ЖОМАРТ ЖАНДАР ШАПАҒАТЫ | «Айқын» газеті
Биыл Түркістан облысында жомарт іскер жандар арқылы 97 нысан іске қосылды. Тарқатып айтқанда, Елбасының «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деген ұстанымын үлгі тұтқан кәсіпкерлер мен ел азаматтары түрлі нысандардың құрылысына демеушілік жасап, туған өңірді гүлдендіруге белсене атсалысып жүр.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Туған жер» бағдарламасы аясында демеушілердің көмегімен пайдалануға берілген 97 нысанның 28-і білім мекемелерінің құрылысы болса, 3 ғимарат қайта жөндеуден өткізілген. Сонымен бірге, 2 медицина мекемесі, 12 спорт нысаны ашылса, 2 спорт алаңы жөнделді. 15 мәдениет нысаны пайдалануға беріліп, 5-уі қайта жөндеуден өткізілсе, абаттандыру бойынша 30 жоба іске асырылған.
Бұл игілікті істер Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» арнайы жобасын жүзеге асыру аясында атқарылған.
Жомарт кәсіпкерлердің демеушілігімен нысандар ел игілігіне қызмет етіп жатыр. Мәселен, Отырар ауданында құны 248 млн теңгені құрайтын спорт кешені мен бокс залы спортсүйер жастарға есігін айқара ашты. Ал Бәйдібек ауданында 14,3 шақырым жолға «Ақылды шам» желісі орнатылған. Бұл игі іске демеуші кәсіпкер құны 195 млн теңге жұмсаған. Қазығұрт ауданындағы құны 100 млн теңге құрайтын Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүрге арналған мемориалдық кешені, Кентау қаласындағы құны 80 млн теңгені және Сарығаш ауданындағы құны 50 млн теңге құрайтын спорт кешендері де елге қызмет етуде. Төлеби ауданында ашылған «КазМед» медициналық орталығы, Сайрам ауданында 125 орындық балабақша және өзге де әлеуметтік нысандар туған жерін сүйетін кәсіпкерлердің көмегімен салынған.
Меценаттардың еңбегін қолдау мақсатында 2018 жылғы шілде-қазан айларында 16 аудан, қалада «Жомарт жүрек» сыйлығының бірінші кезеңі өткізіліп, облыстық деңгейдегі қорытынды жиында 20 азамат марапатталған болатын.
Қуантарлығы сол, «Туған жер» бағдарламасына кәсіпкерлердің ықыласы артып келеді.
Тельман БЕЙСЕН,
Түркістан облысы
Дереккөз: Айқын