«Жарқанатта ұя болмайды»: АШМ комитеті ел арасында тараған қауесетке жауап берді
Соңғы уақытта халық арасында таралып кеткен жарқанат ұясы жайлы ақпарат жалған болып шықты. Жұрттың жаппай жарқанат ұясын іздеуінен соң, АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ел арасында тараған алып-қашпа хабарларға жауап берді деп хабарлайды Қазақпарат.
«Соңғы уақытта әлеуметтік желі мен БАҚ-та жарқанаттың ұясын қымбатқа сатып алатыны жөнінде жазбалар пайда болды. Арнайы түсіндіріп өткіміз келеді: жарқанаттар ешқашан ұя салмайды. Олар үңгірлер мен ұңғымаларды, жертөле, ағаш қуысы мен құдықтарды паналайды.
Қазақстанда жарқанаттың 27 түрі мекендейді. Олардың бесеуі (Иконников жарақанаты, Азиялық жалпаққұлақ, Бобринский жарқанаты, ақбауыр жарқанат, кеңқұлақты жарқанат) Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Олардың әрбіріне келтірілген залал үшін 100 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін (252 мың теңгеден 505 мың теңгеге дейін) айыппұлдар қарастырылған«, — дейді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеттің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы уақытта ғаламторда жарғанат ұясы туралы хабарлама желдей ескен. Тіпті олардың ұясын 5-10 мың долларға сатуға болатынын да тараған.
Дереккөз: kaz.nur.kz