Жақында Луганскіде чебурек пісіріле бастайды…

0

Мен Совет армиясы қатарында Украинаның Ворошиловоград қаласында болдым. Төмендегі суретке 1985 жылы сол қалада түскенмін. Жанымдағы Черненко деген украин жігіт. Мен танкіші, ол шопыр. Ол менің әдебиетші екенімді біліп, қызына жазған хаттарын оқып беруден жалықпайды. Мен не дейін, «жақсы жазыпсың» деп, мақтап қоямын. Сол себепті алыстан көргеннен-ақ, арсалаңдап жаныма жүгіріп жетеді. Иә бұл енді басқа әңгіме…

Ежелден Луганск делінетін осы қалаға СССР-дің кезінде Мәскеу тізеден басып отырып, екі мәрте Ворошиловоград деген атау беріпті. Бірақ, сол екі ретте де Ворошиловоград атауы алынып тасталыпты. Осыдан-ақ, бұл қаланың ежелгі Украина жері екенін білуге болады. Ресей қайта-қайта атын өзгертсе де, ресми Киев өзінің ежелгі атауын қайтарып алып отырған. Олар Петропавл сияқты атауларды өзгертуден жасқанатын біз сияқты қорқақ емес.
Луганск жері Украинаның шығысында. Ауа райы жайлы, құнарлы қара топырақты, көкөніс, бақша, жеміс-жидектің бәрі өсетін берекелі аймақ. Ташкент сияқты. Базар маңында чебурек пісіріп сататын. Чебурек дегенді алғаш рет осы қалада жедім. Солдат болып, жарымқұрсақ жүргендікі ма, сол ыстық чебуректің дәмі таңдайымнан әлі күнге кетпейді. Содан бері чебурек көрсем, Луганск есіме түседі.

Көшелерінде алма, өрік гүлдеп, жеміс беріп, тамылжып тұратын осынау тамаша қалада 2014 жылдан бері маза жоқ. Ресейге шекаралас облыс болғандықтан ба, мұндағы тұрғылықты орыстар Ресейдің қолпашымен билікті басып алып, облысты «Луганск халықтық республикасы» деп жариялаған. Бұның бәрін қот-қоттап, жел беріп отырған Ресей екені анық. Басқа ешкім емес. Қырымды да осылай өзіне қаратып алды. Енді көрші жатқан екі облыс – Луганскі мен Донецкіні де сөйтпек. Бірден емес, әуелі тәуелсіз республика деп тану, сосынғы мақсаты Ресейге басыбайлы қосып алу. Осы әрекетін бастағалы да сегіз жыл болды. Әне, Ресей осылай. Путин мысық сияқты ыңырсып, басқан дыбысын білдірмей, жеміне ақырын-ақырын жақындап келеді. Біздің солтүстіктегі бес облыс туралы да мұртын жалап, тамсанып бір мәрте айтып қойды. Бірақ әлі Украинадан қолы тимей жатыр. Біздің өкімет есі болса, осыны қатты ескеруі тиіс қой.

21 ақпан күні Путин өткізген Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында ДХР мен ЛХР-дың тәуелсіздігін танимыз ба, қайтеміз деген мәселе көтерілді. Кеңеске қатысқандардың бәрі бір ауыздан бас шұлғып, тану керегін айтып жатыр. Түрлеріне қарасам, кейбірі сылбыр сияқты. Путиннен ығып тұрған сияқты. Путиннің алдына түсіп, жұлқынғандары да баршылық. Олардың барлығы «НАТО шығысқа қарай ықпалын кеңейтпек. Ондай жағдайда Ресейге төнетін қауіп еселеп кетеді» деген Путиннің сасық ойын қайталаудан аса алмай қалған. Соны сылтауратып Луганскі мен Донецкінінің 800 мың адамына Ресейдің азаматтығын беріп үлгеріпті. 1 млн 200 мың адам азаматтық алуға өтініш тапсырып қойыпты дейді, тағы. «Олар Киевті асыраудан шаршаған, ал Киев сол жердегі орыстардың ана тілі – орыс тілін шектеп тастаған. Шектегенде де, мектептер мен университеттердегі оқу ғана емес, күнделікті қарым-қатынаста да тыйым салып отыр. Киев халықтың осындай қарапайым талабын орындамайды» деп, құйқылжытады Кеңеске қатысқандар. «ДХР мен ЛХР Киев үшін территория, ал біз үшін өз азаматтарымыз» деп, жаман көздерін және бажырайтады. Шығып сөйлеушілер оң жағында отырған Путинге емес, сол жағында отырған көпшілікке қарағыштай береді. Соған қарағанда олар бұның алдында Путинмен сөздерін пісіріп алған тәрізді. Ал Путин болса, «мен сіздермен арнайы, тағы айтам, арнайы оңаша сөйлескен жоқпын, сіздердің пікірлеріңізді алдын ала сұрамадым, сондықтан, ашық айтыңыздар» деп, мәселені алдын ала пысықтап қойғансиды. Бұл оның ертеңгі өз жағдайын, қара басының жайын ойлағаны тәрізді. Ертеңгі күні әлдеқандай жағдай бола қалса, «кінәлі мен ғана емес, Кеңес мүшелерінің барлығының пікірі осы» деуге жақсы. Кеңес барысын жария түрде эфирге шығарғаны да, тіпті, Сыртқы істер министрі мен Қарулы күштер министрін және т.б. бірнеше шенеунікті екі реттен пікір айтқызғаны да соның қамы деуге болады.

«Ресей Украинаға отыз жыл бойы еш жамандық жасаған жоқ» деп, жұрттың көзін бақырайтып қойып мәлімдегенін арсыздық демеске шараң жоқ. Біреудің қытығына тиіп кетпей ме деп, тіпті де, қымсынбайды-ау, сабаздар! Иә, бұлардың мұндайға бойлары әбден үйренген. Кәдімгі орыстық шовинизм ғой.
«Украинаға сырттан күніне бірнеше рейс қару келеді» дейді, тағы біреуі. «Ол қорғаныс қаруына ұқсамайды. Бұндай жағдайда Минск келісімінің орындалуы мүмкін емес. ДХР мен ЛХР халқы бізден үміт күтеді. Ал біз сол үмітті ақтауымыз керек» деп, шімірікпей мәлімдейді.

«Дәл қазір Ресейдің Украинамен шекарасы бір деп айтуға болмайды. Ол Украинның шекарасы емес, ол АҚШ-тың шекарасы. Өйткені қазіргі Украинаның қожасы АҚШ. Сондықтан, ол екі халықтық республиканың тәуелсіздігін тануымыз керек, одан әрі өз отанымызды қорғаймыз» деп, Росгвардия директоры Золотов Виктор Васильевич мәселені төтесінен қойып, президентін ырза етіп тастады.

Иә, иә, Путиннің сасық ойы – Украинаның Ресеймен шектесетін жанға жайлы екі облысын өздеріне басы байлы қосып алу. Басқа ештеңе емес. Оны Ресейдің сыртқы барлау қызметінің бастығы Сергей Евгеньевич Нарышкин кекештеніп тұрып айтып та қойды.

Жақында Луганскіде жаппай чебурек пісіріле бастайтын сияқты. Бірақ, ол баяғы мен білетін ыстық майға қуыратын чебурек емес, басқа…

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ

Abai.kz