Жер митингісінен кейін сотталған Макс Боқаев Ақтөбеден Атыраудағы түрмеге «ауыстырылды»

0

2016 жылы сәуірдегі жер митингілерінен кейін бес жылға сотталған атыраулық белсенді Макс Боқаев 28 қыркүйекте Ақтөбедегі КА-168/2 түрмесіннен этаппен Атырауға жеткізілді. Бұл туралы Азаттыққа белсенді Талғат Аян айтты. Оның сөзінше, Боқаевты таңертең арнайы вагонмен Мақат стансасына жеткізген. Кейін Маңғышлақ — Атырау жолаушылар поезына салып жіберген.

— Онымен сөйлесуге мүмкіндік болмады. Тек алыстан «Макс, қал қалай?» деп амандастық. Енді ол екі апта карантинде болады. Атыраудағы УГ-157/9 түрмесінде болады, — деді Талғат Аян.

Аянмен бірге Макс Боқаевты қарсы алуға құқық қорғаушылар Әсел Нұрғазиева мен Дарья Олжағалиева барды.

Азаттық тілшісі Боқаевтың басқа түрмеге ауыстырылу жайлы ресми пікір алмаққа Атырау облыстық қылмыстық атқару департаментіне хабарласқанымен, телефонға жауап болмады.

46 жастағы Макс Боқаев пен Талғат Аян 2016 жылы Жер митингісінен соң (Жұрт биліктің жерді шетелдіктерге жалға беруі заңына қарсы шыққан, кейін билік бұл заңға мораторий жариялады) «әлеуметтік араздық тудырды», «жалған ақпарат таратты» және «митинг өткізу заңдарын бұзды» деген айыппен бес жылға сотталған еді.

Боқаевтың түрме жазасы 2021 жылдың 21 ақпанында аяқталады.

2018 жылы сот Талғат Аянның түрмеден мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырып, оның жазасын шартты түрге алмастырған. Ал 2019 жылы шілдеде Атыраудағы №2 қалалық соты Талғат Аянды жазадан толық босатты. Макс Боқаев «қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын, өзін толық ақтауды талап ететінін» мәлімдеген еді.

АҚШ конгресінің 12 сенаторы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, «сөз еркіндігі мен жиналу еркіндігі құқығын пайдаланғаны үшін» сотталған белсенділер мен адам құқығын қорғаушыларды дереу түрмеден босатуды сұраған. Сенаторлар хатында Макс Боқаев пен қатар тағы бір азаматтық белсенді Әсет Әбішевті (елде «экстремистік ұйым» деп танылған, Еуропарламент бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атаған ҚДТ-ны қолдады деп 4 жылға сотталған) атап көрсеткен.

Қазақстанның өз ішінде де оқтын-оқтын болатын бейбіт митингілерде белсенділер биліктен Макс Боқаевты ақтап, түрмеден босатуды талап етіп келеді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Макс Боқаевты «саяси тұтқындар» тізіміне қосқан. Ресми Нұр-Сұлтан елде саяси тұтқындардың жоқ екенін алға тартады.

Азаттық