…ЖҮРЕГІНДЕ ЕЛДІҢ ҚАЛМАСАҢ! | «Айқын» газеті
Алматыда ұлтын сүйген ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынқызы тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Халқының жүрегіндегі аяулы ақынның жарқын бейнесі бейнеленген мәрмәр тақта ақын тұрған Зенков көшесінің 77-үйінің қабырғасына қонды.
«Өмірге келіп-кеткеніңде сенің не мән бар, жүрегінде елдің қалмасаң…» деп өмір сүрудің мәніне терең бойлауға үндеген ақын сөзі жазылған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына Фариза Оңғарсынқызының жерлестері, туған-туыстары, қала басшылығы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы басшылығы, жалпы халық жиылды.
Қазақ әдебиетіне ерек болмысымен келіп қана қоймай, ұлтының келешегі үшін күресте қоғамда өзінің орнын алған аяулы ақынның туған күні қарсаңында болған шарада Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет алғы сөз алып, ақынның қоғамның жанды жеріне тиетін жырлары осы үйде жазылғанын, өткір өлеңдерімен қоғамның бет-бейнесі, әдебиеттің ар-намысы бола білгенін айтты.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев: «Құрметті ағайын, құрметті өнерсүйер қауым, тарихын қастерлеген халайық! Елбасымыз жақында жарық көрген мақаласында атап өтті. Кез келген ел өзінің тарихи тұлғалары мен шындығын, болмысын өзі анықтайды және дәлелдейді. Міне, бүгін қазақтың біртуар қызы, өр мінезді ақын Фариза апамызды ұлықтап жатырмыз. Талай жыл тұрған үйіне ескерткіш тақта орнаттық. Басты мақсат – апамыздың рухы елімен бірге жасасын, қыруар еңбегін ұрпақ ұмытпасын деген ой. Бұл кісі қазақ әдебиеті тарихына алтын әріппен жазылды. Бір ғана Мұқағали ақынның «Фариза қызы» арқылы Фариза апамыздың шығармашылығымен таныс емес адамдардың өзі біліп жатады. Өз басыма келсем, ол кісінің көзін көрдім, талай рет ақылын тыңдадым. Сағынамыз, жарқын бейнесі мәңгі жадымызда. Апамыздың жатқан жері жайлы болсын!», – деді ол.
Қоғам қайраткері Шәмшә Беркімбаева халқының аяулы қызы Фариза Оңғарсынқызының ұлы ақын дәрежесіне өзінің ерек болмысымен келіп, дүниеден өткенше ұлтын сүйіп өткенін, шындықты айтарда ешкімнен тайсалмай айтқандықтан да оның өлеңдері мінезді, ойлы жырлар болып жүректерге жеткенін айтты.
Фариза ақын поэзия әлеміндегі қолтаңбасын Алматыда жүріп өрнектеді. Сондықтан да Жайықтың асау толқынындай буырқанған ақынды Алматымен байланыстыратын дүние көп-ақ. Қала әкімдігінің тікелей қолдауымен қойылған осынау мемориалды тақтаны бүгінгі ұрпақтың аға буынға көрсеткен құрметі деп түсінген жөн. Көзі тірісінде-ақ бүкілхалықтық махаббатқа бөленіп, поэзия падишасы атанған аяулы ақынның сезім мен қазақтың қайсар мінезіндей өр рухты жырлары бүгінгі ұрпақтың да жүрегіне ұялады.
Желтоқсанның ызғарына қарамай, аяулы ақынын ардақтап келген халықтың ақынға деген ықыласы да ерек болды. Ақын жырларын сағынған халықтың күткеніндей, салтанатты шарада сөйлегендер ақын өлеңдерін тілге тиек етіп, Алатаудың баурайында бөлек бітім-болмысымен құрыштай шыныққан ақын туралы айтқан олардың әр сөзінен дүниеден өткеніне бес жыл болған ақынға деген махаббаттың ғұмырлық сағынышқа айналғанын сезіндік. Поэзия падишасына деген дүйім қазақтың ой санасындағыны жеткізіп айтқан мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалиннің тебірене сөйлеген сөзі жиылған жұртқа аяулы ақынды бұрынғыдан да жақсы көргізіп, сағынышты үдетіп, жылатты.
– Фариза осы үйде қоңыр дауысымен, қоңыр қазақтың бәрін қасына жиып отырып, барымызды бардай, жоғымызды жоқтай түгендеп отыратын. Осы үй қазақ әдебиетінің, қазақ өлеңінің кішігірім ұлы төрі болатын. Бүгінгі күн кіндігін Атыраудың ақ толқыны кескен, Махамбеттің рухымен сусындаған, даланы өлердей жақсы көрген, даланың өзіне тартқан кең мінезі бар, Атырауға тартқан асау қалыбы бар Фариза Оңғарсынқызы жетпісінші жылдары қазақтың, Алаштың ұлы қаласы Алматыға қалай келгенін көз алдымызға әкелді. Бірден ақбоз атқа мініп айқара ашып келгендей құбылыс болып кірді. Қазақ әдебиетінің үлкені мен кішісі, алаштың алыптары да бәрі «Фариза дейтін ғажап ақын келді» деп қарсы алып еді. Фаризаның атын аңызға айналдырған дастандары, ардақты туындыларының барлығы дерлік ару Алматыда кіндігін кесті. Қазақ жүрегімен қабылдады. Фаризаның болмысын жанымен түсінді. Дәл осындай бір ақын, ұлы ақын қазаққа керек екенін бәріміз бағалап едік. Бұл қала оның бүкіл жастық шағына, абыройын асқақтатқан сырлы сәттерге куә. Бір кездері бәріміз үшін асау жырдың алтын төріндей көрінген, ақынға сая болған бұл үйдің орны бөлек. Фариза – өлең қыздар поэзиясы немесе ерлер поэзиясы деп бөлінбейтінін, мұнда тек ұлы дарындардың даңғылы болатынын дәлелдеп кеткен жан. Ұрпаққа мұра болатын бұл игі істі бүкіл қазақ жырына жасалған құрмет деп есептеймін, – деген ақын Нұрлан Оразалиннің сөзі жүректерге тура жетіп, жан тебірентті.
Ақынды ардақтаған шараға Атырау облысы халқының ыстық ықыласын жеткізуге аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен келген Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Қ.Жылқышиев, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары А.Жолаев, ақын Бақытгүл Бабаш Манашта дүниеге келіп Алашқа есімі мәшһүр болған Фариза ақынның туған жерінің халқының сағыныштарын жыр мен лебізбен айтып жеткізді.
Бүгінде туған күні мен мәңгілікке кеткен күні ел ішінде аталып, еске алу, ұлықтау шаралары үздіксіз өтіп жүрген тағылымды шаралар Фариза ақынның келер жылғы 80 жылдығында жалғасын табары сөзсіз. Бұған ақынның әулеті де өз үлесін қосып отырғаны, қазақ барда Фариза ақын халқының жадынан еш өшпесіне сендіреді. Ақынын ардақтаған жұртшылық, туған жерінде еңселі ескерткіш болып тұрған ақын бейнесі еліміздің барлық аймақ орталығында тұрса да артық еместігін айтып ақын тұрған үйдің маңайынан тарқап, мәрмар тақтадағы «…Өмірге келіп-кеткеніңнен сенің не мән бар, жүрегінде елдің қалмасаң!» деген жыр шумағын іштей қайталап барады…
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы
Дереккөз: Айқын