Жастар Тәуелсіздіктің қадірін білер деп сенемін

0

2018 жылғы 29 желтоқсан 00:02 192

АСТАНА. ҚазАқпарат — Еліміздегі ендігі жастар Қазақстанның Тәуелсіздігін сақтап қалуға ұмтылуы керек. Бұл туралы отандық БАҚ өкілдерімен кездесуі барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ендігі жылды «Жастар жылы» деп жарияладық. Ол турасында арнайы бағдарлама қабылдау керек. Жастарға не керек — бірінші білім, екіншіден үйленетін болса үй-жай қажет. Жағдай жасалып, жұмыс берілуі тиіс. Төрт нәрсе. Содан кейін бізде «Ауыл — ел бесігі», «Жасыл ел», «Патриоттық сарбаз» деген бағдарлама бар. Оларға арнайы жағдай жасап, жастардың қабілетін көтеруіміз керек. Әсіресе, жасалып жатқан шаруаны, Қазақстанның Тәуелсіздігін (жастар — авт.) қадірлейтін болар деп ойлаймын. Соған сенемін», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының айтуынша, ендігі жастар Қазақстанның Тәуелсіздігін сақтап қалуға ұмтылмаса — еліміздің болашағы бұлыңғыр болады.

«Сол үшін балабақша, мектептен бастап патриоттық тәрбие керек. Білім бойынша аз шаруа жасалған жоқ. Тәуелсіздік алған жылдан бері 1500 мектеп салынған. Балабақшамен қамтуды 36-дан 95 пайызға дейін жеткіздік. Бұл — өте үлкен жетістік. Дәл сол жерден бастап баланың білім жолы басталады. Сондықтан, «Жастар жылы» бәріміз бірігіп жұмыс істейтін боламыз. Ендігі жылдың басында сол мәселе жөнінде жиналыс болады. Жастармен ақылдасамыз. Әр өңірде мемлекет тарапынан жасалып жатқан шаруа көп. Жатақхана, грант деген жастардікі», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы өз сөзінде елде жасалып жатқан еңбектердің бәрі де болашақ ұрпақтың қамы үшін атқарылып жатқанын сөз етті.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын. Президент өз сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін айтқан болатын.

Ал, арада бір айдан астам уақыт өткенде Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды.

 

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz