Жәрдемақы алу үшін кезекке тұрған аналар шағымы және «Лукойл» мүддесі

0
123

КЕЗЕК ПЕН ҚҰЖАТ

Сәуірдің 1-інен бастап елде мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек ретінде жәрдемақы алуға құжат тапсыру басталды. Жаңа өзгерістерге сәйкес, егер көп балалы отбасының жан басына шаққандағы табысы 20 789 теңгеден төмен болса, әр балаға 20 789 теңге төленеді. Қазақстанда төрт немесе одан да көп баласы бар отбасы – көп балалы отбасы саналады.

«Диапазон» басылымының жазуынша, Ақтөбеде халыққа қызмет көрсету және халықтық кеңсе, қалалық кеңес ғимаратына сәуірдің 1-і күні жүздеген адам жиналып, кезекке тұрған.

“Кезекте тұрған адамның көптігі соншалықты сағат 12-де жұмыспен қамту бөліміндегілер келгендерге талон үлестіріп жатып «кезектерің тек түстен кейін ғана келеді» деп ескерткен” деп жазды басылым.

«Диапазонның» жазуынша, кезекке тұрған аналар арасында құжатын бірнеше рет өткізе алмаған аналар да болған.

«Атаулы көмек алу үшін көп құжат қажет емес деген еді, бірақ соны талап етіп отыр. Өткен аптада келгенмін. Бес балам бар. Үлкені – 17-де, ең кішісіне 1 жас 4 ай толды. Бәрінің атаулы көмек алуға құқығы бар. Бірінші күйеуімнен екі балам бар. Мені алимент сұра деп сотқа жіберді. Соттан анықтама алдым, бірақ алиментке құжат өткізбедім. ЦОН-ға (Халыққа қызмет көрсету орталығы) үшінші рет бардым. Енемнің үйіне тіркеуге тұрғанмын. Оның да табысын есептейді екен. Құжаттарымды қабылдамай қойды. Енді тағы келіп тұрмын» деді көп балалы ана Айнұр Тілегенова.

Қарай отырыңыз: Қорадағы мал жәрдемақы алуға кедергі ме? (Наурыз айы, 2019 жыл).

Басылымның жазуынша, Айнұр сияқты құжатын қабылдата алмай жүрген өзге де аналар бар. Қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының жетекшісі Гүлшат Қаңтарбаева «атаулы көмек алу үшін қажет құжаттар тізімін 1 сәуірге дейін аналардан талап етіп келгенін» айтқан.

– 1 сәуірден бастап тек төлқұжат пен өтініш қана керек. Егер ата-аналар ажырасқан болса, алимент сұратуына кеңес береміз. Бәлкім, әйелдерде күйеуінен балаларына белгілі бір соманы төлеп тұратыны туралы нотариуспен расталған келісім бар шығар. Егер отбасының табысы кедейшілік шегінен төмен болса, онда ол атаулы көмек алады. Шешімді комиссия қабылдайды, бірақ көп жағдайда көмек беру туралы шешім қабылданады, – дейді ол.

Оның айтуынша, Ақтөбе қаласы бойынша атаулы әлеуметтік көмек алу үшін 1500 отбасы өтініш береді деген болжам бар. «Егер адамдар 30 сәуірде өтініш берсе де, сәуірдің жәрдемақысын алады» деген ол.

Гүлшат Қаңтарбаеваның айтуынша, өтініш берушілер арасында «коттеджде тұрып, ажырасқан күйеуінен алимент сұрамайтын әйелдер» де болған. Мұндай жағдайда комиссия өтініш берушілердің тұрмыстық жағдайын тексереді деп айтқан.

Шымкентте әлеуметтік көмек алуға құжат тапсыру үшін жүздеген адамның сағаттап кезек күтуге мәжбүр екенін бұған дейін Азаттық та хабарлаған.

Шымкенттегі кезек. (2 сәуір 2019 жыл).

«ОРАЛДАҒЫ ҰСТАУ»

Оралдық «Уральская неделя» басылымы Оралда бұрын қарсылық акцияларына қатысқан азаматтарды сәуірдің 1-і күні «күшпен полиция бөлімшесіне жеткізіп», ескерту бергенін жазды.

«Олар маған сағат 15.00-де полицияға келу туралы шақыру берді, бірақ сағат 12 екеніне қарамастан мені күшпен полиция көлігіне отырғызып, полиция департаментіне жеткізді. Онда өздерін прокуратураның қызметкері ретінде таныстырған үш адам менен ҚДТ («Қазақстанның десократиялық таңдау») қозғалысы мен басқа да мәселелер туралы сұрады. Мен оларға бұл саяси қозғалыс туралы 22 наурызда мені көшеде ұстап, бөлімшеге жеткізген полиция қызметкерлерінен білдім деп шынымды айттым» деген басылымға Орал тұрғыны Әлия Әбілқайырова.

Дәл сол күні Оралда осыған ұқсас жағдайда видеоблоггер Аслан Сагаудинов, Медет Бармақов ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген. Құқық қорғаушы Павел Кочетков полицейлердің әрекетін «заңсыз» деп бағалаған.

«Полиция ешкімді ұстамадық, адамдарды жәй ғана полицияға жеткіздік деп айтады. Бірақ «күшпен жеткізу» ұғымы заңда бар және нақты көрсетілген. Күштеп жеткізу үшін сот анықтамасы болуы керек. Бірақ ұсталған азаматтардың ешқайсысына оны көрсетпеген. Бұл полиция қызметкерлерінің қызметтік өкілетін асырғанын білдіреді» деген құқық қорғаушы.

Басылым бұл оқиғаны елде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық қозғалысының» жетекшісі Мұхтар Әблязовтің тұрғындарды наразылыққа шақыруымен байланыстырған.

«ЛУКОЙЛ» МЕН «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ЖОБАСЫ

«Ақжайық» басылымы «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы, ресейлік «Лукойл» және Қазақстанның энергетика министрлігінің Каспий теңізіндегі Жеңіс аумағында көмірсутек шикізатын барлау мен өндіру бойынша келісім-шартқа қол қойғаны туралы ақпаратты ілік етіп, салық режимі өзгергеннен бері ресейлік «Лукойлдың» қазақстандық кеніштерге қызыға бастағанын жазды.

"Лукойлдың" Каспийде барлап жатқан кеніші.

«Лукойлдың» Каспийде барлап жатқан кеніші.

2018 жылы желтоқсан айында «Қазмұнайгаз» және ресейлік «Лукойл» бұл жобаны бірігіп қаржыландырып, дамыту туралы келісімге қол қойған.

Жобаның операторы «Женис Оперейтинг» компаниясы (50 пайызы – ҚМГ, 50 пайызы – Лукойлға тиесілі).

3 сәуірде «Лукойл» компаниясы ресми сайтында «келісім-шартқа сәйкес, негізгі міндет – барлау ұңғымаларының бірін бұрғылау және 3D сейсмобарлау жұмыстарын жүргізу» деп хабарлаған еді. Жобаға 270 миллион доллар көлемінде инвестиция салынатыны хабарланған.

Ақпарат бойынша, «Жеңіс» блогы Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде 75-100 метр тереңдікте орналасқан. Жағаға дейін – 80 шақырым, Ақтау портына дейін – 180 шақырымды құрайды. Аумақ көлемі – 6 848 шаршы метр.

Мемлекеттік БАҚ 2019 жылы ақпан айында «Лукойл» басшысы Вагит Алекперовтың президент Нұрсұлтан Назарбаевқа «Жеңіс» жобасы жайлы айтқанын хабарлаған.

2018 жылдан бері теңіз қайраңында жұмыс істейтін компанияларға салық режимінің жеңілдегенін еске салған «Ақжайық» «енді өткен шығындарды жабу бойынша төлемдер, пайдалы қазбаны өндіру салығы мен үстеме пайда табу салығының орнына қолайлы мөлшерлемемен балама салық енгізілді» деп жазды. Жаңа өзгеріс мұнай бағасы барреліне 50 доллардан төмен болған кезде шикізат бағасының өзгеруін ескеріп, салықты жеңілдетеді.

Ресейлік басылымға сілтеме жасаған «Ақжайық» «Лукойлдың» салық жағдайы жеңілдегеннен кейін «жақсы пайда табуға мүмкіндік беретін» теңіз аумақтарына қызығып отырғанын жазды.

«Лукойл» Қазақстанда 1995 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Компания Теңіз, Қарашығанақ, Құмкөл кеніштерін барлау және өзге жобаларға қатысады.

Azattyq