Жүрсін Ерман неден қауіптеніп отырғанын айтты

0

Ертең, 8 ақпанда Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында «Адамзаттың алыбы – хәкім Абай» атты республикалық ақындар айтысы өтеді

НҰР-СҰЛТАН, 7 ақпан – Sputnik. Халықаралық жыршы, термеші және айтыс ақындары одағының төрағасы Жүрсін Ерман айтыстың жаңа дәуірін бастауға ниетті екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Біз айтыстың жаңа дәуіріне өтідің амалын жасап жатырмыз. Жалпы, соңғы жылдары айтысты кішкене табиғи қалпынан шығарып алдық па деген қауіп бар. Бұған дейін 60-70 ақын бас қосып, ақылдасып, айтыстардың шынайылығына қол жеткізейік деп, жаңа ережесін бекіткен болатынбыз. Енді, ертеңгі айтыс қалай өтеді деп, өзіміз де қобалжып отырмыз», — деді Ерман астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, астанада өтетін айтыстың басты ерекшелігі сол, шынайылығына, суырып салма қасиетіне басымдық беріледі. Бұрын ақындарды алдын ала жұптап қоятын. Содан барлығы кіммен айтысатынын біліп отырды.

«Ақындар дайындалып келетін. Сол кезде қанша сездірмеймін десе де, кішкене жаттандылық бар екенін сіздер де, бізде де жақсы білеміз. Соған жол бермеу үшін ертең бірінші рет ақындарды халықтың алдында жұптайын деп отырмыз. Заманауи технологияларды енгізіп, лототрон сияқты жәшік қоямыз да, әрбір ақынның атын жазып, бөлек-бөлек шарларға саламыз. Біздің қыздар айналдырып тұрады. Залдан кез келген көрермен шығып, екі шарды алып шығады. Сөйтіп, ақындарды жұптайды», — деді Ерман.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа ереженің арқасында ұзын сонар жаттанды айтысқа жол берілмейді. Ақындар суырып салма және аяқ астынан сөз табу арқылы үш-төрт шумақпен қайымдасып айтысады.

«Сосын қазылар алқасы ұпайды санмен көрсетіп отырмайды. Әрбіреуінің алдында екі батырма болады. Біреуі қызыл, біреуі көк. Қай ақынға көбірек көк шам жанады, сол сөзсіз айтыстың келесі айналымына өтеді», — дейді Ерман.

Тағы оқыңыз: Жүрсін Ерман: елімізді әйел басқаратындай не күн туды?!

Айта кетейік, ақындар айтысы елорданың «Астана-концерт» залында өтеді. Бұл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясындағы басты айтыс болады. Барлығы 16 ақын қатысады. Олардың ішінде Еркебұлан Қайназаров, Рүстем Қайыртайұлы, Мұхтар Ниязов, Әсем Ережеқызы сынды айтыскерлер бар.



sputniknews.kz