русский инвалид», «Журнал коннозаводства», «Журнал конно заводства и охоты» және тағы басқа осы сияқты қоғамдық, ведомстволық, жекеменшік газет-журнал беттерінде қазақ жылқысы хақында әртүрлі дерек-ақпарлар басылып тұрды. 1870 жылы «Сведения о коннозаводстве Тур­кестанского края» (СП) деген журналда жарық көрген Н.Бахметьевтің мақаласы Түркістан өлкесіндегі жылқы заводтарына арналғанымен, автор онда қазақ жылқысының далада бағылып, табиғат аясында өсетінін айта келіп, «қолға ұсталып, үйде бағылатын жылқыны қазақтар ерек­ше бағалайды, оның бағасы 200 сомнан асады» дейді. «Бірінші жыл туған құлын желіде жатады, енесін әбден суалғанша «арықтатып» отырып сауады, жас құлынның өсіп-жетілуіне көп зиян келеді. Екінші жылы таңбасы салынады. 2 жасқа келген атқа 12-ден асқан бала мінеді де, ертеден қара кешке дейін мал қайырумен болады. 3-ке келгенде нағыз ат үйрету, барлық жағынан сынау басталады» деп көрсетеді» деген деректер ұсынады.
Күні кеше баспагер Жандос Бәделұлы Болат Төлепбергеновтің «Төрт түліктің төресі» дейтін су жаңа кітабын тарту етті. Ішінде жылқыға қатысты талай құнды дүние бар. Жылқыны бағу, өсіру, сою, жіліктеу туралы қаншама бағалы ақпарат жинақталған.
Енді осыдан шығатын түйін қандай? Жеке­леген ғалымдар жетесіне жеткізіп зерттегенімен, біздің бүгінгі жас ұрпақ жылқы түлігі төңірегінде «мынау – ат» дегеннен артық білмей жатқан жоқ па? Осындай жағдайда не істеу керек? Менің ойымша, бірінші кезекте жылқы түлігіне қатысты түрлі-түсті суреттермен безендірілген арнайы энциклопедия шығару қажет тәрізді. Бұл кітап қазақ және ағылшын тілдерінде болса, тіпті жақсы! Бұл – бір.
Екіншіден, «Өзін-өзі тану» сияқты пәннің орнына «Қазақтану» атты сабақ енгізілсе дейміз. Онда 100 томдық «Бабалар сөзі» сериясымен шыққан кітаптар оқытылып, балаларды қазақтың салт-дәстүріне жастайынан қанықтыру мақсаты көзделсе, шіркін! Сонда Елбасымыздың «Мәдени мұра» бағдарла­масымен жинақталып, жарыққа шыққан «Бабалар сөзі» том-том болып, сөрелерде сіресіп тұрмас еді. Бүгінгі қазақтың жас буыны ауыз әдебиетімен ауызданып, салт-дәстүрге терең сусындаса, қандай ғажап болар еді!

Нұртөре ЖҮСІП