Жұмысқа шыққандар арасында вирус жұқтырғандар көбеюде – министрлік

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

6 0 0

Инфекция, негізінен, қашықтан жұмыс істемейтін және карантин талаптарын бұзып жатқан ұйымдарда анықталып жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр – Sputnik. Карантин шаралары жеңілдеп, бірқатар ұйым қызметкерлері жұмыс орнына оралғаннан кейін, коронавирус жұқтырғандар саны арта бастаған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Бізде жұмысқа шығу кезінде вирус жұқтыру деректері артып жатыр. Мұны карантин шараларының жеңілдеуімен байланыстыруға болады. Мәселен, білім беру жүйесін алайық. Мектептер, университтер, колледждер толығымен қашықтан оқыту форматына ауысқанын білесіздер. Соның нәтижесінде оқушылар, студенттер мен мұғалімдер арасында вирус жұқтырғандар тіркеліп жатқан жоқ», — деді Сұлтанғазиев онлайн брифингте. 

Айтуынша, инфекция, негізінен, қашықтан жұмыс істемейтін және карантин талаптарын бұзып жатқан ұйымдарда анықталып жатыр. 

Ол Қазақстан бойынша жұмысын жандандырған ұйымдар арасында 10 мың рейд жүргізілгенін атап өтті. Нәтижесінде бір мыңға жуық түрлі заңбұзушылық анықталған. Бұл компаниялардың дені тексерістен кейін қызметін тоқтатты, енді біріне айыппұл салынды. 

«Тексеріс жұмыстары одан әрі жалғасады», — деді ол. 

Сұлтанғазиев жұмыс берушілерге қызметкерлердің дене қызуын өлшеп, кіреберісте санитайзер орнатып, ара қашықтықты сақтауға кеңес берді. 

Тағы оқыңыз: Алматыда маскасыз жүргендерге айыппұл салынуы мүмкін

Егер аса қатты қажеттілік болмаса, қызметкерлер үйден жұмыс істегені абзал, деді комитет төрағасы. 

Соңғы деректер бойынша Қазақстанда 8531 адам вирус жұқтырды. Оның тең жартысы, 4400-і дертінен айықса, 35 адам көз жұмды.



sputniknews.kz