ҰҚК қауіпсіздік сертификаты арқылы нені бақылайды

0
78

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

2 0 0

Қазіргі кезде қауіпсіздік сертификаты сынақтан өтіп жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 26 шілде – Sputnik. Қазақстандықтардың жеке хаттарын оқу тек қауіпті контентке ғана қолданылады. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты мемлекеттік техникалық қызмет директорының орынбасары Зекен Исмайылов қауіпсіздік сертификатына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Барлық ақпаратты сақтауға мүмкіндік жоқ

Әлеуметтік желіде қазақстандықтар қауіпсіздік сертификатын енгізуді белсенді талқылап жатыр. Сертификат орнатылса, телефондағы жеке мәлімет мемлекеттік органдар үшін қолжетімді болады деген болжам жасалуда.

Мемлекеттік техникалық қызмет басшысының орынбасары Зекен Исмайыловтың айтуынша, қазіргі кезде қауіпсіздік сертификаты сынақтан өтіп жатыр. Сол себепті бірқатар техникалық ақау болуы мүмкін.

«Бұқаралық ақпарат құралдарында қауіпсіздік сертификатының траффик шифрын оқи алатыны жайында айтылып жатыр. Бірақ бұл жұмыс онлайн режимде жасалады. Ондай шаралар тек заңға қайшы контентке ғана қолданылады. Сіздің кімге хат жазғаныңызды, қай әлеуметтік желіге кіргеніңізді ешкім сақтап отырмайды», – деді Исмайылов журналистерге берген сұқбатында.

Оның айтуынша, бұған дейін HTTPS бойынша жұмыс істейтін ресурстарды бұғаттауға техникалық мүмкіндік болған жоқ. Қазіргі кезде оны жасауға болады. Бірақ деструктивті контент қана бұғатталады.

VPN-ды бұғаттауға болады

Қауіпсіздік сертификатының көмегімен VPN-ды бұғаттау үшін соттың шешімі немесе құзіретті мемлекеттік органдардың нұсқауы қажет.

«Негізі, техникалық тұрғыда олай істеуге болады. Қауіпсіздік сертификаты қауіпті контентті ғана бұғаттайды. Ал соттың шешімі немесе құзіретті мемлекеттік органдардың нұсқауы болса, VPN да бұғатталады. Ондай шешім болмаса, бұғатталмайды», – деді Исмайылов журналистерге берген сұқбатында.

Спикер қауіпсіздік сертификатының сенім мәртебесін алмағанын да түсіндірді. Оның айтуынша, алдағы уақытта осы мәртебені алу жоспарланып отыр.

Тағы оқыңыз: Қауіпсіздік сертификаты VPN-ды бұғаттай алады

«Қалайша мен сіздің телефоныңызға кіріп, қауіпсіздік сертификатын орнатқаныңызды тексере аламын? Ондай статистиканың қажеті қанша? Негізі, есепті жүргізу үшін әрбір телефонға кіру керек. Ал оған кіруге рұқсат жоқ. Сондықтан адамдар қауіпсіздік сертификатын орнатты ма, жоқ па, ондай ақпарат бізде жоқ», – дейді Исмаилов.



sputniknews.kz