Жемқорлыққа қарсы жұмыс күшеймек | «Айқын» газеті

0

«Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында Мәжіліс депутаты Жанат Жарасовтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті.

Жиында «Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың 2016-2017 жылдар ішіндегі ұсыныстарды орындауы туралы» мәселесі қаралды.
Отырысқа Парламент депутаттары, Есеп комитетінің, Бас прокуратураның, Мемлекеттік қызмет істері және сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің, Инвестициялар және даму ми­нистрлігінің, Мәдениет және спорт министр­л­ігінің өкілдері, Мемлекеттік кірістер комитетінің басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, Партия орталық аппара­тының қызметкерлері қатысты.
«Нұр Отан» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл жөніндегі республикалық қоғам­дық кеңес 2016-2017 жылдары қоғамда сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне мүлдем төзбеушілік аясын қалыптастыруға бағытталған іс-шара­ларды жүзеге асырды. 2016-2017 жыл­дары кеңесте құрылыс және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, мәдениет және спорт саласындағы сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнін­дегі жұмыстың жағдайы қаралды, салық­тық және кедендік әкімшілендіру сала­­­сын­­­дағы мемлекеттік қызмет көрсету са­па­сы мен қолжетімділігіне сыбайлас жем­­қор­­лыққа қарсы мониторинг жүргі­зілді. Сондай-ақ Алматы облысында инфра­құрылымдық дамудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезін­дегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жағдайының мәселелері зерде­ленді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға ар­налған партиялық бағдарламасын іске асыру мақсатында жыл сайын орталық және өңірлік деңгейде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2020 жылдарға арналған бағдар­ламасының бірінші кезеңін іске асыру жөніндегі Жол кар­та­сын орындау бойынша іс-шаралардың жоспары бекітілді. Осыған байланысты аталған кезеңде Қостанай, Жамбыл және Қызылорда облыстарында бағдар­ламаны орындау жөніндегі жұмыстың жағдайы зерделеніп, тексерілді.
Мәселен, 2016-2017 жылдары оты­рыстарға материалдарды дайындау үшін жұмыс топтары профильді мем­лекеттік және құқық қорғау органдарының, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен бір­лесіп 11 өңірге сапармен барды. Сапар бары­сында жергілікті жерлердегі ау­дандық әкімдіктердің, партия филиал­дарының, ішкі істер бөлімдерінің, мемлекеттік кі­ріс­тер басқармаларының, кеден бекеттерінің, прокуратураның, мек­тептердің, емха­налардың және басқа да мекемелер мен кәсіпорын­дардың жұмысы зерделенді.
Жалпы алғанда есепті кезеңде кеңестің 11 отырысы және 2 респуб­ли­калық семи­нар-кеңесі өткізілді. Кеңес отырыстары­ның қорытындысы бойын­ша 22 қаулы қа­был­данып, олардың ішінде берілген ұсы­ныс­тардың жалпы санынан 102 ұсы­ныс мемлекеттік және құқық қорғау орган­дарына, жергілікті атқарушы орган­дар мен үкіметтік емес ұйымдарға берілді. 2018 жылғы жел­тоқсандағы жағдай бойынша 72 ұсыныс орындалды.
Жиын соңында орталық мем­лекеттік органдар мен партиялық ұйым­дарға анық­талған кемшіліктерді жою және сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты күшейту бойынша ұсыныстар айтылды.

Әбілмансұр ЖАСАН

Дереккөз: Айқын