Жастарға арналған 10 мың теңгелік пәтер: Жалдамалы баспананы беру ережелері белгілі болды — Қазақстан жаңалықтары
Елімізде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға арналған баспана беру ережелері бекітілді. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет кімдердің пәтер ала алатынын түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.
Мадияр Қожахметтің мәліметінше, Нұр-Сұлтан қаласында 1050 пәтер, Алматыда 1050 пәтер, Шымкентте 904 пәтер беру жоспарланып отыр. Болжам бойынша, ай сайынғы пәтерақы мөлшері – 10-12 мың теңге.
Комитет төрағасы жалдамалы баспанаға жасы 29-ға толмаған адамдар ғана үміткер бола алатынын атап өтті. Сонымен қатар міндетті түрде мектеп бітіріп, текхникалық-кәсіптік, орта, жоғары білім алып, тұрақты жұмысы болуы тиіс. Сондай-ақ, жас отбасыларға, нарықта анағұрлым сұранысқа ие 100 мамандықтың бірін меңгергендерге, жас кәсіпкерлер мен бюджеттік ұйымдардың жұмыскерлеріне басымдық беріледі.
Ал бағдарламаның басталғаны туралы аталған қалалардың әкімдігінің сайтында хабарланады. Артынша сол жерге құжаттарды алып бару керек. Өз кезегінде олар өтініш берушілердің құжаттарын тексеріп, ұпайын есептейді.
Қажетті құжаттар:
- өтініш;
- жеке куәліктің көшірмесі;
- білімі туралы құжаттың көшірмесі;
- неке туралы куәліктің көшірмесі (болған жағдайда);
- балаларының туу туралы куәлігі (болған жағдайда);
- өтініш беруші мен отбасы мүшелерінің атында жылжымайтын мүліктің жоқ (немесе бар) екені туралы анықтама;
- жұмыс орнынан анықтама.
Сонымен қатар өтініш берушінің ай сайынғы табысы 40 АЕК-тен (101 мың теңге) кем еместігін растайтын соңғы алты айдағы табысы туралы анықтама, еңбек өтілін растайтын құжаттар, банктегі есепшоты бар екені және нөмірі туралы анықтама, банктегі есепшоты бойынша ақшаның қозғалысы мен қалдығы туралы үзінді көшірме; өтініш берушінің түрлі қызмет саласындағы жеке жетістіктерін растайтын құжаттар (болған жағдайда) қажет. Аталған құжаттар толық ұсынылмаған жағдайда, жоқ құжаттарды бір жұмыс күнінің көлемінде ұсыну мүмкіндігі бар.
Мадияр Қожахметтің мәліметінше, сатып алу құқығы берілмейтін жалдамалы баспана 5 жылға беріледі. Егер пәтерді иеленген адамның жасы 29-ға толса, сол пәтерде 34 жасқа дейін тұра алады.
Белгілі болғандай, жалдамалы пәтерлер жыл соңына дейін үлестіріле бастайды деп жоспарланып отыр.
Жұмыс істейтін жастарға берілетін баспанаға қатысты толық ақпарат алу үшін елорданың қоғамдық даму басқармасына +7 (7172) 55 66 92, Алматыда +7 (7272) 62 27 08 телефон нөмірі бойынша және Шымкентте отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқармаға +7 (7252) 24 74 37 телефон нөмірі бойынша хабарласуға болады.
stan.kz