Жедел жәрдемдегі мәселені көтерген жүргізуші жұмыстан қуылғанын айтады

0

Қарағандыдағы жедел жәрдем қызметкерлерінің мәселесін көтерген жүргізуші Жомарт Сыздықбаев 25 ақпанда Азаттық тілшісіне жұмыстан шығарылғанын айтты. Оны жұмыстан қысқарту шешімі тәртіптік комиссияның жиынында қабылданған. Ресми себеп – 23 қаңтардағы жол-көлік оқиғасы.

24 ақпандағы бұйрыққа сай, «жұмысшы жол ережесін бұзып, мекемеге шығын келтіргені үшін жұмыс беруші келісімшартты үзуді ұйғарған».

Сыздықбаев құжатта жұмыстан қуылғанымен келіспейтінін жазған. Оның сөзінше, болған оқиға — жұмыстан қууға айтарлықтай себеп емес.

— Он жыл бойы адал қызмет еттім. Енді келіп, мені көшеге лақтыра салды. Жол-көлік оқиғасы болған кезде боран, тайғақ еді. Басқа көлікпен соқтығыспас үшін рөлді жылдам бұрғанымда екінші машинаға барып соғылдым. Бірақ маған осы үшін жұмыстан қуылатынымды ешкім айтпады. Видеорегистратор болмағандықтан кінәсіз екенімді дәлелдей алмадым, сондықтан айыпты мойындадым. Көлікті өз ақшама жөндедім, 100 мың теңге кредит алдым, — дейді ол.

Сыздықбаев жұмыстан қуылғанын еңбекақыны өсіруді талап еткен жиында сөз сөйлегенімен байланыстырады.

— Жиналыс кезінде басшылықтан мені неге жұмысқа шығармайтынын және айлығымнан неге айырғанын сұраған едім. Себебі мен көлікті жөндедім және ақпанда жұмыс кестесінде болдым. Енді келіп мені жұмыстан қуып жіберді. Жұмыстан шығарарда менің жиындағы сөзім мен журналистерге берген сұхбатымды ескерген сияқты, — деді ол.

Ол еңбек инспекциясына арыз жазған, қазір прокуратураға шағым дайындап жатыр.

Азаттық тілшісі Қарағанды облыстық жедел жәрдем станциясының директоры Зүлфикар Әбілқасымовқа хабарласқан. Қабылдау бөліміндегілер оның орнында жоқ екенін, қолы босамайтынын айтты.

Азаттық денсаулық сақтау саласының қызметкерлерінің SENIM кәсіподағына хабарласты. Кәсіподақтың Қарағанды облысы бойынша басшысының орынбасары Бақыт Дайырбекова «әзірге ештеңе білмейтінін, бұл жайтты анықтау керегін» айтты. Дайырбекованың сөзінше, жұмыстан қуылған жүргізуші кәсіподаққа қайырылмаған. Ол «жұмыс беруші жұмысшыны қызметтен аларда кәсіподақпен келісімі болуы керек» деді. Жүргізуші Жомарт Сыздықбаев тәртіптік комиссия жиынында кәсіподақ өкілдерін көрмегенін айтады.

Оқи отырыңыз: «Жалақымыз неге аз?» Жедел жәрдем жүргізушілерінің мұңы

7 ақпанда Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушілері жалақы өсіруді талап еткен. Олар көлік бұзылса өз қаржысына жөндететінін айтып, наразы болған. Жүргізушілер жедел жәрдем көліктерін видеорегистратормен жабдықтауды сұраған. Жиналыста жергілікті билік жүргізушілердің талабын қарастыратынын айтып уәде берген. Сол жиыннан соң жүргізушілердің кейбірі «басшылық талап қойғандардың артына түсуі мүмкін» деген.

Azattyq