Журналист Батырбеков желідегі жазбасы үшін тағы сотқа тартылды

0
8

БІР БАППЕН ЕКІ РЕТ СОТҚА ТАРТУ

Желтоқсанның 13-і күні Сарыағаш аудандық сотының судьясы Берік Каипов медиатор, «Заңғар Медет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ләйла Дарханбаеваның шағымы бойынша кезекті сот отырысын өткізді.

Судьяның Азаттыққа айтуынша, Дарханбаева Батырбековты, оның әйелі Гүлзада Баймұратованы және Сарыағаш, Келес ауданының тұрғындары Пазылхан Түймебаевты, Гүлшан Артықбаеваны, Мұстафин Байдуллаевты, Құдірет Ережепбаевты Қылмыстық Кодекстің «Жала жабу» және «Қорлау» бабы бойынша айыптап, қарашаның 4-і күні жеке шағым түсірген. Сотталушы Батырбековтың апелляция шағымы Түркістан облыстық сотында қаралып жатқандықтан іс кейінге қалған.

Желтоқсанның 4-і күні Батырбеков Дарханбаеваның арызы бойынша өткен отырысқа тергеу изоляторынан видео байланыс арқылы қатысқан. Кейін судья Батырбековты түзеу мекемесінен сотқа әкелу туралы қаулы шығарған.

Желтоқсанның 13-і күні өткен сот отырысына Құдірет Ережеповтен басқа айыпталушының бәрі қатысты.

– Сот тергеуі басталғанда Дарханбаевадан кімді не себептен айыптайтынын нақтылап беруін сұраймыз. Әрбірінің жазған сөзін нақтылауымыз керек, – деді судья.

Қыркүйек айының соңында сот үімімен Амангелді Батырбеков «Жала жабу» және «Қорлау» бабымен 2 жыл 3 айға бостандығынан айырылып, сот залынан қамауға алынған. Келес ауданы білім бөлімінің басшысы «желідегі жазбасында жала жапты және қорлады» деп журналистің үстінен сотқа арыз берген. Сот үкімімен келіспеген журналист апелляцияға жүгінген. Түркістан облыстық соты Батырбековтың апелляция шағымын 12 қарашада қарай бастаған. 25 қарашада оның жазбасына қайта сараптама тағайындаған. Апелляция соты әлі жалғасып жатыр. Батырбеков тағылған айыптар мен сот үкімін мойындамайды, өзін кінәсізбін деп санайды.

ЖАЗБАНЫ БӨЛІСКЕНДЕР ДЕ СОТҚА ТАРТЫЛЫП ЖАТЫР

Сарыағаш аудандық сотына арызданған Ләйла Дарханбаева «Батырбеков бірнеше жылдан бері қыр соңыма түсті» дейді. Ол журналисті «Facebook парақшасына «Ләйла Дарханбаева алаяқ па әлде өтірікші ме?» деген жазба жариялап, қасақана ар-намысыма тиді, қызмет беделіме нұқсан келтірді» деп айыптайды.

– Батырбековтың тактикасы әдемі. «Алаяқсың» немесе «өтірікшісің» деп айтпайды. «Ұқсайды», «сияқты» деп, сұрақ белгілерін қойып қоғамға ақпарат таратады. Қашанғы азаматтардың құқығын таптай береді? Маған «алаяқ» деген аттың желімдей жабысқанын қайдан көрді? «Дарханбаева алаяқ па, алаяқ деуге ерте емес пе?» деп ой тастап қояды, жақтастары оған шуылдап пікір жазады. Сөйтіп шу тудырады. Яғни, қоғамның маған деген көзқарасын жаман жағына өзгертіп жала жауып отыр, – деді Дарханбаева Азаттыққа.

Ләйла Дарханбаева. Түркістан облысы Сарыағаш қаласы, 13 желтоқсан 2019 жыл.

Ләйла Дарханбаева. Түркістан облысы Сарыағаш қаласы, 13 желтоқсан 2019 жыл.

Дарханбаева 2017 жылы Сарыағаш ауданы әкімінде өткен жиында Батырбековке қарсы шыққан соң екеуінің өзара бас араздығы барын, кейін Батырбеков қазығұрттық зейнеткердің шағымын негізге алып, өзі туралы видеоролик жариялағанын айтады. Видеода Қазығұрт ауданында тұратын зейнеткер «Дарханбаева 600 мың теңгемді алдап алды» деп мәлімдейді.

– Видеосын көрдім. Апамыз «айналайын, Амангелді маған көмек берші, 600 мың теңгемді Ләйла Дарханбаева алдап алды» деп отыр. Мен шынында алаяқ болсам ол әйел менің үстімнен неге [арыз] жазбады? Қарт адам болған соң үндемедім. Амангелді біржақты жазған. Апаның айтқан уәжін зерттемеген. Одан кейін Батырбеков «Дарханбаева сарыағаштық жесір әйел Гүлшат Абдукадированың үйін тартып алды» деген жазба жариялады. Кейін Абдукадировтың атынан Батырбеков менің үстімнен полицияға «алаяқтық жасады» деп арызданған. Құрамында қылмыс болмаған соң полиция ол істі тоқтатты. Батырбековтың жазбалары мен видеороликтеріндегі айтқанын жоққа шығаруға дәлелім бар, – дейді Дарханбаева.

Батырбеков Дарханбаева сотқа шағым түсірген соң оған қарсы Facebook парақшасында тағы жазба қалдырған. Журналист жазбасында: «Алаяқ» деп жазбадым, Дарханбаеваны «алаяқ» деуге әлі ертерек» деп жаздым. Оған дәлелім жетеді» деген.

Журналист Амангелді Батырбеков те, оның әйелі Гүлзада Баймұратова мен қалған айыпталушылар да Дарханбаеваның шағымымен келіспейді. Олар «шағым түсіруші жазбадағы сөзді бұрмалады» деп есептейді.

– Амангелді Батырбековтың «Ләйла Дарханбаева алаяқ па әлде өтірікші ме?» атты жазбасын бөлісіп, «Ләйла Дарханбаева кім?» деп жазғаным үшін басым дауға қалды, – дейді айыптаушылардың бірі Гүлшан Артықбаева. Оның сөзінше, осы жазбасы үшін Дарханбаевадан кешірім де сұраған, бірақ ол «шешімді сот шығаратынын» айтқан.

Айыпталушылардың бірі Мустафин Байдуллаев та Батырбековтың жазбасын көшіріп жариялағанын айтады.

– Ол мені «Дарханбаева алаяқ па? Алаяқ болса қалай медиатор болып жүр?» деген сұрақ қойдың» деп айыптады. Бұл жерде оның ар-намысына тиетін сөз жоқ, – дейді Байдуллаев.

Келесі сот отырысы қашан өтетінін белгісіз, судья уақыты қосымша хабарланатынын жеткізді.

Журналист Амангелді Батырбеков пен оның адвокаты апелляциялық шағым қаралған сотта отыр. Түркістан, 22 қараша 2019 жыл.

Журналист Амангелді Батырбеков пен оның адвокаты апелляциялық шағым қаралған сотта отыр. Түркістан, 22 қараша 2019 жыл.

Батырбеков – Қазақстанда кәсіби қызметі үшін биыл түрмеге қамалған жалғыз журналист. Осыған дейін халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстан билігінен қамауда отырған журналист Батырбековты босатуды сұраған. Мәселен, Халықаралық «Шекарасыз тілшілер» ұйымы (RSF)мен «Журналистерді қорғау комитеті» (Committee to Protect Journalists, CPJ) Нұр-Сұлтанды Батырбековты дереу босатып, оған тағылған барлық айыпты алып тастауға шақырды.

Инфографика: Әлемде қанша тілші қамауда отыр?

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз