ЖОШЫ ХАН ЖОРТҚАН ҰЛЫ ДАЛА
Түркі-мұғулдың ұлы көсемі Шыңғыс хан құрған алып империяның бөлінбес бір бөлшегі екенін бүкіл әлем жақсы біледі. Біле тұра іштей тынады. Бүгінде Алтын Орда Қағанатының төрттен үш бөлігіне ие болған Қазақстанның алып аймағына таңданып та, қызғанып та қарайды, іштей қимайтындар да бар.
Еліміздің тәуелсіздігі жарияланып, әлемдегі іргелі мемлекеттерге азаттығымызды тану туралы сүйінші хабар жеткен кезде Қазақстан жер көлемі жағынан тоғызыншы орынды, халқының саны 15 млн адамды құрайтыны, ал мемлекет құрушы, ежелден бұл жердің бас иесі байырғы ұлт қазақтар небәрі жеті миллионға жетер-жетпес халық екенін білгенде «Осыншама территорияны мына аз ғана ұлт қалай сақтап келген?!» – деп қатты таңғалған екен.
Таңғалатын несі бар? Өйткені Қазақ елін сегіз ғасыр бойы Шыңғыс ханнан тараған беренді оғландар өз заманының білігіне сай биледі. Саяси ұстанымды және ел басқаруды шебер меңгерді, хан билігін қаққан қазықтай нық ұстай білді. Оның үстіне алпауыт мемлекеттер қаншалықты билеп-төстеймін десе де, Шыңғыстай қаһарлы хан тұқымдарының рухынан, батыр-билеріміздің аруағынан сескенді. Ішімізге айлалы әдіспен ақырын басып, ұртымызға «балды май жағып» еппен кірді.
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар» деген сөзінде осындай өзекті ой жатыр.
Хандық билігіміз, мемлекеттік ұстанымымыз Жошы хан мен оның ұлы Бату хан құрған Алтын Орда қағанатына жалғасып жатқанын әлемдегі барлық елдің білгені бүгінгі өсер ұрпағымызға ерекше мақтаныш сыйлайтынын Елбасымыз тереңнен түсініп отыр.
Жошы ханның жатқан жері – қасиетті Ұлытау. Басына қойылған мавзолейі асқақтап тұр. Оны бастан-аяқ зерттеген академик Әлкей Марғұлан бастаған ғалымдар кесене ішіндегі мәйітті ашып, онда жерленген адамның бір қолының жоқ екенін анықтаған. Жошы ханның бір қолын құлан шайнап тастағаны тарихтан белгілі.
Өткен жылы «abai.kz» сайтында Сұлтан Аман Шота мен Әскен Алтайдың «Жошы ханға ие болайық» деген мақаласы жарияланды. Онда Жошы ұлысының құрылуы жөнінде:
«Басқалар Қарақорымға қайтқанда, Жошы хан Дешті Қыпшаққа қарасты түркі тілдес тайпалар құрған, өз ұлысында қалған. Міне, қазақтың алғашқы мемлекеті осыдан бастау алады» деген сөзі өте орынды.
Шыңғыс хан Сарыарқаның сайын даласын тұңғыш ұлы Жошыға берген соң, ол өз алдына үлкен қағанатқа айналды. Алдымен Ақ Орда, кейін Алтын Орда деп тарихқа енгені баршаға мәлім. Осы тарихи кезең туралы жазушы ғалым Тұрсынхан Зәкенұлының мына бір құнды дерегін келтірейік.
« …Жошыны хандыққа сайлау рәсіміне қазақ ру-тайпалары түгел қатысады. Қаракеңгір өзенінің бойындағы көкорай шалғын далада иісі монғолдардың игі жақсылар мен қазақ ру-тайпаларының көсемдері, көмекей жыраулары мен билері түгел қатысқан сол жиында Жошыны ақ киізге салып, хан көтеріп тұрып үйсін Майқы би, қоңырат Сенгеле би мен Мәуке би, барлас Қарашар би, монғол Тазша бала, атақты Көкеші шешен ағынан жарылып ағыл-тегіл сөйлейді. Күйші Кетбұға, Домбаул, Арғұсын қобызшы дала желінің сарынына салып күңірентіп күй тартты. Сол жиында Майқы би:
– Көргені көп көркеюге жол табар, жасағы мол үлкеюге жол табар деген. Ұлы мәртебелі ием ту алыстан алдыңызға әдейі келгендегі мақсатым – енді мәңгі-бақи ұлы қағанатыңыздың қол астында болып, етек жию. Жау-жаламсыз, үркін-қорқынсыз күн өткізу. Сол үшін біздей пендеге өзіңізден айтар ақыл, көрсетер көмек бар ма деп келдік, – деді.
Сонда Жошы хан:
– Сөзіңіздің төркініне қарағанда едәуір молайып, бір хандық ел болуға жеткен екенсіңдер. Хандық құраңдар, ел басқаратын ережелерің бар ма? – деді.
Оған жауап ретінде Майқы би:
Күллі еліміз үш жүзден құралады, бір-біріне құда болып қыз алады. Ру іші ет жақын туысқан деп, құда болып қыз алудан тыйылады. Ту тіксе, кісі өлтірсе ел келеді, адамды өлтіргенді тексереді. Кірісіп арасына ел ағасы, тоқтатып жеті белгі әпереді. Кебін-кетпен, ұстайтын жабдығымен, кескен құйрық, кертөбел ат бар еді. Тоқтатып осыменен ашу басып, артынан екі жүз жылқы құн береді. Мал ұрласа, үш тоғыз айыбымен, толықтап малдың басын көтереді. Тентекке мұндай тыйым салынған соң, тып-тыныш басқа халық күн көреді. Ер құны екі жүз жылқы болса дағы, әйелге жүз жылқыдан құн төлейді. Төрт бөліктің үш бөлігін үш жүзге арнап, алу-алмауын еркіне салады. Бір бөлігін қаралы үйге «құн» деп беріп, жосынға қол қояды. Көз шығарса, ер құнының төрттен бірін төлейді. Мүше сынса, оған да төлем беріп сүйейді. Қысас алуға жол жоқ. Қысаспен адам өлтірсе, қанға қан алынады. Қалай өлтірген болса, дәл солай өлтіріліп, көріне салынады. Жер дауы мен жесір дауы ел ішінде қаралады. Билер шығып болған істі саралайды. Көз жеткенде билік кесіп, ел алдында жазалайды, – деді.
Мұны естіген Жошы аң-таң қалды:
– Ел басқаруларың ғажап, жақсы екен. Осындай ауыз бірлігі бар ел қалайша басқаларға бодан болады?
– Тақсыр, біз тек бұл дүниедегі теңдессіз Шыңғыс ханның алдында ғана бас иіп, оның және оның ержүрек ұлы сіздің құзырыңызға кіруге ниет қылдық. Басқа ешқандай күш бізді бағындыра алмайды! Сіз біздің ұрпақтан ұрпаққа дейін төрімізден орын, төбемізден жайлау беретін төреміз болыңыз…», – деген нақты дерек келтіреді. (Тұрсынхан Зәкенұлы, «Көк бөрілердің көз жасы» Астана, «Елорда» баспасы. 2002 жыл). Майқы бидің осы айтқан заң жарғысын абыз заңгеріміз Салық Зиманов құрастырған «Қазақтың ата заңдары» деген академиялық он томдыққа «Майқы биден калған Жеті жарғы» деп кіргізгенбіз.
Алла қаласа, 2023 жылы Жошы хан қағандығының құрылғанына 800 жыл толады екен. Шартарапта жатқан бүкіл түркі-мұғул жұртшылығы, оның ішінде Қазақстан мен Моңғолия бас болып дүбірлі үлкен мереке өткізсек, ата-баба және әруақтар алдындағы қарызымыз өтелер еді. Елбасы айтқандай «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығаруды осы Жошы ханнан бастасақ, нұр үстіне нұр болады. Қытай елінің киногерлерімен бірлесіп, көркемфильм түсіруге қазірден бастап бел буған жөн. Олар шындықтан ауытқымайды, бұра тартпайды, накты деректі жасырып қалмайды. Бұған дейін олар түсірген «Шыңғыс хан», «Құбылай хан» көркем фильмдерінен бұны анық байқадық.
Алтын Орда мемлекетінің қазіргі бірден бір мұрагері Қазақстан екенін Елбасы өзінің Ұлытаудағы Әулиебастаудың басында берген сұхбатында нық сеніммен айтқан болатын. Бұл – көптеген тарихи еңбектерде дәлелденіп жазылған, ғылыми негізі, бұлтартпас дерегі анық тұжырым. Шыңғысхан мен Бөрте ханымның тұла бойы тұңғыш ұлдары Жошы (Жолшы) екені жалпы жұрт жатқа біледі. Тарихы сегіз жүз жылға созылып жатқан қазақ хандарының түп атасы осы Жошы хан екенін әлем тарихына қосылған көптеген көне жазбаларда айдан анық көрсетілген.
Шыңғыс хан өзі құрған алып империясын төрт ұлына бөлгенде қазіргі Қазақстан аумағы тұтасымен, оны мекендеген ру-тайпалардың бәрі Жошы хан ұлысының қарамағына өткені аса құнды тарихи жазба Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-Тауарихында» нақты баяндалған. Кітаптың үшінші томындағы «Жошы хан туралы дастан» екінші бөлімде:
«Шыңғыз хан Ертіс өзені мен Алтай тауларының айналасындағы барша уәлаяттар мен ұлысты, ол аймақтардағы жайлаулар мен қыстауларды Жошы ханның билігіне берді. Және (Жошы хан) Дешті Қыпшақ пен сол жақтағы өңірдегі мемлекеттерді азат етіп, өзінің иелігіне қосып алуы туралы бұлтартпас бұйрық берді. Оның (негізгі) жұрты Ертістің айналасында болды және оның мемлекетінің астанасы да сол жерде еді», – деп анық жазылған.
Бұл тарихи еңбек қазақ ғалымдарына ертеден белгілі. Алайда, тарихты бұрмалауға әуес, шындыққа үрке қарайтын еуроцентристік пиғылдағы көптеген ғалымдар бұл жәдігерді өз тіліне аударғанда шынайы тарихымызға қатысты осындай маңызды тұсын көрсетпеген, яғни аудармасын жасамаған. Өзіміздегі Халықаралық түркі академиясы бұл кемшілікті жойып, Рашид ад-Диннің «Жамиғ-ат-Тауарихын» ана тілімізде басып шығарды. Көптеген нақты деректерге көзімізді жеткізді.
Рашид ад-дин өзінің осы еңбегінде біз атап, жазып жүрген «монғол» сөзін еш жерде қолданбаған. Жамиғ-ат-Тауарих» Шыңғыс хан дүние салған соң, арада жетпіс үш жыл өткен уақыттан бастап жазылған, он алты жыл ішінде біткен. Бұл әлемнің төрт торабына билік жүргізген ұлы империяда Шыңғыс ханнан тараған өз ұрпақтары әр мемлекеттің тағында мығым отырған кез. Жиналған дереккөздердің тек шынайы әрі өте сенімдісі ғана іріктеп алынғанын автор өзі атап көрсеткен.
Осы кітаптың бірінші томының төртінші бөлімінде (147 бет) «Көне замандардан атауы мұғул болған түркі тайпалары жайлы деректер» деген тақырыпта Шыңғыс ханның тоғызыншы атасы Дубун Баян мен түп анасы Алан Қуаға дейінгі «…Түркі-мұғулдың мұғул-дүрліккен аталарының шығу тегі ертеде Ергене қонға кетіп, сонда көбейген мұғул рулары нүкіз бен қиянның қалдықтарынан алатын тармақтар мен тайпалардан» дейді. Одан әрі Дубун Баян дүниеден өткен соң өмірге келген ұрпақтарын «… Бұлар муғул-нируун деп аталады. Олар – Ала Қуаның күйеуі Дубу Баян дүние салған соң (Алан Қуа) әулетінен шыққан рулар. Алан Қуа мұғул-дүрліккендердің бір тармағы болған қоралас руынан шыққан еді» дейді (147-бет). Оған қоса «Нируун» деген сөздің мағынасы – құрсақ», яғни «Алан Қуа күйеуі дүние салғаннан соң жарық нұрдан жүкті болып дүниеге үш ұл келеді. Осы ұлдардың әулетіне жататындарды нируун деп атайды» делінген (148-бет). Нұрдан жаралды деген сөз. Сол нұрдан жаралып, Алан Қуа анадан туған үш ұлдың есімі Бұқұн Қатақи, Бұқату Салжи, Боданжар.
Кітапта «Бұл ұш ұлдың ұрпақтарын Алан Қуаның таза құрсағын меңзеп, түбегейлі нируун деп атайды. Мұғулдар арасында бұл руларға толық құрмет көрсетіледі» дейді. «…Олардың үлкені Бұқұн Қатақиден қатаған руы, Бұқату Салжиден салжуыт руы тарайды, ал кіші ұлы Боданжар қаған асыл текті Шыңғыз ханның тоғызыншы атасы» деп көрсетілген (220-бет). Таратып айтқанда Шыңғыс ханның өз әкесі Жесукей (Есукей), Бартан баһадүр екінші, Қабыл хан үшінші, Түмбине хан төртінші, Байсынқұр (кейбір тарихи жазбаларда Байсұңқар деп жазылған) бесінші, Қайду алтыншы, Дутум Манин жетінші, Бұқа сегінші, Боданжар тоғызыншы атасы делінген.
Мына бір деректің де маңызы зор. «…Сол уақытта Бартан баһадүрдің Мунгаду Қйиан (Меңгіду қиян) атты үлкен ұлы бар еді. «Мунгаду (Меңгіду)» деген «қалдары көп адам» дегенді білдіреді. (Өйткені) оның мойнында (туғаннан) үлкен қалы бар еді және ол ұлы баһадүр болатын. Ендеше қазіргі уақытта Дешті Қыпшақ өңіріндегі көптеген қияттар оның әрі оның ағайындары мен туыстарының әулеті.
Рашид ад-Дин «Жамиғ ат-Тауарихында» бүгінгі Қазақстанның барлық аумағын «Мауараннаһр, Түркістан, Дешті Қыпшақ» деп жалпылама атап көрсеткен. Бұл Жошы хан ие болған үлкен ұлыстық аймақ. Алтайдан Еділге дейінгі алты айшылық жерді алып жатқан ұлан-ғайыр бұл өлке бертін келе Түркі-мұғул жұртының ту тіккен ордалы өңіріне айналды. Бүгінде өз алдына жеке мемлекет болып отырған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей құрамындағы Татарстан, Башқұртстан, ертедегі Хажы-Тархан, Ноғай, Қазан, Сібір хандықтары бәрі де Жошы мен Бату хандар құрған Алтын Орда қағанаты құрамынан шыққан үлкен елдер екеніне тарихтың өзі куә.
Ерекше ескеретін тағы бір маңызды нәрсе – жоғарыдағы Жошы хан қағанатынан тараған хандықтар уақыт теперішіне төтеп бере алмады. Ал Қазақ хандығы өзінің мемлекеттік билігін 1824 жылға дейін сақтады. Ресей Бөкей Ордасының хандық билігін Әбілқайыр ханның ұрпағы Жәңгір хан дүние салған 1845 жылға дейін ресми түрде мойындап келді.
Дешті Қыпшаққа – Қазақ еліне келіп сіңген түркі-мұғул ру-тайпалары бүгінде бір ұлт, бір халық болып Қазақстан аумағында өмір сүріп отыр. Оның көш басында Шыңғыс ханның өзі, Алтын Ордадай айбарлы мемлекеттің құрылуына ұйытқы болған Жошы хан, Бату хандар тұр. Сол Жошы ханның тікелей ұрпақтары – Керей мен Жәнібек, Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім, Салқам Жәңгір, әз Тәуке хандар. Көрші алып империяларға жұтылып кетпес үшін жанын қылыштың жүзіне салып күрескен кешегі Әбілқайыр, Абылай, Кенесары хандарымызды бүгінгі және болашақ ұрпақ мәңгі-бақи ардақтап өтетін ірі тұлғалар.
Ендеше біз бүкіл Қазақ хандарының түп атасы Жошы ханды Шыңғыс хан имериясы құрылған кездегі ел-жұртымызға ие болған, мемлекетімізге тірек болған хандық билігіміздің «алтын қазығы» деп танитын уақыт келді. Енді халықаралық дәрежеде ғылыми-теориялық конференциялар өткізіп, заманауи ғылым тұрғысынан әлем жұртшылығына мойындатуымыз керек.
Қанапия ОМАРХАНҰЛЫ
Дереккөз: Айқын