Жүзу бассейніне жеңімпаз есімі берілсе игі
Осыдан сегіз жыл бұрын алғашқы кірпіші қаланған Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт сарайы да еліміздегі спортты дамыту мақсатындағы игі бастамаға өзіндік үлес қосуда. Жалпы құны 5 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалған мекеме 2013 жылы халық игілігіне берілді. Содан бергі уақытта аталған спорт сарайы ел спортының дамуына үлес қосып, әлемдік, халықаралық деңгейде жеңімпаздарды дайындап келеді.
«Тараз-Арена» мекемесінің директоры Нұрлан Саурықовтың айтуынша, мұнда спортшыларға әмбебап зал, кіші спорт зал, ауыр атлетика залы, бокс залы, жүзу бассейні сияқты 12 спорт залы қызмет көрсетеді екен. Сонымен қатар, мекеме арнайы медициналық қабинетпен және қажетті заманауи стандартқа сай спорттық құрал-жабдықтармен қамтылған. Тағы бір айта кетерлігі, спорт кешенінің бес ауысымдағы өткізу қабілеттілігі жоғары, сыртқы алаңдарды қосқанда 15 спорт түрімен 2500-ге тарта спортшы бір күнде спортпен шұғылдануға мүмкіндік алады.
Әрине, әрбір азаматтың саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануы құптарлық іс. Мемлекеттің спорт саласына тиісті көңіл бөлуінің нәтижесінде «Тараз-Арена» спорт сарайында жаттығатын өңір спортшылары да жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. Риода өткен Паралимпиада ойындарының жеңімпазы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Зүлфия Габидуллинаның жетістігінің өзі бір мәртебе. Жергілікті биліктің батыр қызға деген құрметі ретінде жеке үй салып бергені де ел есінде. Талай биікті бағындырса да сол бір қарапайым қалпынан айнымаған асыл адам жөнінде көп нәрсе айтуға болады. Ол спортта өзінің лайықты бағасын алды. Ендігі жерде бүгінгі жастарға, болашақ жеңімпаздарға үлгі ретінде Зүлфия Габидуллина есімін есте ұстау қажет.
Елдің атын қашанда ер шығарады. Бүгінде елімізде Геннадий Головкин, Серік Сәпиев, Дмитрий Баландин сияқты әйгілі спортшылардың атында спорт сарайлары бар. Бір жағынан еңбекті ескеру, екінші жағынан жастарға үлгі ретінде қолға алынған бұл бастаманың әлі талай спорт саңлақтарына қуат беретіні сөзсіз. Бұдан кейін әрбір спортшының көкейінде осы күнге жетсем деген үміт шырағының маздайтыны да рас. Бұл ретте әлем рекордын жаңартқан Зүлфия Габидуллинаның да еңбегін атап өтпеске болмайды. Тіпті «Тараз-Арена» спорт сарайының ішіндегі жүзу бассейнін болашақта Зүлфия Габидуллинаның есімімен атаса да артық болмас еді. Әрі жеңімпаздың өзі аталған мекеменің осы жүзу бассейнінде жаттығып, биік белесті бағындырғаны да белгілі. Қазірдің өзінде Зүлфия бассейнге келгенде талай спортшының оның шеберлігінен тәлім алатыны рас. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Саттар Бейсембаевтың да айтары бар екен.
«Мен Зүлфияны 2007 жылдан бері жаттықтырып келемін. Ол кездерде қалада «Тараз-Арена» сияқты спорт кешені жоқ болатын. Өзім сол уақытта облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасында қызмет атқара жүріп, жұмыстан тыс уақытта Зүлфия Габидуллинамен жеке жұмыс істедім. Әуелі «Дельфин» бассейнінде, М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің спорт залдарында жаттығу өткізіп жүрдік. Кейіннен Зүлфия «Тараз-Арена» кешенінде шеберлігін шыңдады. Нәтижесінде тұңғыш Паралимпиада чемпионы атанды. Бұл жамбылдықтар үшін ғана емес, бүкіл қазақ халқы үшін үлкен жетістік болды. Сондықтан «Тараз-Арена» спорт сарайының жүзу бассейнін Зүлфия Габидуллинаның есімімен атау өте орынды», дейді ол.
Бүгінде елімізде Зүлфия Габидуллинаның ізін басып келе жатқан спортшылар баршылық. Өз сөзінде еліміздегі Паралимпиада құрамасының бас бапкері Саттар Бейсембаев атыраулық Ержан Сәлімгереев, павлодарлық Дмитрий Ли және астаналық Сиязбек Дәлеев сияқты азаматтардың болашақта да Паралимпиада ойындарында топ жаратынына сенімді екенін айтты. Осы уақытқа дейін бұл азаматтар әлем чемпионатына қатысып, екі дүркін жеңімпаз атанған екен. Болашақта да бұл азаматтардың Зүлфия сынды жарық жұлдыздың жолын жалғастырып, қазақ халқының беделін әлемдік деңгейге көтеретініне сенім мол.
Жыл сайын еліміздің Паралимпиада бойынша чемпионаты Қарағанды қаласындағы Нүркен Әбдіров атындағы спорт сарайында өтіп келгені белгілі. Аталған спорт кешеніндегі жүзу бассейнінің ұзындығы 25 метр. Ал биылғы жылғы ел чемпионаты Тараз қаласында ұйымдастырылады екен. Себебі, еліміздің өзге қалаларына қарағанда «Тараз-Арена» спорт сарайының жүзу бассейнінің мүмкіндігі мол. Осы уақытқа дейін 50 метрлік жүзу бассейнінде жүздеген азамат шеберлігін шыңдаған екен. Атап айтсақ, мемлекет қамқорлығы есебінен Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйінің 25 тәрбиеленушісі, көпбалалы отбасынан шыққан мектеп жасындағы 710 оқушы және бірінші, екінші топтағы, сонымен қатар бала кезден мүмкіндігі шектеулі 106 адам бассейнді тегін пайдалануда. Болашақта бұл азаматтардың арасынан да Паралимпиада ойындарының шеберлері мен жеңімпаздарының шығатыны анық.
«Тараз-Арена» спорт кешенінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу барысында сол жердегі жаттығу залынан қазақстандық қол күрес шебері, үш дүркін әлем чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Дмитрий Трубинді кездестірдік. Трубин өз сөзінде «Тараз-Арена» спорт сарайында Зүлфия Габидуллина сияқты спорт шеберімен бірге жаттығатынын мақтан тұтатынын, сонымен қатар, осындағы жүзу бассейнін оның атына беру керектігін жеткізді. Расында да, жүзу бассейніне жеңімпаздың есімі берілсе игі.
Бұл күнде Зүлфия Габидуллинаның есімі елге жақсы таныс. Рио төрінде қазақтың туын көкке желбіреткен азаматтың жетістігіне қуанбаған қазақ қалмады. Ендігі жерде жүзу бассейнін бұдан былай Зүлфия Габидуллина атымен атасақ, оңды іс болар еді. Еліміздің әр түкпірінен спорт саңлақтарына арналып түрлі кешендер ашылып жатқанда, Әулиеата атын әлемге танытқан жанға жүзу бассейнін сыйласақ, бұл да бір елдіктің көрінісі. Жамбыл өңірінен шығып, жаһанға танылған спортшының бұл да бір мерейі болар еді. Бүгінде талай спорт саңлақтарын шыңдап, шаршы топқа салған және нәтижесін көріп келе жатқан «Тараз-Арена» спорт сарайы Жамбыл облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарайды. Алдағы уақыттарда бұл ұсыныс Жамбыл облыстық әкімдігі және аталған басқарма тарапынан қолдау тапса, туған жер тұлғаларына көрсетілген тағы бір лайықты құрмет болар еді деген ой бар.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/