Жемқорлық индексінде Қазақстан 11 сатыға жоғарылады
Transparency International (TI) халықаралық ұйымының 2019 жылға арналған Жемқорлық индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 113-орында тұр. 2018 жылмен салыстырғанда Қазақстан 2019 жылы 11 сатыға жоғарылаған.
23 қаңтарда жарияланған зерттеуде ұйым жылдағыдай әлем елдерінің мемлекеттік органдарындағы жемқорлық деңгейіне баға беріп, рейтингіге орналастырған. Рейтинг неғұрлым жоғары болған сайын жемқорлық деңгейі де жоғары.
2018 жылы жемқорлық индексінде 31 балмен 124-орында болған Қазақстан 2019 жылы 34 балмен 113-орынға орналасқан. Рейтингіде Қазақстанмен бірге Непал, Филиппин, Замбия, Сальвадор, Свазиленд қатар тұр.
«Денсаулық сақтау, білім беру сияқты салаларда қарапайым қызмет түрін пайдалануға кедергі келтіретін үкіметтегі ірілі-ұсақты жемқорлықты көрген азаматтар жемқор басшылар мен мекемелерден шаршады. Бұл үкіметке сенімсіздікті ұлғайтып, саяси жетекшілер мен сайланатын лауазымды тұлғаларға сенімді жояды» делінген ұйым есебінде.
Шығыс Еуропа және Орталық Азия аймағында тек үш елдің көрсеткіші әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары: Грузия (44-орын), Беларусь (66-орын) және Монтенегро (66-орын).
Орталық Азияда Түркіменстан (165), Өзбекстан (153) және Тәжікстанның (153) көрсеткіштері нашар. Рейтингінің басында Дания және Жаңа Зеландия тұр. Сомали, Оңтүстік Судан және Сирияның рейтингтің соңында тұр.
Қазақстан 2016 жылы жемқорлық индексінде 123-орында болған еді. 2017 жылы қайтадан 131-ге түсіп, 2018 жылы 124 орынға орналасты.