«Жүрсін ағаны көре алмайтындар көп»: Балғынбек Имашев Жүрсін Ерманды кімдер көре алмай жүргенін айтты — Қазақстан жаңалықтары
Stan.kz тілшісі танымал айтыскер ақын, қоғам қайраткері, қазақтың сүйікті ұлы Балғынбек Имашевпен сұхбаттасып, биліктегі дінсіздер, зорлық-зомбылық секілді қоғамды толғандырып жүрген сауалдар төңірегінде әңгіме өрбітті. Көптің көзайымына айналған ақын өзін вахабист деп атайтындарға жауап беріп (Сұхбаттың басы), айтыстың атасы Жүрсін Ерманмен қазір қарым-қатынаста екенін ашық айтты.
Естеріңізге сала кетсек, жуырда төл өнеріміздің жанашыры Stan.kz-ке сұхбат беріп, Балғынбек Имашев қашан сотқа береді деп күтіп жүрмін деп айтқан еді.
Жүрсін ағамен ара-қатынасыңыз қандай қазір?
Өте жақсы. Қай жерге барсам да, Жүрсінмен ара-қатынасымды сұрап жатады. Арамыз жақсы. Мен ол кісінің мерейтойларына барып, арнау айтып тұрамын. Айтыстағы келіспеушілік біздің қарым-қатынасымызға сызат түсірген жоқ. Бірақ әр жерде сұхбат берген кезде алыстан оқ атып, шымшып қалып жататынымыз бар (күліп).
Барлық сұхбаттарыңызда ол кісіні жақтап сөйлейтініңізді білемін. Бірақ ағаңызды сотқа берем деп неге қорқытып жүрсіз?
Сотқа беремін деп қорқытқан жоқпын (күліп). Қай айтысымда болмасын ол кісіні қағытпа қалжыңмен түйреп, тисіп отыратыным бар. Жүкең де бұл қылығымды жақсы біледі және әзілімді жақсы көтереді. Біраз жылдан бері арамызда түсінбеушілік орын алғаны рас…
Сол түсінбеушілік діннен бастылды ма?
Жүрсін ағам бар өмірін айтысқа сарп еткен адам. Бүкіл отбасы мүшелеріне дейін айтысқа шын берілген. Жүрсін ағаның анасындай айтыс жанкүйерін көрмедім. Ол кісі қартайып, селкілдеп жүрсе де айтыстан қалмай келіп тамашалайтын. Айтыстың нөмері бірінші жанкүйері еді.
Одан кейін Бақытжамал анамыз да айтыс десе ішкен асын жерге қояды. Бүкіл ақындардың анасындай болып кеткен. Бақытжамал апайдың дастарханынан дәм-тұз татпаған ақын жоқ.
Балғынбек Имашев: Әйел адамды зорлайтын еркектерді піштіріп тастау керек>>
Немере-қыздары болсын айтыста жүріп ақындарға шәй құйып өскен қыздар. Жүрсін аға сияқты айтысқа еңбегі сіңген адамды білмеймін. Ол кісіге әкеміздей еркелейміз. Қай-қайсымызға болсын жақсылығы әбден өткен.
Арамызда сөзге келу болғанымен, ресми дау-жанжал болмаған.
Осыдан 5-6 жыл бұрын «Нұр-Отанның» айтыс ұйымдастырғанда партияның айтқан шарттарымен келіспей, Жүрсін аға айтысты жүргізбейтін болды. Ал біз сол айтысқа қатысамыз деп Байбек мырзаға сөз беріп қойып, сол сөзімізде тұрғанымыз үшін арамызда түсініспеушілік болғаны рас.
Жүрсін ағам басқа ақындарға бұл айтысқа қатыспауын сұрап, өтініш жасаған екен. Сол кезде тікелей өзіме «сен мына айтысқа қатыспа» деген жоқ. Айтыс Бекболат пен Мұхамеджан ағалардың ұйымдастыруымен өтті. Осы айтыстан кейін Жүкең «айтысты сақалдылар алып кетті, діндарлардың қолында кетті» деп сұхбат берді.
Бекболат пен Мұхамеджан ағаларымыздың да бұған жауап сұхбаттары шықты. Бірақ Жүрсін ағамыз әр сұхбатында бізді қыршып, тисіп, дінге беріліп кетті, басқа ағымға түсіп кетті, домбыра харам деп айтты деген сынды орынсыз нәрсенінің бәрін дінге тіреп қоятын болды.
Жүрсін ағамыз ұйымдастырған айтыстарға қатыспағаныма бес жыл болса, одан бері айтыспаған жерім жоқ. Мені дінге байланысты кетті деп ол ксі маған айып таға алмайды. Өйткені мен қанша жыл жүріп әншілердің өзі жинай алмаған стадионда кеш бердім. Домбыра харам десем бұның біреуін де істемес едім.
Дін, Құдай тағаламмен екеуміздің арамыздағы шаруа. Оған ешкімді араластырмаймын. Дін менің 24 сағат жүрегімде. Айтысты дін үшін тастап кетті дегені бізді қайта қайтарғысы келіп, қақпайлап жатқаны шығар.
Бекарысты бірнеше рет айтысқа шақырып келтіре алмай қойғанда, Жүрсін ағам оны айтыса алмайды, суырып сала алмайды, жаттанды деп айтқан болатын.
Қазақстанда 100-ге тарта ақын бар деп есептесек, олардың бәрі бір-бірін мойындай бермейді. Тіпті, Мұхамеджанды да, Аманжолды да мойындамайтындар бар. Ал Бекарысты мойындамайтын ақын жоқ. Жүрсін ағам не үшін олай айтты десеңіз, намысын қайрап өзіне келтіру үшін. Ринатпен келіспеушіліктер болған кезде, Ринат ақын емес, ол жаттанды деген еді. Бірақ алдында нөмері бірінші оқтаулы мылтығым деп мақтаған болатын. Ол кісінің ақындарды өзіне қайтару стилі сондай. Бірақ ақындарға осылай айтты екен деп Жүрсін ағамның еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Бізге қандай сөз айтса да әкеміз болып қалады.
Сотқа берем деп айтуға не себеп болды?
Жүрсін ағамыздың бес томдық кітаптар жинағы шықты. Тұсаукесер рәсіміне шақырту алып, бірнеше ақындар болып арнау айттық. Осы кештен кейін ағамыз сұхбат беріп: «Адасып жүрген, діни ағымға кетіп қалған ақындар бар. Одақтың жүйелі жұмысының нәтижесінде олар кешірім сұрап келді. Алдымызға қайтып келген соң, кешірім бердік», — деген сұхбаты шықты. Бұдан бөлек домбыраны харам деді деп 3-4 ақынның атын айтып жіберген. Сол сұхбатты оқыған соң ол кісіге хат жазып: «Арамыздан қара мысық өтпеген сияқты еді. Бізді Сирияға кетіп, қайтара алмай қалған адамдай сұхбат беріпсіз. Бұндай жала жабатын болсаңыз сотқа беремін», — деп айтқан болатынмын.
Президенттік сайлаудың алдында «Нұр-Отанның» съезі болды. Сонда Жүкеңді көріп, қолынан алып, құрақ ұшып сәлем беріп едім: «Қашан сотқа шақырасың?» деп күлді. Ол кісі қалжыңды қалжың ретінде қабылдайды.
«Тоқал алып бергеннен тек ұтамыз»: Отандық этнограф бәйбішелерді тоқал іздеуге шақырды>>
«Жоқ, аға, сотқа емес, концертке шақырайын деп жатырмын», — деп мамыр айында өткен концертке ресми шақырдым. «Сенің кешіңе бармағанда қайда барам, айналайын» деп келетінін айтты. Сол уақыттарда Ақындар одағының құрылтайы болатынын айтып, келіп қатысуымды сұрады.
Құрылтай болатын күні Алматыға таңда ұшып келсем, құрылтай Жүрсін ағаның Астанаға ұшып кетуіне байланысты кешкі уақытқа ауыстырған екен. Ал кешке Талдықорғанда арнайы ұйымдастырылған іс-шараға қатысуым керек. Оның ертеңіне концертке дайындық болуы керек деп жоспарлап келген соң, құрылтайға қатыса алмай қалдым.
Мені құрылтайға әдейі келмей қалды деп ойлады ма екен, менің кешіме келем деп уәде берген ағам келген жоқ. Әйтпесе, мен Жүкеңе шапан жауып, астына ат мінгізетін едім деп жоспарлап қойған едім.
Тоқ етері сотқа бермейсіз?
Жала ғой. Домбыра харам деген жеріміз бар ма? Мынадай жала жабатын болсаңыз, сотқа беретін дүние ғой деп айтқаным рас. Бірақ сотқа берейін деп отырған мен жоқ.
Жүрсін ағаның ізбасары бар ма? Өзіңізде айтысты қолға алу туралы ой бар ма?
Қолға алуға болатын еді, бірақ өте күрделі жұмыс. Оған барыңды салып жұмыс істеп қоймай, бойыңда Жүрсінге тән қасиеттердің ең құрымағанда 50%-ы болуы керек.
Ол кісінің бойында қандай қасиеттер бар?
Ол кісіге мықты ұйымдастырушы, айтыстың реформаторы, реставраторы, т.б. атақ беріп бағасын беріп қойған. Айтыс ұйымдастыру — оған демеуші тарту, зал, оның формасы, ақындарды жұптау, жеребелеу, қазылар алқасын сайлау, кім-кіммен жақсы айтыс шығара алады деген сияқты барлық жұмысты қамтыған кезде өте күрделі процесс. Бұны дәл Жүрсін сияқты жанымен сезінетін адам кемде-кем.
Кезінде екі жыл мен де жүргізіп көрдім. Сол сияқты Серікзат та, Аманжол да жүргізді. Бірақ дәл Жүрсін сияқты барлығын сезініп, толық айтыстың адамы деп айтатындай, оның орнын басатын адам жоқ деп ойлаймын.
«Қазақтың көңіл-күйі жанымды ауыртады»: Қасымхан Бегманов нағыз ақын қандай болу керектігін айтты>>
Әрине орынбасар келер, бірақ дәл Жүкеңнің істегенін ешкім істей алмайды. Жүрсінге Халық қаһарманы атағын берсе де артық болмайды.
Қазір Құрмет деген орден бар шығар, бірақ Жүкеңнің қазақ айтысы мен руханиятына сіңірген еңбегі үшін Халық қаһарманы беру керек.
Ол кісінің еңбегі бағаланбай тұр. Өйткені, мінезі тік, көп адамға, әсіресе, билік өкілдеріне, әкім-сәкімдерге жақпайды. Сосын көп адамның іші тар. Айтысты үлкен бір бизнес көзі көреді де, Жүрсін айтыстың арқасында байып отырған сияқты көреді. Бұдан бөлек айтыс Жүрсін ағаға ең үлкен танымалдылықты алып келді. Қазақтың қай ауылына барса да оны таниды. Соны көре алмай Жүкеңнің еңбегін көмескілетіп, аса көп көрсетпеуге тырысады.
stan.kz