Украиналық әйгілі актер ел президенті атануы мүмкін

0
122

Украиналық танымал актер, продюсер Владимир Зеленский 2019 жылы наурыз айында өтетін президенттік сайлауға түсуі мүмкін. Ол қалың көпшілікке «Слуги народа» сериалы арқылы танымал. Аталған сериалда ол Василий Голобородько аты-жөнімен Украина президентінің рөлін сомдайды.

 Сериал жарыққа шығысымен көпшілік одан президенттік сайлауға түсетіні туралы сұрай бастаған. Зеленский «Бұл мәселеге қатысты анық көзқарасым бар деп айта алмаймын» қысқаша жауап қайырған.

«Рейтинг» әлеуметтік тобының жүргізген зерттеуіне сүйенсек, Зеленский қазіргі атағымен сайлаудың екінші турына еркін өтетін көрінеді. Ол қазіргі президент Петр Порошенкомен бірге 8 пайыз дауыс жинай алады. Бұл тұрғыда ол 14 пайыз дауыс жинауы мүмкін Юлия Тимошенкодан ғана қалыс қалуы мүмкін. Сондай-ақ тағы бір үміткер Святослав Вакарчукке 4 пайыз ғана дауыс бұйыруы мүмкін екен.

Рас, Зеленский өзінің сайлауға түсетіні немесе түспейтіні туралы әлі ашық айтпады. Қалаларда, аудандарда оның сайлау алды кампаниясы басталған жоқ. Жарнамасы да жүріп жатқан жоқ. Бірақ актер халық тарапынан қолдауға ие. Айтпақшы, «Слуги народа» атауымен саяси партия да тіркелген. Зеленский өнер көрсететін «Студия Квартал 95» жобасының жетекшілерінің бірі Иван Баканов бұл партияны ресми тіркеуге ұсынған.

Осы жылдың сәуір айында Украинаның әділет министрлігі аталған партияны тіркеп, бұл туралы министрдің орынбасары Наталья Бернацкая ресми мәлімдеген. Жоғарғы Рада жүргізген әлеуметтік сауалнама бойынша парламенттік сайлауға жеті саяси партия қатысуы мүмкін. Оның қатарында көп дауыс жинауы мүмкін «Слуги народа» партиясы да бар.

Ал Жоғарғы Рада депутаты Алексей Гончаренко егер Зеленский президенттік сайлауға қатысатын болса онда телевизиялық ток-шоуға клоун образында келуге уәде берген. Бұл туралы «Перший» телеарнасының эфирінен 23 желтоқсан күні айтты.

«Әлемде ешқандай актер табысты кинодан кейін бірден президенттік креслоға отырған емес. Бұл меніңше, Зеленский командасының жарнамалық жобасы ғана. Иә, АҚШ президенті Рональд Рейган актер болған. Бірақ ел басқарар алдында ол Калифорнияның губернаторы болып жұмыс істеді» дейді депутат.

Елде жүргізілген әлеуметтік сауалнама көрсеткіші бойынша – егер сайлау екінші турға жалғасса онда Зеленский «Батькившины» партиясының көшбасшысы Юлия Тимошенко мен қазіргі президент Петр Порошенконы да жеңіп кетпек.

Көптің назарын аударған Зеленский 1978 жылы 25 қаңтарда Кривой Рог қаласында өмірге келген. Криворжский экономикалық институтын тәмамдаған. Үйленген. Келіншегі Елена Зеленская. Александра және Кирилл есімді балалары бар.

«The Qazaq Times»