Жеңіс Ысқақова: Оқушы кезімде түс көрдім, сол күні әкемнің өлетінін білдім — Қазақстан жаңалықтары
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, эстрада әншісі Жеңіс Ысқақова балалық шағы мен отбасы, ата-анасы туралы айтты. Әнші түсінде көрген аян арқылы асқар тауынан айырылатынын білген екен.
Бұл туралы «Талантым-тағдырым» бағдарламасында айтылды.
«Мен Қызылорда облысы Сырдария ауданы Тереңөзекте тудым. Отбасында ең кенжесімін. Ағаларымның, әпкелерімнің соңынан ергенмін. Өте ерке едім. 18 жасқа келгенше, ағаларым еркелетіп, бетімнан қайта-қайта сүйіп өсірді. Бұзық та болдым. Әкем мен ес білгелі ауылдың қара жұмысшысы, шопыр болған еді. Анам есепші болды. Әкем аң аулайтын, балық аулайтын. Отбасын қайтсем асыраймын деумен өмірі өткен адам», — дейді әнші.
Жеңіс Ысқақова бала күнінен ауылының жас жұлдызы еді. Онсыз той-думан, концерт өтпеген деседі. Тіпті ауылдың «Алла Пугачевасы» деген лақап аты бар.
«Концерттерге шақырады, ән айтамын. Ән айтып біткенше ағаларым мені бақылап тұрады. Біткен соң жетектеп отырып үйге апарып салады. Әрі қарай өздері би кешіне барып, қыдырып кетеді. Келген соң, бетімнен шөлпілдетіп сүйеді», — деді әнші.
18 жасқа дейін еркелеп өскен әнші осы жасында күрт есейіп кеткенін сезген. Себебі асқар тауы әкесінен айырылып, ойда-жоқта отбасы қара жамылды.
«Әкем 56 жасында қатты ауырып қалды. Дәрігерге қаралып жүрді. Ауруханада жатты. Дәрігерлер емдей алмаймыз деп шығарып салды. Үйде төсек тартып жатты. Бір күні еңсесін көтеріп, ажары сұлулана түсті. Анам қуанып жүрді. Әкем жазылатын болды деп қуанды. Бірақ мен ол күні түс көрген едім. Кейде солай алдын ала түс көретінім бар. Түсімде әкемді алып кеткен еді. Содан әкемнің жазылмайтынын, қоштасатынын білдім. Солай болды да. Өмірінің соңғы сәтінде анамды шақыртты. Өзінің кететінін білді. Мен де қасында болдым. Тілі байланып сөйлей алмады. Мен де ешнәрсе демедім. Тек жылай бердік. Менің қолымды қыса берді. Солай қоштастық. Сол сәтте мен де есейіп кеттім», — деді Ысқақова.
Оқи отырыңыз:
stan.kz