Жезқазғанда браконьерлер қолынан қаза тапқан қорықшыны жерледі

0

Бүгін, 26 шілдеде Қарағанды облысында браконьерлер қолынан қаза тапқан «Охотзоопром» мемлекеттік кәсіпорнының инспекторы Қаныш Нұртазиновты ақтық сапарға шығарып салды.

​Жерлеу рәсіміне жүздеген адам жиналды. Олардың арасында қорықшының туған-туысы мен жерлестері, әріптестері болды. Жезқазған қаласында жаназасы оқылғаннан кейін сүйегін Ұлытау ауданындағы Қоскөл ауылына жерлеуге алып кетті. Қорықшының артында әйелі мен төрт баласы қалды.

Қорықшымен қоштасуға билік өкілдері — экология министрі Мағзұм Мырзағалиев, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, жергілікті әкімдік өкілдері келді. Қошановтың сөзінше, бұл іске қатысты тергеуді ішкі істер министрі өз бақылауына алған.

Қорықшы Қаныш Нұртазинов 43 жаста болған. Ол бұл салаға туған ауылында бірнеше жыл учаскелік полицей болып қызмет еткеннен кейін келген. Қаныш Нұртазиновқа бірінші дәрежелі «Айбын» ордені берілді. Бүгін марапатты оның отбасына табыс етті.

Оқиға 23 шілдеде Ақмола облысының Жарқайың ауданында болған. Сол күні түскі 11-де қорықшылар Қаныш Нұртазинов пен Самат Оспанов Жарқайың ауданы аумағында киіктерді атып жүрген браконьерлерді байқап қалып, ұстамақ болған. Кейін «Нива» көлігінде отырғандар қорықшыларға оқ атқан. Қаныш Нұртазинов қаза тауып, Самат Оспановқа Джерзинск қаласындағы ауруханада операция жасалды.

24 шілдеде Қазақстан ішкі істер министрлігі «Охотзоопром» инспекторы Қаныш Нұртазиновтің өліміне қатысты күдіктінің ұсталғанын хабарлады.

Бұл жыл басынан бергі қорықшы өліміне әкелген екінші оқиға. Бұған дейін 13 қаңтарда қорықшы Ерлан Нұрғалиев браконьерлер қолынан мерт болған. Toyota Land Cruiser көлігіндегі браконьерлер екі қорықшы Петр Ницык пен Ерлан Нұрғалиевке қарсылық танытып, шабуылдаған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, көліктен түскен «шымыр денелі қарулы» адамдар инспекторларды ұрып, ізін жасырып үлгерген. Ауыр жараланған екі инспекторды кейін өзге әріптестері тауып алған. Ерлан Нұрғалиевті 14 қаңтарда туыстары Нұр-Сұлтандағы №1 қалалық емханаға жеткізген. Бір тәуліктен артық ес-түссіз жатқан Нұрғалиев 15 қаңтарда қайтыс болған.

21 қаңтарда ішкі істер министрлігі қорықшы өліміне қатысы бар деген күдікке ілінген үш адамның Қызылордада ұсталғанын хабарлаған. Қазір бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр.

Azattyq