Жігіті жауапкершіліктен бас тартқан. Қазталда тірі туған сәбиін өлтірген студентке үкім шықты

0

Жас ана шақалағын целлофан пакетке салып, көше дәретханасының тесігіне тастаған. 4 ақпан күні Қазтал аудандық №2 соты осы іске қатысты үкім шығарды.

2020 жылдың қыркүйек айында Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің екінші курс студенті өзінің танысынан жүкті болып қалғанын білген. Алайда ол бұл туралы ешкімге тіс жармауды жөн көреді. Бұған себебі де жоқ емес.

23 қараша күні шамамен сағат төрттер кезінде оның іші ауырады. Бұл уақытта анасы дүкенге шығып кеткен. Ал отбасының қалған мүшелері өз бөлмесінде болған. Осыны пайдаланып бойжеткен дәлізге шығып, тірі ұл туады. Шок алған ол кіндікті қайшымен кесіп, баланы пакетке салып, даладағы дәретханаға апарып тастайды. Кейін қан болған жерді жинастырып, бөлмесіне кіріп жатады.

Қызының денсаулығы нашарлағанын байқаған анасы оны ауруханаға алып барады. Оқиғаның мән-жайын сол жерде біледі.

Бойжеткен сотта кінәсін толықтай мойындады. Жүріп жүрген жігітінің сәби үшін жауапкершілік алғысы келмегенін айтты. Сол себепті ол мұны бәрінен жасыруды жөн көрген.

Сәбиді 8-8,5 айында туған. 19 жастағы бойжеткен кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығы шектелді.