Жарқанаттың ұясы 50 мың доллар тұра ма?
Қазіргі таңда ел арасында жарқанаттың ұясын өте қымбатқа сатып алады екен деген әңгіме таралуда. Бірақ оны кім және не мақсатпен керек қылатындығын ешбірі дөп басып айта алмайды. Бірі одан обырға қарсы дәрі жасайды екен десе, енді бірі адам ағзасын жасартуға септігі бар деп тұспалдайды. Ал оны уыс-уыс ақша санап беріп сатып алатындар арабтар көрінеді. Дегенмен бұл әңгіменің қаншалықты шындықты жанасатынын ешкім білмейді.
Жарқанат ұясының «Амрита кокон» деген екінші атауы да бар. Амрита үндістердің мифологиясы бойынша мәңгі жасау үшін ішетін Құдайлардың сусыны екен. Ал кокон (француз тілінен аударғанда «қабық») – қуыршақ сатысына өтер алдында жәндік құртын қоршап тұратын қабығы. Бірақ бұл мағыналарды не үшін жарқанаттың ұясымен байланыстыратынын білетін жан тағы жоқ.
Әлеуметтік желіде желдей есіп бір видео жүр. Ағымдағы жылдың 6-қаңтарында түсіріліпті. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы екендігін де нақтылай кеткен. Ондағы кейіпкер әлгі ұяға алтын мен сарымсақты пайдалана отырып кәдімгідей тәжірибе жасап көруде. Яғни алтынды жарқанаттың ұясына жақындатса, еппен қимылдап, алтынға қарай тартылады да, сарымсақты тигізуге тырысса, дәл солай кері қашады. Жансыз заттың жанды ағза секілді сезімталдық білдіруі шынымен де адамды таңдандырады. Видео кейіпкерінің айтуынша, оның ішінде белгісіз сұйық зат бар көрінеді. Жарқанат ұясының ең қажетті бөлігі де осы болса керек. Ол адам осы ұяны көптен бері іздеп жүріп тапқандығын алға тартады.
Иә, іздеп жүрген жалғыз бұл кісі емес. Оны іздеушілер Қазақстанмен қоса Өзбекстан және Қырғызстанда да бар екеніне көзіміз жетті. Оған сол елдің блогерлері жариялаған түрлі видеолар дәлел. Бірақ амрита кокон туралы қазақ тілінде қаптап жүрген ештеңе көргеніміз жоқ. Соған қарағанда, бізге бұл сауда түрі сол көрші елдерден енді ғана кіріп келе жатқан болса керек.
Бірақ өзбек блогерлері керісінше, мұны бизнес үшін Қазақстаннан келген нәрсе дегенді айтады. Сенімсіздеу, әрине. Әлгі видеолардың бірінде Шухрат Мусаев есімді блогер: «Бұл – жарқанаттың ұясы емес, генетикалық сұйықтық. Қарасы және қызылы бар. Ол нәрсе Өзбекстанда жоқ. Оның не екенін, неге керек екенін ешкім де білмейді», – дейді. Айтып отырғаны – жұрт жарқанат ұясының ішінен шығады деп жүрген қойыртпақ сұйықтық. Ал қырғыздың «Youtube»-тегі каналдарын қарасақ, әлеуметтік желілерде оның бір грамының өзі 1000 доллардан 5000 долларға дейін, ал ұяның өзі 250-300 мың долларға дейін бағаланып отырғанын айтады. Сондай-ақ: «Амританы ертеректе перғауындар қолданса, бүгінгі күні оны президенттер, жоғарғы лауазымды қызметкерлер, байшыкеш адамдар қолданады екен. Естуімізше, көптеген айықпас ауруларға ем болып, адамды жасартатын қасиеті де бар көрінеді», – дейді бір сөзінде.
«Замананың» тілшілері де қарап қалмады. «Жарқанаттың ұясын сатып аламын» деген жанның бірімен біз де тілдесіп көрдік. Ол алдымен бір ұя үшін 50 мың доллар төлейтіндігін жайып салды. Әуел баста: «Алдымен тауарды тауып ал, сосын барып хабарласшы!» – деп жұлқынған жігітіміз хабарландыру бойынша телефон шалғандардың барлығынан дәлел ретінде алдымен видео немесе фото жіберуін сұрайды екен. Өтініші қанағаттандырылған соң ғана жіби бастайтын секілді. «Күніне қанша адам хабарласады, әрбіріне тәптіштеп отыратын уақытым жоқ», – деген соң ғана әу баста жақтыртпай сөйлеуінің себебін түсінгендей болдық. Қолында тауары жоқ, бірақ сұрағы көп адамдардан мезі болғанын да айта кетті.
Шын-өтірігі белгісіз, бірақ әңгіме барысында осыған дейін ұяның он данасын сатқанын айтты. Өзін жұмыссызбын деген ол айлыққа жұмыс істегісі келмейтінін де қоса кетті. Соған қарағанда, осыны шындап кәсіп қылған болса керек. «Шындығында жарқанаттың ұясын табу қиын, ол тауда, үңгірде болады», – дейді бұл жігіт. «Ұя не үшін қажет, дәрі жасау үшін бе?» – деген сауалымызға: «Иә», – дегеннен басқа ештеңе айта қоймады. Сөз арасында мұнымен кез келген адам айналыса алмайтынын, ол үшін араб танысының болуы керектігін, өзі де Дубайдан келген арабтармен жұмыс істейтінін, оларды бір үлкен кісілер арқылы тапқанын, өзара аудармашы арқылы ғана тілдесетінін білдік. Сондай-ақ ұя алып-сатуда қалтаның қалыңдығы да рөл атқаратыны белгілі болды. Айтуынша, бұл кәсіпте делдалдық ету үшін қолда кем дегенде 50 – 100 мың доллар қаражат болуы керек екен.
Сонымен қатар ол тек бизнес ортада болмаса, арабтар артық ақша ұсынбайтынын да айта кетті. Артық ақпарат бергісі келмеген жігіттің мардымсыздау болса да, әзірге айтқаны осы болды.
…Ал бүгінде «WhatsApp» желісінде әлгі видеомен қосарланып тағы да бір аудио тарап жатыр. Онда екі адамның әңгімесі жазылған. Оның сәлемдесуден кейінгі өрілген әңгіме ауаны мынадай:
– Мен «Youtube»-тағы хабарландыру бойынша хабарласып тұр едім. Жарқанаттың ұясына байланысты…
– Иә, айта беріңіз.
– Аласың ба?
– Иә.
– Қаншаға?
– Бар ма сізде тауар?
– Бар.
– Қай жерденсің сен?
– Алматы, Шымкент…
– Мен Шымкенттенмін, Жетісайдан.
– Мен де қазір Шымкенттемін.
– Шымкентский өзіміздің жарқанаттардікі бола бере ма?
– Видеодағыдай «тірі» болса болды ғой, брат…
– Мен жаңадан үй салғанмын. Былтырдан бері соның бұрышына екі жарқанаттың кіріп-шығып жүретінін білетін едім. Содан осы туралы түнде әңгіме қылып қалған едік…
– Көке, қолыңызда тауар бар ма?
– Түнде барып қарадық. Ілініп тұр. Лайдан ба, бірнәрседен жасалған екен.
– Иә, лайдан болады. Құрқылтайдың ұясы сияқты сырты жүн болмайды. Пішіні алмұрт сияқты.
– Оны не істеу керек енді?
– Ол салбырап тұр ғой, сындырып алмай, бүтін күйінде аласыз. Қолыңызда алтын болса, жақындатып көріңіз. Алтынға жабысады, ал сарымсақтың қабығын ашып, ортасынан бөліп, иісі мүңкіп тұрған кезде тигізсеңіз, тебеді. Соны түсіріп, маған видеосын жіберіңіз.
– Бағасы шамамен қанша болады?
– 50 мың доллар. «Тірі» болса егер…
– Болды, онда. «Жылаған атаға» бардың ба сен? Түркістандағы үңгір ше?
– Жоқ, ол жаққа бармадым.
– Соның ішінде дәу-дәулері толып тұр ғой.
– Болса, бізге әкеп берсеңізші. Мен еркекше айтайын. Бұл ойнайтын нәрсе емес. Бұл үлкен кісілер араласып жатқан тірлік. 50 – 100 мың долларлап ақша беріліп жатыр.
– Әй, сотталып кетпейміз бе?
– Жоқ, Құдай сақтасын, ондай болып жатқан жоқ. Бірақ бір адаммен ғана жұмыс істеңіз. Біз Шымкенттен алып, Алматыға апарып, бір адамға тапсырамыз.
– Мен саған ғана хабарластым.
– Болды, аға, Жетісай болсын, Түркістан болсын, өзім барам. Бірақ жалғыз емес, жігіттермен барам. Сонша ақшамен мен жалғыз жүре алмаймын.
– Бауырым, оны алып жатқан кезде ішінен жарқанат шығып, бет-аузымызға жабысып қалмай ма?
– Ол тұрған жерінде тұра берсінші. Өзіміз алып кетеміз.
– Демек, таудікі мен үйдікінің айырмашылығы жоқ қой?
– Қимылдаса болды. Оны арабтарға жіберіп жатырмыз. Шынын айтқанда, оның ішінде не бар екенін мен де білмеймін. «Онда шаруаларың болмасын, ақшаларыңды аласыңдар, болды» деген бізге. Он данасын тапсаңыз, тіпті жақсы. Арабтардың ақшасын аяйсыз ба?!
– Алдымен біреуін қатырып алайықшы. Біз үйдегіні түсіріп, саған видеосын жіберіп көрейік, соны ал, бізге ақшаны бер. Одан кейін біз де іздеуге көшеміз. Ауылда ескі ғимараттар көп.
– Болды. Бұл жерде жалғыз мен ғана емес, оншақты адам бармыз. Келер болсақ та төрт-бесеу болып келеміз.
– Пистолет пе, бірдеңемен келмеңдер-ей, адамның жүрегін жарып…
– Жоқ, Құдай сақтасын…
– Жақсы онда, бауырым!
Олардың әңгімесі осылай аяқталады. Телефондағы сатып алушы жігіттің сөзін естіп ойланып қалдық. «Үлкен кісілер», «ойыншық емес» деген сөздері көңілге күдік ұялататындай. Арғы жағында тиымы бар бір дүниенің жатпасына кім кепіл? Көп ақша жүрген жерде қорқыныштың да қатар жүретіні заңдылық секілді.
Соншалықты сұранысқа ие ұя салып жүрген жарқанат жайлы мәлімет іздеп, ғаламторды ашып қарадық. Бір қызығы, Уикипедия: «Жарқанат ұя салмайды, үңгірлерді, ағаш қуыстарын, үй, құрылыс шатырларын, жарқабақтардағы құс індерін мекендейді. Күндіз жеке не топтанып, бастарын төмен салбыратып, аяқтарымен тасқа, ағашқа, жарға жабысып демалады. Жылына бір рет көбейіп, жалқы, кейде егіз табады. Балалары анасына жабысып өмір сүріп, бір айдан соң өз бетінше ұша бастайды» деп жазыпты. Десек те жарқанаттың 700-ден аса түрі бар екенін ескерсек, ұя салу барлығына бірдей тән тіршілік болмаса керек деген ой туды.
Ұясын қайдам, жарқанаттың саңғырығы диқандар мен бағбандар үшін өте пайдалы дүние екен. Нидерландылық компания одан «Гуанокалонг» (Guanokalong) атауымен түрлі тыңайтқыштар өндіреді екен. Сапасына сөз жоқ көрінеді. Аталмыш компания Оңтүстік Америкадан әкелінген жарқанат саңғырығын майлы топырақпен араластырып, керемет нәтиже беретін және егінмен айналысатын адамдардың жұмысын жеңілдететін биотыңайтқыш жасап шығарады екен. Тіпті сатылымы да жыл өткен сайын өсіп келе жатқан көрінеді. Қажетсінген адам болса жарнамасын ғаламтордан оп-оңай таба алады.
Бұл «жарқанат акциясы» ұзағынан жалғасар болса, жылқы баққанша жарқанат асырайық деп тау-тасты аралап кетпесімізге кім кепіл?
Zamana.kz