Абайдың 175 жылдығы қалай тойланады – министрдің жауабы

0
123

Жоспарға сәйкес республика бойынша 100-ге жуық шара ұйымдастырылады

НҰР-СҰЛТАН, 15 тамыз — Sputnik. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ол Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы 2020 жылы жоғары деңгейде мерекелетінін атап өтті. Министр бүгінде Абайдың өлеңдерін оқу чэлленджі жүріп жатқанын, оған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да қатысқанын жеткізді. Оның пікірінше, бұл маңызды шараны жоғары деңгейде атап өту керек.

«Бүгінде Қазақстан үкіметі, мәдениет және спорт министрлігі және қоғам бұл маңызды күнге дайындалып жатыр. Абайдың 175 жылдығы атап өту жөнінде жоспар дайындалып, мемлекеттік комиссия құрылды. Оған премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова төрағалық етеді. Бірінші комиссияның отырысы өтті», – дейді Ақтоты Райымқұлова.

Ведомство басшысы комиссия құрамына мемлекет және қоғам қайраткелері, депутаттар, әдебиетті және Абай өлеңдерінің терең мағынасын түсінетін азаматтар кіргенін хабарлады.

«Жоспарға республика бойынша 100-ге жуық шара кірді. Кітаптар шығарылып, спектакль қойылады және жастардың қатысуымен де шаралар ұйымдастырылады», – деді министр.

Ақтоты Райымқұлова Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде мерекелеу үшін бюджеттен қанша қаржы бөлінетіні алдағы уақытта белгілі болатынын жеткізді.

«Қаржыландыру мәселесі қаралып жатыр. Оны талқылаудамыз. Мен сізге нақты санды айта алмаймын. Жоспарды талқылап жатырмыз. Яғни бюджеттің және демеушінің, қоғамдық ұйымдардың, жергілікті атқарушы биліктің мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Бұл керемет шараны абыроймен өткізу үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймыз», – деп түйіндеді сөзін министр.

Айта кетейік, 2019 жылдың мамыр айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде мерекелеу туралы жарлыққа қол қойып, үкіметке бірқатар тапсырма берген.

Ол бойынша қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы 2020 жылы аталып өтеді. Мерейтойдың жоспары биыл 1 қазанға дейін бекітілуі тиіс.



sputniknews.kz