«Жұмыс жоқ, анау жоқ» деген азаматтардың білімі жоқ – Ералы Тоғжанов

0
438

Оларда бір сұрақ бар «мені анда апарып тұрғызыңдар, менің жағдайымды жасаңдар» деген.

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов «мені анда апарып тұрғызыңдар, менің жағдайымды жасаңдар» деген сөздің авторларын сынады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Еңбекке байланысты көптеген сұрақ туындап жатыр. Ол сұрақтар жай туындап жатқан жоқ. Мәселен,  Атырау облысында биыл ТШО-дан 39 мың адам жобаның аяқталуына байланысты жұмыстан босап отыр. Бірде бір әңгіме жоқ. Неге десеңіз, 39 мың адамның бәрінің керемет деңгейі мен білімі бар. Өмірі мен болашақтарына сенімді. Ең алдымен, өздеріне сенімді. «Жұмыс жоқ, анау жоқ», деп жататын азаматтардың көбінің – білімі жоқ. Бұл мәселе күн тәртібінде тұрған басты сұрақтардың бірі. Сондықтан әрбір азамат түсінуі керек. Білімді қоғам мәдениетін қалыптастыру да күнтәртібінде тұр. Себебі конференция басында еңбекке баулу мәселесін бекер көтерген жоқпыз. Ең алдымен азаматтарымыз осы мәселелерді ескеруі қажет», — деді Үкімет басшысының орынбасары.

Тоғжанов тұрғындарының білім деңгейі өте төмен аймақтар туралы сөз қозғады.

Айтуынша, азаматтарымыздың сана-сезімі мен сенімділігі тек білімге байланысты.

«Облыстарды бөліп, нақты айтпайын бірақ білім деңгейі өте төмен аймақтар бар. Неге десеңіз, ол азаматтардың білім жоқ. Оларда бір сұрақ бар «мені анда апарып тұрғызыңдар, менің жағдайымды жасаңдар» деген. Осындай әңгіменің айналасында жүретін деңгей бар», — деп сөкті вице-премьер.