Жетісу өңірінің табиғи ерекшелігі баламалы энергия көзін өндіруге мүмкіндік береді

0
220

Қапшағай жағалауына де­малуға барған жұрт осы аумақ­тағы күннің сәулесі нұрлы, қызуы мол екенін білсе керек. «Universal energy CO» компаниясының қуатты күн батереялары дәл осы демалыс аймағына жақын жерге, Шеңгелді ауылының маңына орналаспақ. 400 гектар жерді алып жатқан аумаққа күннен қуат өндіретін панельдер қойылып жатыр. Құрылыс жұмысына 500 адам жұмылдырылған екен. Олар Германияда өндірілген қуат жинаушы панелдерді орнатуда. Станса толық іске қосылған кезде 26 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылатын болады.

Баламалы энергия көзін жинайтын стансаның алғашқы кезеңі жыл соңына дейін пайдалауға берілмек. Мамандар салынып жатқан күн электр стансасының қуат өндіру күші келесі жылдың бірінші тоқсанына дейін 100 МВт энергия беруге жететінін айтуда. Стансаның толық іске қосылуымен бұл көрсеткіш тағы да 50 МВт энергияға көбеймек. Өндірілген қуат көзі аймақтағы электр энергиясына деген сұра­нысты қамтамасыз етуге бағыт­талмақшы.

Айтпақшы, бұл станса құры­лысының негізгі құрыл­тайшысы – қытайлық «CHINT Group» компаниясы. Шанхай қаласында орналасқан компания әлем бо­йынша электр құрылғыларын шығарушы ретінде танымал. Бүгінге дейін Ресей, АҚШ, Ка­нада, Аустралия, Гонконг, Син­гапур сияқты әлемнің дамыған 11 елі осы компанияның қызметіне жүгінген екен. Қапшағай ма­ңында салынып жатқан күн энер­гиясы стансасы ТМД елдері ара­сында алғаш салынуда. Әрі бұл жоба «CHINT Group» компаниясы тарапынан Қазақстан нарығына құйылған қомақты инвестиция болып отыр.

Қапшағай жазығында бой көтер­ген күн электр стансасы аймақтағы «жасыл» энергия өндіру ісіне де серпін береді дей­ді мамандар. Бұл «Бола­шақ­­тың энергиясы» атауымен ЭКСПО көрмесін өткізіп, әлем­ді қал­пына келетін энергия көз­дерін дамытуға үндеп отырған елі­міздің басты ұстанымы екенін әйгі­лей­ді. Оның үстіне күн қуа­­тын өнді­р­етін панельдердің көбеюі өңір­дегі электр энергиясы­на деген сұранысты азайту­ға бас­­та­мақшы. Қазір Алматы облы­сы­ның энергетикалық мүм­кін­дігі ішкі қуат нарығындағы сұра­ныстың 60 пайызын ғана орын­дауға мүмкіндік береді. Қалған қажеттілік Жамбыл облысы мен Қырғыз елінен сатып алынуда.

Облыстық энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­­­­шылығы бас­қармасы бас­шы­­сының орынбасары Нұрлан Шаяхметовтің айтуынша, өңірде «Жасыл» энергия бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2025 жыл­ға дейін баламалы қуат көзін өн­діретін 25 нысан салынып, пай­далануға беріледі екен. Бұл – Жеті­су өлкесіндегі энер­гетикалық сұра­нысты өтеуге әрі табиғатты қор­ғауға бағытталған маңызды қадам.

− Баламалы қуат көзін өндіру бойынша Қапшағай маңын­дағы күн электр стансасының құры­­лы­сынан бөлек, Алакөл ауда­нындағы Жоңғар қақпасы аумағында жел энергиясын игеру жұмыстары қарқын алды. Бұл – нағыз болашақтың энергиясы, жемісін де алдағы уақытта көре­тін боламыз. Қазір облыс бо­йынша өндірілетін энергия көзі 2 млрд киловатт/сағат болса, оның қалпына келетін ресурстардан алынатыны 38 пайыз шамасында. Жоба жүзеге асқаннан кейін бұл көрсеткіш өсіп, «жасыл» энер­гия өндіру де арта түседі деген сенім бар, − дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Шаяхметов.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы