Жүрегім жүз тілінді: Роза Әлқожа қызын оқуға қабылдамаған Азамат Сатыбалдыға өкпесін айтты
Роза Әлқожаның үлкен қызы өнер колледжін бітіріп, қойылымдарда басты рөлді сомдап жүрсе де, Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына қабылданбаған.
Себеп – Ақбота Айдынқызының бойы әртістерге қойылатын талапқа 2 сантиметр жетпепті. Осы ретте Роза Әлқожа оқу орнының ректоры, актер Азамат Сатыбалдыға ренішін білдірді, деп хабарлайды kznews.kz сайты stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Биыл бойы 1,65 см қыздарды қабылдайды екен. «Буратиноны» ойнағаны, қызылмен бітіргені ештеңе шешпейді екен. Тым құрыса емтиханға кіріп құласа да ризасың ғой!
Ақылы бөлімге де мүмкіндік жоқ (Ол да жылына млн теңге!). Сонда деймін де, кілең бойы ұзындарды жинап ап модельдерден подиум жасай ма екен?!
Сосын өз колледжі, басқа емес (Жүргенов)! Өз мұғалімдерін менсінбейтін не академия бұл?! Сосын өзі комиссия қылып жіберген Дулыға Ақмолда басты рөлдегі «Буратиноға» неге бес қойды, неге мақтады? Сосын Асанәлі ағаға неге мақұл деп алдады, осыны түсінбеймін!
Айман Қожабекққызы өтінсе де (ақылы бөлімге тым құрыса), алмайтын жас ректордың болашағы қалай болар екен?
Мейлі ғой. Алла қызымызға бақ берсін!