«Жүйені түбегейлі өзгерту керек». Қазақстан грек-рим балуандары үшін ең сәтсіз олимпиада

0
187

Күрес түрлеріне көп үміт артатын Қазақстан екінші олимпиада қатарынан грек-рим күресінен жүлдесіз қалды. Токиода ойындарда Қазақстаннан барған үш балуан да бірінші белдесуінде жеңілді. Сарапшылар грек-рим күресінен, балуандардың жаттығуына үлкен өзгеріс керек деп санайды. Бұл туралы Азаттық жазды.

3 шілдеде 87 келіде белдескен Нұрсұлтан Тұрсынов (2016 жылғы олимпиада алдында допинг қолданды деп екі жыл спорттан шеттетіліп, кейін спортқа қайта оралған) германиялық Денис Кудладан жеңілді. Белдесуден соң грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Бақтияр Бейсейітов төрешілер шешіміне разы болмады.

«Дұрыс бағалағанда жеңіс біздікі болар еді. [Нұрсұлтан] тұрып әдіс жасады. Әдіс толық болған жоқ, бірақ екі ұпай беру керек еді. Төрешілер бағаламады. Шағым түсірдім, бірақ ұпай бермеді» деді ол.

Нұрсұлтан Тұрсынов (көк формада) Денис Кудламен белдесіп жатқан сәт. 3 тамыз 2021 жыл.
Нұрсұлтан Тұрсынов (көк формада) Денис Кудламен белдесіп жатқан сәт. 3 тамыз 2021 жыл.

Осының алдында 60 келіде Мейрамбек Айнақұлов (2017 жылғы әлем чемпионатының күміс, 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері) бірінші айналымда қырғызстандық Жоламан Шаршенбековтен жеңіліп, олимпиаданы бірінші кездесуден соң аяқтады. 77 келіде Демеу Жадыраев (2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері) бірінші айналымда жапониялық Якуби Сохейді жеңе алмады.

Грек-рим күресінен 60 келіде Мейрамбек Айнақұлов бірінші айналымда Қырғызстан балуаны Жоламан Шаршенбековтен жеңілді. 1 тамыз 2021 жыл.
Грек-рим күресінен 60 келіде Мейрамбек Айнақұлов бірінші айналымда Қырғызстан балуаны Жоламан Шаршенбековтен жеңілді. 1 тамыз 2021 жыл.

«Айнақұлов психологиялық тұрғыдан шыдамады. Бапкерлердің айтқанын орындамады. Психологиялық тұрғыдан өзін жоғалтып алды. Жасама десек 15 секундтан соң соны жасап, қарсыласының мықты әдісіне түсіп қалды. Жадыраев жеңіп тұрып жеңілді. Басыңды түсірме деп айғайладық. Басын түсіріп алды да жапониялық әдіс жасап кетті» деді бас бапкер Байсейітов Токиода.

Үш балуанда белдесулерінен соң журналистермен тілдесуге құлықсыз болды.

ЖАДЫРАЕВ ПЕН ДІЛМҰХАМЕДОВ ДАУЫ

77 келіде негізінен олимпиада жолдамасын Асхат Ділмұхамедов алған еді. Бірақ төрешілер Токиоға Жадыраевты апарған (күрестен олимпиада жеке спортшыға емес командаға беріледі, ал олимпиадаға кім баратынын бапкерлер шешеді). Бұл күрес жанкүйерлерінің арасында шу туғызған еді.

Демеу Жадыраев (сары формада) Токио олимпиадасында бірінші белдесуінде жеңілді. 2 тамыз 2021 жыл.
Демеу Жадыраев (сары формада) Токио олимпиадасында бірінші белдесуінде жеңілді. 2 тамыз 2021 жыл.

Ал олимпиадаға бара алмай қалған Ділмұхамедов Азаттық тілшісіне «77 келіде Риода алтын алған [ресейлік Роман] Власов, Лондон олимпиадасының чемпионы [кореялық Хен У] Ким келген жоқ. Осы себептен олимпиаданы ұтуға жақсы мүмкіндік болды де есептеймін. [Олимпиадаға мені апармау] басшылардың шешімі болды. Себептері маған белгісіз, түсініктеме бермеді» деді.

Ділмұхамедов Токиодағы сәтсіздікке «қазіргі жүйе алып келді» деп санайды. Ол «грек-рим күресінен Қазақстан тарихында мұндай сәтсіз олимпиада болмады деп ойлаймын. Жүйені өзгертуді, қалай өзгертуді басшылық шешсін» деген пікірде.

«ТҰТАС ЖҮЙЕДЕГІ АҚАУ»

Грек-рим күресінен 2011 жылғы әлем чемпионаының күміс жүлдегері, әлем біріншілігінің үш дүркін қола жүлдегері Алмат Кебіспаев Токио олимпиадасындағы нәтиже елдегі күрес дәрежесінің төмен болып тұрғанын көрсетті деп санайды.

– Басқа турнирлерде әлем, олимпиада чемпиондарын жеңгенімізбен дәл олимпиадаға келгенде психологиялық тұрғыда жауапкершілікті, қысымды көтере алмай қалып жатырмыз. Жалпы бәрін өзгерту қажет. Дайындық әдісін өзгерту керек. Олимпиада – шоу, ішкі жарыстарды есеп ретінде өткізе салмай, шоу жасау керек. Сонда балуандардың психологиясы үлкен жарыстарға үйрене бастайды. Кілемде үйдегідей жүру керек, бірақ біздікілер қысылып күреседі. Балуандарда жаттығу жасаған емес, көп жаттығып қойғаны көрініп тұр. Шаршаған. Үлкен жарыс деп жаттығуды көбейте бергеннен күшті болып кетпейді. Керісінше олимпиадаға тың бару керек, – дейді ол.

Бүкіләлемдік күрес федерациясының (UWW) тілшілер қосынында жұмыс істеген қазақстандық спорт журналисі Назерке Сұлтанбек те Токиодағы сәтсіздіктен соң грек-рим күресіне революция қажет деп санайды.

– Біздің балуандардың жеңілісін кездейсоқтық деп айту қиын. Үш балуан да айқын жеңілді. Құраманың сәтсіздігіне балуандарды ғана кінәлауға болмайды. Бұл – тұтас жүйедегі ақау. Жаңашылдықты мойындамау, өзгеріс жасаудан қорқу бар. Грек-рим күресінде тұтас жүйеге: күресті дамытуда, балуандардың дайындығына революция керек. Жарыстарға барғанда байқағаным, біздің балуандар қысылып жүреді. Балуандар медаль жеңсе ғана босаңсып күліп жүреді. Ал жарысқа дейін ешкіммен сөйлеспейді, сұхбат беруі қиын. Күрес қазақтың оң жамбасына келетін спорт түрі деп айтсақ та, мына түрімізбен жанкүйердің сенімінен айырылуымыз мүмкін. Грек-рим күресінен талантты балуандар бар, бірақ ол балуандар бриллиант сияқты ғой, мықты зергердің қолына түсуі керек. Балуандарды физикалық және эмоциялық тұрғыдан дайындау қажет, – дейді сарапшы.

ЕКІНШІ ОЛИМПИАДА ҚАТАРЫНАН ЖҮЛДЕ ЖОҚ

Қазақстан осымен екінші олимпиадада грек-рим күресінен жүлдесіз қалды. Бірақ бұрынғы олимпиадаларда қазақстандық грек-рим күресінің балуандары бұлай бірінші белдесуінде жеңіліп, жарыс жолын ерте аяқтамаған еді.

Рио олимпиадасында 59 келіде Алмат Кебіспаев үш белдесуінде жеңіп, бір белдесуде жеңілді де қола медальға таласқан. Бірақ үшінші орынға таласта Стиг Андре Бергеден жеңілген еді.

2012 жылы Лондонда Даниел Гаджиев (84 кг) қола медаль иеленген. 2008 жылы Пекинде Нұрбақыт Теңізбаев (60 кг) қола медаль алған еді, кейін оны жартылай финалда жеңген әзербайжандық Виталий Рахимов допинг қолданды деп күміс медаль Теңізбаевқа берілген.

2004 жылы Афинадағы ойындарда Грегорий Цурцумия (120 кг) күміс, Мхитар Манукян (66 кг) қола медаль алған.

2000 жылы Сидней олимпиадасында Қазақстан грек-рим күресінен медаль алмады, бірақ бірнеше балуан кемі бір-екі белдесуінде жеңіске жеткен еді. Ал 1996 жылы Атланта олимпиадасында Юрий Мельниченко (57 кг) чемпион атанған. Қазақстан күрестің бұл түрінен 1996 жылғы олимпиададан соң алтын медаль ала алмай келеді.

Енді Қазақстан еркін күрес пен әйелдер күресінен медальға таласады. Еркін күрестен Ресейден келген Нұрислам Санаев (57 кг), Дәулет Ниязбеков (65 кг), Данияр Қайсанов (74 кг), Әлішер Ерғали (97 кг), Ресейден келген Юсуф Батырмурзаев (125 кг) жүлдеге таласады.

Әйелдер күресінен Риода қола медаль алған Эльвира Сыздықова (76 кг) Токиода бірінші айналымда қырғызстандық Айпері Медетқызынан жеңіліп, жүлдесіз қалды. Енді 50 келіде Валентина Исламова, 53 келіде Татьяна Аманжол-Ахметова олимпиада кілеміне шығады.

Қазақстан құрамасынан Токиода дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлеттер Игорь Сон және Зүлфия Чиншанло қола медаль алған. 3 тамыздағы жағдай бойынша, Қазақстан үш қола медальмен жалпы есепте 71-орында тұр.