Жастар жылы туралы пікірлер

0
243

Биылғы жыл жастар жетістігіне арналады

Елбасы жастармен кездесуде елдің болашағын айқындайтын толымды ойларын тағы да ортаға салды. Мемлекет мықты болу үшін жастар білімді болып, елдің экономикасын көтеру үшін кәсіпкерлікпен мықтап айналысуы керек.

Мемлекет басшысы сол үшін иннова­циялық жобаларға бері­ле­тін гранттардың еселе­не­тін­дігін айтты. Біз, Қызылор­да об­­лы­сының жастары, Елбасы­ның та­п­сырмаларын ойдағы­дай орын­дау үшін былтыр бірқатар жұ­мыс­тарды атқар­дық. Атап айт­сақ, «English for jastar» жобасы а­ясында 350-ге жуық оқушы ағыл­шын тілін үйренсе, «Білім орта­лығы» жобасы бойынша барлық аудандағы кітапханалар жаңғыртылды.

«Сәтті қадам» жобасы ар­қы­лы 8-11-сынып оқушы­ла­рын кә­­сіп­­орын, цех, зауыт жұ­­­мы­­сы­мен таныстырып, сала ма­мандарымен сұхбат ұйым­дас­тырдық. Маман­дық таңдау­да көзбен көріп, көңіл­ге түй­ген­нің пайдалы болатыны бел­гі­лі ғой. Ал жас­тар жылына орай рес­публика бо­йынша «Жас­тар жылындағы жетіс­тік» атты ауқым­ды акцияны бас­тамақ­шы­мыз. Шарада әр­бір жас биыл бағын­дырған белес­терін, жеңіс­терін әлеуметтік желіге «#JJJ2019» белгісімен жария­лап отыруы қажет.

Жыл соңында акция қоры­тындыланып, жеңімпаз жастар туралы арнайы жинақ шыға­рылады. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, жас­тар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жұмыс тобын құруды жоспарлап отырмыз. Мұнан өзге жастар мәселесін талқылау үшін форум, вайнерлер байқауын, жас тарихшылар конференциясын өткізбекшіміз. Ал дәстүрлерімізді қайта жаң­ғырту мақсатында «Ұлы дала елі» атты жастар фестивалін ұйым­дас­тыруды қолға алып жатырмыз.

Талғат ТІЛЕС,

«Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы

Қызылорда

Көпбалалы жас отбасыларға қолдау болса…

Жастар жылының жариялануы өскелең буынның, еліміздің дамып өркендеуіне зор үлес қосуына мүмкіндік берері сөзсіз. Әсіресе бұл жылдың көпбалалы жас отбасыларға да тиімді тұс­тары көп болатынына сенемін. Мен 27 жастамын, 6 бала­ның анасымын. Мектепте математика пәнінің мұғалімімін.

Бүгінде біз сияқты жас ма­ман­ға, жас отбасына баспана­ның жоқтығы, табыстың аздығы, нарықта бағаның күн сайын өсуі қолбайлау екені жасырын емес. Сондықтан жастарға әлеу­меттік көмектің көбірек бол­ға­ны дұрыс деп ойлаймын. Әсіресе көпбалалы аналардың баспаналы болуына мемлекеттік бағдарламалар мен банктерде жеңілдіктер қарастырылса дейміз. Меніңше, әр бала дү­ниеге келген сайын несиенің пайыздық мөлшері төмендеп отырса үлкен қолдау болар еді. Сондай-ақ бала көбейген сайын үйді кеңейтуге тиімді жағдай қарас­тырылса, жастардың уа­қ­ты­лы демографияға елеулі үлес қосуына жол ашылар еді. Өйт­кені балалар өскен сайын қа­жет­тілік артады. Осындайда бар күшіңді кәсіби жетілуге емес, тұрмыстық қажеттілікті орын­дауға жұмсауға мәжбүр боласыз. Тұрмыстық қиындықтар кездесе берсе жастар көкейдегі көп ойларын орындай алмауы мүмкін.

Бұған қоса кәсіппен айналыс­қысы келетін көпбалалы жас ана­ларға процентсіз несие бері­ліп, салықтан босатылса жас ана­­лар­дың тың идеяларын жүзе­ге асы­руына көп көмек болар еді. Жастар жылында осы сияқ­ты ұсыныстар ескеріледі деп сенеміз.

Ардақ ЗАЙЫТХАН, 

көпбалалы ана

Қарағанды облысы

Кешенді сипатқа ие бастама

Ең алдымен, мемлекет жас­тар­дың жұмысқа орналасу мә­селесіне қатысты шараларды реттеуге тырысатыны анық болды. Елде бірнеше бағдарлама бар, мысалы, «Жасыл ел», «Диплом­мен – ауылға!», «Жастар прак­тикасы». Сонымен бірге жастар­ға жұ­мыс табуға көмектесетін Жас­тар ресурстық орталықтары жұ­мыс істеуде. Бірақ бұған қара­м­ас­тан, біздің зерттеулерге сәй­кес жұмысқа тұру жастар үшін нөмір бірінші мәселе болып тұр. Осыған орай биыл іске қо­сылатын «Жас кәсіпкер» бағ­дар­ламасы жастардың бұл сұра­ны­сына кешенді жауап береді. Кәсіпкерлікпен айналысатын жастардың саны артса, жұмыс орындары да көбейетіні анық.

Екіншіден, мемлекет білім­ге қол жетімділікті арттыру көз­де­лу­де. Бұл, әсіресе тұрмыс­тық мүмкіндіктері төмен ауыл және шағын қала жастары үшін ма­ңыз­ды. Арнайы орта білім беру жү­йесінің дамуы бұл кате­гория­дағы жастардың бейім­­­делуін арт­тыруға мүм­кін­дік береді. Мем­­лекет тарапы­нан арнайы орта білім беру меке­ме­лерінде бірін­ші жұмыс­шы мамандықты тегін беруге кепілдік бар екені белгілі. Білім беру гранттары санының артуы жоғары білім алуды қолжетімді етеді.

Үшіншіден, жастар саясаты жастардың әлеуметтік бел­сенділігін артуы үрдісін қол­­дауға тырысады. Қазір ірі қа­лаларда қоғамдық кеңіс­тіктерді оңтайландыру, тұрмысы на­шар­ларға көмек көрсету, эко­ло­гия­лық сауатты арттыру және тағы басқа бағыттар бойынша түрлі бастамалар көтеріліп жатыр. Жас ұрпаққа мұндай жобалар ұнайды. Еріктілерді материалдық қолдау арқылы мем­лекет жастардың бұл бел­сен­ділігін позитивті бағытқа бұрады, сонымен қатар жастар ұйымының жұмысына жаңа бағыт береді.

Осылайша Қазақстандағы Жастар жылында жастардың мәселесі ең жоғары деңгейде көтері­летіні қуантады. Атал­ған бастамалар жастарға ар­нал­ған­мен кешенді сипатқа ие, сон­­дық­тан жалпы елдегі адами капи­тал­ды арттыруға мүмкін­дік бере­ді. Ал бұл – елдегі әлеумет­тік сая­саттың басты бағыты.

Серік БЕЙСЕМБАЕВ,

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы

Дереккөз: http://egemen.kz/