Желтоқсанда карантин ережелері қатая ма: Цой жауап берді
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында желтоқсан-қаңтар айларында елде карантиндік шаралардың күшейтілу мүмкіндігі жайында айтты.
Желтоқсан-қаңтар айларында карантиндік шараларды күшейту мүмкіндігі біздің жағдайды қаншалықты бақылауда ұстайтынымызға байланысты. Қазіргі уақытта біз коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың өсуі ерекше байқалған өңірлерде (ШҚО және басқалары) КВИ өсімінің баяулап келе жатқанын көріп отырмыз, — деді Цой.
Денсаулық сақтау министрі жағдай бақылауда болатынын айтты.
Жағдайды бақылауда ұстаймыз. Негізі апта сайын болжамдар жаңарып отырады, бірақ қазір өсім жүріп жатыр, ол бола да береді. Тек жағдай басқарылатын форматта болуы тиіс. Бүгінде елдегі ауруханалар, инфекциялық стационарлар 22%-ға ғана толған, барлық реанимациялық төсек-орындардың 17%-ы бос емес, яғни резерв бар деген сөз. Сондықтан қазір бақыланатын форматтағы жағдай жүріп жатыр деуге болады және алаңдаудың қажеті жоқ. Барлығы бақылауда, — деді ол.
Айта кетейік, министр бұған дейін 27 қарашадағы жағдайға сәйкес республика «сары» аймақта екенін мәлімдеген болатын.