ЖАС ТАЛАПҚА ЖӨН СІЛТЕЙМІН ДЕСЕҢІЗ…
Өткен жылы бастау алған «Жастар корпусын дамыту» жобасы Қазақстанның Павлодар, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан және Алматы сынды төрт облысын қамтып үлгерді. Елбасы келесі жылды жастарға арнауды ұйғарғандығын ескерсек, бұл мәселенің өзектілігі артуда.
2017-2020 жылдарға көзделген игілікті істің мақсаты жас толқынды қоғам тіршілігіне тарту, сондай-ақ күнделікті өмірде пайдалы қызмет дағдыларына оқыту арқылы олардың бойында бұққан дарын қырларын ашу болып отыр. Бұл жерде 14 пен 29 жас аралығындағы жастар құрамы назарға алынбақ. Әсіресе, қуантатыны, оқымайтын және жұмыс істемейтін немесе жұмыс істейтін, бірақ кедейлік кебін киген өскелең ұрпақ өкілдеріне ерекше көңіл бөлінбек.
Биыл жоба Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан өңірлерінде жүзеге асырылып, былтырғы 2000 қатысушыдан бөлек, 3500-ден астам адамға қолдау көрсету жоспарлануда.
«Жобаның бірінші бағыты төрт бөлікке тармақталып, жастар топтарына әлеуметтік жобаларды іске асыруға 1 000 000 теңгеге дейінгі гранттар және қатысушыларға әлеуметтік шәкіртақылар ұсынылады. Сонымен қатар жас азаматтар өмірлік маңызы бар дағдыларды дамыту мен жобаларды басқару бойынша оқытылып, осал топтармен арнайы жұмыс істеледі. Тиімді ақпараттық-түсіндіру науқаны жүргізіліп, кері байланыс орнатылады. Әлбетте, міндетті түрде, түйткілдерді тарқатуға күш салынады», – дейді шарапатты шаруаны бірлесе тындыруға кіріскен Білім және ғылым министрлігі мен Халықаралық қайта құру және даму банкінің сарапшылары.
Жоба қатысушылары өмірлік маңызы бар дағдылар мен жобаларды басқарудың бағдарламасы бойынша үш кезеңдік оқытудан өтеді, яғни алты ай бойы өз әлеуметтік жобаларын іске асырады, сондай-ақ ай сайын шәкіртақы: ЖОО түлектері – 60 000 теңге, қалған барлық қатысушылар 40 000 теңге алады. Сонымен қоса, талапты жастарға жөн сілтеуші тәлімгерлер тағайындалмақ.
«Іргелі басылымдар арқылы қазақ жастарының жобаға белсенді қатысқанын қалаймыз!» – дейді жобаны Үйлестіру агенттігінің жетекшісі Вера Ким.
Тәңірберген АРҒЫН
Дереккөз: Айқын