ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ДӘРІГЕРЛІК ҚЫЗМЕТ | «Айқын» газеті
Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл күйінің аса маңызды компоненті болып саналады» деп көрсетті. Жолдауда Қазақстан халқының өмір сүруі үшін аса қажетті бағыт-бағдарлар нақтыланған, соның ішінде медицина саласы мамандарының алдына да айқын міндеттер қойылған.
Осыдан болар, Өскемендегі «Ана мен бала» орталығының бас дәрігері Ермек Омарбеков өз әңгімесін: «Денсаулық сақтау саласының қызметкері ретінде мемлекет басшысы атап көрсеткен барлық емхана мен ауруханада медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлы нұсқада жүргізуге көшіруді, тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасау қажеттігін толығымен қолдаймын. Бұл шаралардың медициналық мекемелердегі кезекті болдырмауға, бюрократиялық көзқарасты жоюға, қызмет көрсету сапасын жақсартуға – игі ықпал етері даусыз. Біздің орталықтың қызметкерлері Елбасы қойған міндеттерді жүзеге асыруға құлшына кірісіп кетті», – деп Жолдаудан бастады.
«Ана мен бала» КМК орталығы Шығыс Қазақстан облысындағы көпқырлы аса ірі дәрігерлік мекемелердің бірегейі саналады. Бұл орталықтың құрамына педиатриялық блок, №2 педиатриялық бөлім, инфекциялық бөлім, акушер-гинекологиялық бөлім, №2 босанатын үй, консультативтік балалар поликлиникасы, консультативтік-диагностикалық бөлім, учаскелік педиатриялық қызмет және жарақат пункті кіреді. Жоғары технологиялық қызмет нейрохирургия, травмотология, көз микрохирургиясы, хирургия, гинекология салалары бойынша көрсетіледі.
Орталыққа шетелдік мамандар жиі келіп мастер-класс өткізіп тұрады. Мәселен, өткен жылдың 16-18 шілде аралығында Түркияның дәрігерлері жаңа туғандарды реанимациялау бойынша мастер-класс өткізіп қайтқан. Түркияның неонтология жөніндегі білікті профессорлары мен белді мамандары өткізген оқуларға қатысқан 85 маман арнаулы сертификатқа ие болған, олардың 10 пайызы – неонтолог, 8 пайызы акушер-гинеколог болса, 82 пайызы орта буындағы медицина қызметкерлері. Сондай-ақ 2017 жылдың қараша айында Мәскеу қаласындағы Пирогов атындағы институттың балалар кафедрасы профессорлары «Балалар хирургиясының өзекті мәселелері» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізген. Минск қаласындағы балалар онкологиясы және гемотология республикалық зерттеу департаментінің директоры Михаил Белевцев «Балалардағы иммундық жүйе ауруы. Бастапқы иммунодефицит» тақырыбында 54 сағатық көшпелі оқу циклін өткізген. 2016 жылдан бері Жарма, Зайсан, Шемонайха, Зырян аудандарда телемедицина бойынша селекторлық кеңес өткізіліп келеді. Телемедицина жоқ аудандармен видеобайланыс орнатылыпты. Осындай тәсілдермен акушерлік және неонтологиялық проблемалар шешілуде.
Тағы бір айта кетеріміз, «Ана мен бала» орталығының мамандары білімін жетілдіру мақсатында шет елдерге жиі шығып тұрады. Былтырғы жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниял Ахметовтің қолдауының арқасында орталықтың сегіз қызметкері – Англияның жетекші клиникаларында денсаулық сақтау менеджменті, неонтология, ересектер реанимациясы, балалар реанимациясы, акушерлік және гинеколгия салалары бойынша білімдерін жетілдіріп қайтқан екен.
Орталықтың материалдық-техникалық жағынан жарақтануы жыл өткен сайын жақсарып келе жатқанын айтуға тиіспіз. Өткен жылы жергілікті бюджеттен осы мақсатқа 1 224 829 теңге бөлініпті. Осы жоғары технологиялық жабдықтардың арқасында кеуде сүйектері органдарын зерттеуге мүмкіндік туған. Сол сияқты эндовидеохирургиялық қондырығының көмегімен хирургтер тұңғыш рет торакоскопия жасаған.
– Былтыр «Ана мен бала» орталығында 8 972 нәресте өмірге келіпті. Солардың ішінде үшем сәбилер бар. Олардың бақытты ата-аналары Назарбек Әзімбек пен Күнкен Майра – Күршім ауданы Сарыөлең ауылының тұрғындары. Аяғы ауыр келіншектер мен босанатындарға сапалы қызмет көрсетілуде. Оны республикалық орталыққа жіберілетіндер саны жыл өткен сайын азайып келе жатқандығынан байқауға болады. Айталық, өткен жылы республикалық орталыққа босануы қиынға соғып тұрған алты әйел ғана жөнелтілді. Өздігінен босанатын әйелдердің саны жыл сайын арта түсіп келеді, кесерова отасы арқылы босанатындар саны азайды. Осының бәрі – жоғары технологиялық қызметтің нәтижесінде келген жетістіктер деп айта аламын. Сөздің реті келгенде айта кетейін,бізге қалалық әкімдік үлкен қолдау көрсетіп келеді. 2017 жылы жас мамандарымызға пәтер кілті табыс етілді. Мұндай қамқорлық бізге маман кадрлар тапшылығын шешуге мүмкіндік беріп отыр, – дейді Ермек Сембайұлы.
«Ана мен бала» орталығында оны дамытуға байланысты жол картасы жасалған. Англия мен Оңтүстік Корея, Израиль мен Литва, Ресей мен Беларусьтің ірі клиникаларына менторлық программа өткізуді сұраған ресми хат жолданыпты, оған құпталған жауап қайтарылған. Шетелдік және отандық дәрігерлік ұйымдармен осындай байланыс орнату қызмет сапасын жақсарта түсетіні түсінікті. Мамандар біліктілігін жетілдіруге, орталықтың материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға, жаңа технологияны енгізуге байланысты басқа да көптеген шара белгіленген. Қорыта айтсақ, Шығыстағы «Ана мен бала» орталығы жыл өткен сайын шырайланып, жұртшылықтың көзайымына айналуда.
Мира МЫРЗАҒАЛИ,
Шығыс Қазақстан облысы
Дереккөз: Айқын