«Менің кезегім келді». Рыбакина жүлдесін қайда жұмсайтынын айтты

0

Премьер-министр Әлихан Смайылов Уимблдон турнирінде тарихи жеңіске жеткен қазақстандық теннисші Елена Рыбакинамен кездесті, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Үкімет басшысы Елена Рыбакинаға Қазақстан Президенті Жарлығымен спорттағы аса үздік жетістіктері және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін берілген II дәрежелі «Достық» орденін табыс етті.

«Барлық қазақстандық сіздің әлемнің ең атақты теннисшілерімен сайысыңызды бақылап отырды. Үлкен дулыға турнирінде жеңіске жетіп, сіз отандастарымыздың үмітін ақтадыңыз, сондай-ақ Қазақстанда теннисті дәріптеуге баға жетпес үлес қостыңыз. Сіздің жеңісіңіз жас спортшыларды ынталандыра түседі деп сенемін», — деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Елена Рыбакина марапат үшін алғысын білдіріп, қазақстандықтардың қолдауын сезетінін айтты.

«Әрине, мен отандастарымыздың қолдауын үнемі сеземін. Бұл мен үшін үлкен қуаныш пен жауапкершілік. Кеше Қазақстанға ұшып келгенде мені қарсы алуға келген адамның көп болғанын көрдім. Бұл жағдай басымнан өтіп жатқанына әлі де сене алар емеспін», — деді ол премьер-министрмен кездесуден кейін.
Қазақстандық теннисші жүлде қаражатының бір бөлігін елімізде қайырымдылыққа және юниорларды қолдауға жұмсайтынын айтты.

«Менің ойымша, турнир ұйымдастырған немесе жас ойыншыларға грант тағайындаған дұрыс болады. Себебі мен мұнда зор қолдауға ие болдым. Енді жас буынның дамуына менің көмектесетін кезегім келді», — деді Елена Рыбакина.

Сондай-ақ, спортшы қаражаттың бір бөлігін жануарларға көмектесуге жұмсауды жоспарлап отыр.

«Бірнеше күннен кейін АҚШ-та өтетін турнирлерге дайындала бастаймын. Биылғы мақсат — әлемдік рейтингтің ТОП-10 қатарына кіру. Басты мақсат — бірінші болу. Мен бар күш-жігерімді саламын», — деді Уимблдон-2022 жеңімпазы.
Жақында қазақстандық Елена Рыбакина Уимблдон турнирінде тарихи жеңіске жетіп, Тунистен келген әлемдік рейтингтің екінші ракеткасы Онс Жаберді жеңді. Бұған дейін посткеңестік елдер арасында бір ғана теннисші — Мария Шарапова 2004 жылы жеңісіне қолжеткізді.

Беделді турнирдегі жеңісі үшін 23 жастағы Рыбакина екі миллион фунт — 1 миллиардтан аса теңге алады.

Елена Рыбакинаға Уимблдондағы жеңісі үшін мемлекеттен ақшалай сыйақы берілмеген, спортшы Қазақстан теннис федерациясының сыйлығынан бас тартты.