Жетісу облысындағы атышулы Пенжім ауылының атауы қазақшаланатын болды

0

Алматы облыстық ономастика комиссиясы қорытындысымен бірнеше ауылдың атауы өзгерді. Панфилов ауданындағы Пенжім ауылына Атамекен атауы, Панфилов ауданы Лесновка елді мекеніне Талды атауы, Алакөл ауданының Жыланды ауылдық округіне қарасты Әшім ауылына бұрынғы Төңкеріс атауы қайтарылады. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл туралы жетісулық журналист Гүлназ Мұстафа әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

“Пенжім енді Пиджим де, Пенжім де, Бенжім де емес. Атауы түсініксіз ауыл Панфилов ауданында орналасқан. Енді ол Атамекен деп аталатын болады. Ал сол өңірдегі тағы бір ауыл — Лесновка елді мекеніне Талды атауы, Алакөл ауданының Жыланды ауылдық округіне қарасты Әшім ауылына да бұрынғы Төңкеріс атауы қайтарылады. Осы аумақ халқының пікірін ескере келе облыстық ономастика комиссиясы қорытынды жасады. Соның негізінде Жетісу облысының әкімдігі қаулы етіп, Жетісу облыстық мәслихаты шешім шығарды”,- деп жазды ол.

Сонымен қатар Талдықорған қаласының  9-шағын ауданы Құлагер, 10-шағын ауданы Әл-Фараби деп аталатын болды. Ал қаладағы Ворошилов пен Невский көшелері бұдан былай Нұрғиса Тілендиев, Абдұлхақ Абдұлхалықовтың атын алады. Шайқорған мен Балауса деп аталатын құрамдас бөлігіндегі барлық көшелеріне жаңа атаулар берілді. Өйткені олар осы күнге дейін тек реттік сандарымен ғана айтылатын.