Жүргізушілер бипілдетіп, алғыс айтты: Шымкенттік полицей кептелісті әп-сәтте реттеп жіберді (видео)
Әлеуметтік желіде үлкен кептелісті әп-сәтте реттеп жіберген полицейдің видеосы қызу талқыға түсті. Көпшілік оның әрекетіне риза болып жатыр, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.
Ағымдағы жылдың 12 қараша күні сағат 10:04 шамасында Шымкент қаласы Арғынбеков және Бәйтереков көшелерінің қиылысында бағдаршам істен шығады. Салдарынан әп-сәтте көлік кептелесі туындаған. Осы сәтте үйіне қайтып бара жатқан Шымкент қаласы Полиция департаментінің Жергілікті полиция басқармасы Патрульдік полиция полкінің қызметкері еш ойланбастан, көлігінен түсіп, жол қозғалысын реттеуге кіріседі.
«Алдаберген Мылтықбай түнгі кезекшіліктен шыққан болатын. Дегенмен, мамандығы алдында адалдық танытқан аталмыш қызметкердің жол қозғалысын реттеуінен кейін көлік ағыны жиі көше қиылыстарындағы жағдай бір қалыпқа тскен. Ұзын-сонар көлік кезегінің орын алғанына бей-жай қарамай, керісінше автокөлік тізгіндеушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, түрлі жол көлік апатының алдын алған тәртіп сақшысы – Патрульдік полиция полкінің 12 рота қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Алдаберген Мылтықбайдың іс-әрекеті көптің ішін жылтты. Ол ауа райының қолайсыз, жауын-шашынды болуына қарамастан, аталмыш мекенжайға кезекшіліктегі әріптесі келгенше қызмет көрсеткен», — Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Айта кетейік Алдаберген Керімбайұлы 2012 жылдан бастап Ішкі істер органында қызмет атқарып келеді. Осыған дейін де бірнеше рет мінсіз қызметі үшін басшы құрам тарапынан марапатталып, алғысқа бөленген.