Жандарбек Бұлғақов: Халыққа адал қызмет етемін дейсіздер. Бірақ халықтың тілінде сөйлей алмай жатсыздар
Айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов күні кеше ант беру рәсімінің мәтінін айта алмаған депутаттарды сынға алды. Оның сөзін көпшілік қолдап, депутаттардың халық тілінде сөйлей алмауын ұят деді.
«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мен тұтастығын нығайтуға, оның Конституциясы мен Заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін!». Бар болғаны осы 4-5-ақ сөйлемнен тұратын кішігірім мәтінді бүгін елдің елеулісі, халықтың қалаулысы деген депутаттарымыз айта алмады. Ант беру рәсімінде дал-дұлын шығарып, каша қылып жібердіңіздер ғой, құрметті депутаттар», — деді айтыскер.
Сондай-ақ, ол ант мәтінінің алдын ала берілетінін депутаттардың бетіне басты.
«Депутаттарға халық тағдырын сеніп тапсыра ма? Әлде әліппені қайтадан өту керек пе мен түсінбедім. Ант беру рәсімінде сіздер антты бұзып тұрсыздар ғой. Халыққа адал қызмет етемін дейсіздер. Бірақ халықтың тілінде сөйлей алмай жатсыздар. Аяқ астынан сөз келіп қалса түсінемін. Адам аяқ астынан сасып қалуы мүмкін. Бірақ сіздерге «Ертең сағат осындайда, осындай жерде ант беру рәсімі өтеді деп айтатын рәсімдеріңізге дейін алдын ала берілді, берілмеді емес. Ол ақымақ адамға да түсінікті. Сол үш-төрт-ақ сөзден тұратын мәтінді мыңқ-мыңқ, быдық-быдық демей халықтың көзіне қарап шын жүректен ан беруге болатын еді. Мына тірліктеріңіз үшін сіздер ұялу керексіздер», — дейді Жандарбек Бұлғақов.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Видеоны желідегі парақшасында бөліскен Дәулет Мукаев «Соңына дейін көріңіздер. Біраз күліп те алдым… Негізі күлетін нәрсе емес. Жылау керек! Олар үшін мен ұялып отырмын. Қайырлы түн!» деп жазды ол.
Желі қолданушылары да депутаттардың 4-5 сөйлемді қазақ тілінде жөндеп айта алмағанына ашуға мінді.
«Мен бұларға дауыс беруге ант етемін», «Жүректен шығатын сөздерге бүйректен сирақ шығарып отырған осыларға бала-шағамыз бен болашағымызды қалай сеніп тапсырамыз????», «Мынадан кейін күліп ұйықтаймыз ба? Жылап ұйықтаймыз ба? Ең бастысы еліміз тыныш, халқымыз аман болсынша» деп жазды желі қолданушылары.